Нұр-Сұлтан полиция департаментінің хабарлауынша, 11 қазанға қараған түні сағат 01.24-те «102» нөміріне Мағжан Жұмабаев көшесіндегі клубтың жанында төбелес болғаны туралы ақпарат түсті. Оқиға орнына полиия жасағы келді, алайда төбелес фактісі расталған жоқ. Анықталғандай, жастар мас болған.
Полиция бөліміне жеткізу кезінде бұзақылар автобустан қашып шыға бастады. Барлығы ұсталып, Алматы ауданы полиция басқармасына жеткізілді, – делінген полиция департаментінің хабарламасында.Қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін оларға қатысты әкімшілік өндіріс қозғалды. Сонымен бірге құқыққорғаушылар клуб әкімшілігінің карантинді бұзғанын анықтады. Жиналған материал әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жіберілді.