Нұр-Сұлтанда жастарға арналған «Elorda Jastary» арнайы Тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтінімдер қабылдау басталды. Құжаттар 21 қазанға дейін қабылданады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Жеңілдетілген несие беру бағдарламасын елорда әкімдігі «Отбасы банк» АҚ-мен бірлесіп, медицина, педагогика саласының қызметкерлері, мәдениет, әлеуметтік сала, коммуналдық кәсіпорындар мен елорда мекемелерінің, полиция және ТЖ департаменттерінің қызметкерлері, жаттықтырушылар мен спортшылар-оқытушылар, журналистер және т.б. 35 жасқа дейінгі (35 жасты қоса алғанда) жастарға береді.«Аталған Тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға әкімдіктің 2021-2023 жылдарға арналған «Elorda Jastary» бағдарламасы көмектеседі. «Elorda Jastary» бағдарламасы жастарға, соның ішінде тұрғын үй желісі бойынша толық қолдау көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар, бағдарламасында білім беру, жұмыспен қамту, бос уақытты өткізу және т.б. бағыттар бар. Бұл Тұрғын үй бағдарламасының міндетті шарты - Отбасы банкінің салымшысы болу (1.8 млн. теңгеден кем емес депозиті болу керек)», - делінген әкімдік хабарламасында.«Elorda Jastary» бағдарламасының шарттары келесідей:
- Қарыз сомасы 18 млн теңгеге дейін;
- Пайыздық мөлшерлеме - жылдық 5% ;
- Бастапқы жарна 10%;
- Несиелеу мерзімі 25 жылға дейін;
- Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (бала туу, неке қию, некені бұзу және т.б.);
- Өтініш берушіге және Қазақстан Республикасы бойынша отбасының барлық мүшелерінде жылжымайтын мүліктің болмауы (болуы) туралы анықтама;
- Ұйымның/мекеменің фирмалық бланкісінде анықтама берілген күні, шығыс нөмірі, жұмысқа орналасқан күні және атқаратын лауазымы мен лауазымдық жалақысы көрсетілген жұмыс орнынан берілген анықтама. Ресми бланк болмаған жағдайда анықтамада ұйымның мөрі болуы тиіс;
- Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар (қызметтік тізім, еңбек кітабы немесе т.б.);
- Еңбек қызметінің барлық кезеңі үшін зейнетақы аударымдары туралы үзінді-көшірме ерлі-зайыптылардың екеуіне де (жұбайы (зайыбы);
- Егер болса: өтініш берушіге немесе оның отбасы мүшелеріне (жұбайы, балалары) мүгедектігі туралы анықтама;
- Депозитте жинақталған соманы көрсете отырып, «Отбасы банк» АҚ-да депозиттік шоттың болуы туралы анықтама (ерлі-зайыптылардың екеуіне де, жинақталған сома 1.8 млн теңгеден кем болмауы тиіс);
- Жұмыс істейтін ерлі-зайыптылардың екеуінде де соңғы 6 айдағы табысы туралы жұмыс орнынан анықтама болуы тиіс;
- Жоғары немесе орта арнаулы білімі туралы құжат.