Оңтүстік астананың осы жылғы ең әдемі аруы белгілі болды. «Алматы аруы-2021» атағын 26 жастағы студент Азиза Тоқашева иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Байқау жеңімпазы атанған Азиза Тоқашева Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университетінің магистратурасында оқиды. Мамандығы — менеджмент-маркетинг. Азиза бала күнінен халық билерімен айналысады. Сонымен қатар, әлеуметтік және қайырымдылық жобаларға белсенді қатысады. Азиза Тоқашева халықаралық жарыстарға бірінші рет қатысып отырған жоқ. Ол Филиппинде өткен Miss Intercontinental 2018 сұлулық байқауында Қазақстанның атынан шықты. Өзбекстанда өткен Miss Union Fashion-2019 IV халықаралық байқауының жеңімпазы атанды. Айта кетейік, биыл алғаш рет өңірдегі байқаулар онлайн өтіп жатыр. Қазылар алқасында актер Тәуекел Мүсілім, әнші Мәдина Сәдуақасова, «Қазақстан Аруы – 2013» иегері Айдай Исаева, KFW негізін қалаушы, дизайнер, стилист AlexChzhen бар.