ИИДМ бұйрығы заңсыз деп танылды
ИИДМ бұйрығы заңсыз деп танылды
©Турар Казангапов
Бас көлік прокуратурасының наразылығы бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 2021 жылғы 8 маусымдағы «Жаппай қауіп» терминін айқындау жөніндегі ұсынымды бекіту туралы» заңсыз бұйрығының күші жойылды.
Бас көлік прокуратурасы таратқан хабарламада, бұл бұйрық Мемлекет басшысының шағын бизнесті тексеруге мораториін айналып өтіп, автомобиль, теміржол және су көліктері саласындағы кәсіпкерлердің қызметіне негізсіз араласуға мүмкіндік берген. Мораторидің күші халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, заңдылық пен қоғамдық тәртіпке жаппай қатер төндіретін субъектілерге қолданылмайды. Аталған актіде қызметі «жаппай қауіпке» ұшыраған микро және шағын кәсіпкерліктің 45 түрінен тұратын тізім болғаны белгілі болды. Мұндай қауіпке көлік құралдарын техникалық тексеру, тахографтарға электрондық карточкаларды дайындау және беру, такси қызметтерін көрсету бойынша жергілікті атқарушы органдарға бизнестің басталғаны туралы хабардар етпеу жатқызылған. Бұл құқықтық акт саны шектелмеген кәсіпкерлердің мүдделерін қозғауына қарамастан, әділет органдарында тіркеуден өтпеген.
«Құқықтық актілер туралы» Заңның 19 және 51-баптарына сәйкес мұндай актілердің күшіне енуінің қажетті шарты – мемлекеттік тіркеу болып саналады. Көліктегі кәсіпкерлер құқығының кез келген бұзушылықтары туралы Бас көлік прокуратурасының мобильді тобына хабарлауды сұраймыз: 8 7172 712251, 8 7172 301910 және 8 701 990 06 65», - делінген хабарламада.