Әжесінің айтуынша, оны ақша тауып бере алмағаны үшін сотқар сыныптасы мектептің дәретханасында ұрып-соққан. Жарақат алған бала бірнеше күн ауырып, ауруханада көз жұмған. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Тұңғыш немересі Рамазан өткен жұма күні мектептен соққы алып келген. Денесі ауырсынып, демалыс күндері дәрінің көмегімен әрең жүріпті. Ал дүйсенбі күні ауырып тұрса да, мектепке кеткен бала үйге келісімен тағы құлайды. Әдетте, ешкімге шағымданбайтын Рамазан сол күні әжесіне сотқар сыныптасынан таяқ жегенін жайып салыпты.Рамазан оқыған №18 мектеп-гимназиядағы әлімжеттікті мектеп директоры жоққа шығарды.Марқұмның әжесі Гүлнар Маханова: «Оны дәретхананың ішінде ұрыпты. Дәретханаға кіргенде, бұл да кіріп, ұрған. Басынан қатты соққы алған. Басына қан ұйыпты. Тамыры қысылып қалған деді. Бүйрегі де ісіп кеткен. Ата-аналар, көп адам айтады екен. Жуас балалардан тиын-тебен алады екен. Ана бала: «мен осы сыныптың атаманымын» дейді екен. Атаманға ақша беру керек екен. Қазір сонда әлімжеттік боп тұр ғой», – дейді.
Мектептің іші-сыртына түгел бейнебақылау камерасы орнатылған. Бірақ жұма күні дәретхана маңындағы камера істен шыққан дейді директор. Тіпті, таспаны кері айналдыруды білетін мектепте маман жоқ деп құтылды. Десе де бұл істі қазір полиция тексеріп жатыр.Ж.Еділбаев атындағы мектеп-гимназияның директоры Уәлихан Бесімбаев: «Соққы жеді деген болған жоқ. Бірақ солай айтылған. Бірақ, біз, міне, ата-аналармен де жұмыс жасалынды. Бізге айтылғаны - сынып жетекшісін бізден ауыстырып, шамалы қаталдау, талапшыл сынып жетекшісін қойсаңыз деген ұсыныс айтып кетті. Ондай бір баламыздың жағдайына қорқамыз немесе мынадай деген мәселе болған жоқ», – дейді.
Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова: «Түркістан қаласы Полиция басқармасының қызметкерлерімен тексеру жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Сараптама қорытындысы бойынша заң шеңберінде нақты шешім қабылданады», – деді.
Құрсақта жатқанда әкесіз қалған Рамазанды әжесі бауырына басып, өз ұлындай өсірген екен. Енді небәрі он жасар немересінен айырылған әжесі құзырлы орындардың барлығына шағым түсірмек.