«Nur Otan» Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша өңірлерге сапарын жалғастыруда. Бүгін ол Маңғыстау облысында сайлауалды уәделердің орындалу барысымен танысты.
«Маңғыстау облысында жыл басынан бері 18 мектепке дейінгі мекеме ашылды. Сапар барысында Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов атындағы ауылда жеке инвестиция есебінен ашылған «HADIYA» балабақшасында болдым. Тәрбиешілермен бірге ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жас отбасыларға тұрғын үй салу, ауыл округтерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және өзге де мәселелерді талқыладық», – деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.Бұдан кейін Ақшұқыр ауылында Бауыржан Байбек «Сүлеймен» жаңа спорт кешенін аралады. Кешенде жастар үшін күрес, дзюдо, каратэ, көркем гимнастика, жүзу және т.б. спорт түрлері қолжетімді. Партия Төрағасы Бірінші орынбасарының айтуынша, жалпы сайлауалды бағдарлама аясында биыл өңірлерде 127 мыңнан астам спорт секциясы ашылып, 22 мыңнан астам балалар үйірмелерінің жұмысы қайта жанданған. Жаттықтырушы-оқытушылардың жалақысы 1,5 есе өскен, ал 2023 жылға қарай 2 есе артады.
«Филиал басшылығының алдына әрбір аудан мен қалада сайлауалды міндеттемелерді сапалы орындау, фракциялар мен қоғамдық кеңестер жұмысын жандандыру, сондай-ақ, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері арқылы тұрғындардың мәселелерін шешудің тиімділігін арттыру міндеттері қойылды», – деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.Партияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, сапар барысында Бауыржан Байбек еліміздің батыс өңірлерінде: Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында сайлауалды уәделердің іске асырылу барысын онлайн форматта талқылаған.