Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің 6 қызметкеріне қатысты ҚР ҚК-нің 146-бабы 3-бөлігіне (сотталған адамды азаптап, абайсызда өлтіру) сәйкес іс қаралды. Сонымен бірге бопсалау, қызмет бабын асыра пайдалану арқылы пара алған А. есімді азамат сотталды.
2019 жылдың 18 маусымында ОВ-156/2 мекемесінің қызметкерлері алдын-ала сөз байласып, жәбірленуші К.-ны ұрып-соққан. Ауыр дәрежедегі дене жарақатын алған ер адам сол жерде көз жұмды. Өз қылмыстарын жасыру үшін олар тағы екі сотталғанды мәжбүрлеп, мәйітті тәртіптік изолятор камерасына жеткізді. Полиция қызметкерлеріне К.-ның өз-өзіне қол жұмсағандығын айтқан, – делінген ақпаратта.Ал А. есімді түрме қызметкерінің 2018 жылдың 14 маусымында сотталған адамның анасынан пара ретінде автокөліктің 76 000 теңгелік жазғы шиналарын алғаны анықталды. Белгілі болғандай, ол сотталғанды өз туысының үйінде баспалдақ жасауға мәжбүрлеген.
Сот үкімімен сотталғанды өлтірген түрменің 6 қызметкері 5, 7 және 8 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Ал пара алған айыпталушы 7 жыл мерзімге темір торға қамауға алынды. Сотталушылардың барлығы мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқығын 3 жылға айырылды, – делінген хабарламада.