Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты, - деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы бейнебайланыс режимінде өтті.– Қазақстан Ресей Федерациясы сияқты өз вакцинасын – QazVac екпесін әзірлей алды. Вакцина Қазақстанда жаппай салынуда. Қазір оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеу үдерісі жүріп жатыр. Қарағанды қаласында ресейлік Спутник-V вакцинасын өндіру жөніндегі жобаны пандемия кезеңіндегі интеграциялық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі деп санаймын. Біз пандемияны сәтті еңсеру үшін күш-жігерімізді одан әрі біріктіре түсіп, ғылым мен фармацевтика салаларындағы бірлескен жобаларды әзірлегеніміз жөн. Сондай-ақ, қажет болған жағдайда, санитарлық-эпидемиологиялық режим орнату жөніндегі іс-қимылдарымызды үйлестіруіміз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
– Бүгінде Жер шарының әрбір оныншы тұрғыны, яғни 700 миллионнан астам адам азық-түлік тапшылығының зардабын тартып отыр. Әрине, біздің елдеріміздегі ахуал айтарлықтай жақсы. Бірақ нарығымыз әлемдік бағаның қымбаттауына байланысты туындаған қысымды қазірдің өзінде сезінуде. Проблеманың өзектілігі жылдан-жылға арта береді. Бұған жауап ретінде Еуразиялық экономикалық комиссия Одаққа мүше елдермен бірлесіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ қағидаттары мен әдістерін әзірледі. Құжатта азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге, тапшылықтың пайда болу қаупін азайтуға, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенінде пайдаланылатын материалдық-техникалық ресурстардың импортын алмастыруға бағытталған шаралар қамтылған. Аталған құжаттың маңыздылығын ескере отырып, оны Кеңестің Алматыда өтетін отырысында бекітуді ұсынамын. Құжат жүйелі әрі іс-жүзіндегі ықпалдастыққа және нақты әлеуметтік-экономикалық нәтиже шығаруға негізделуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.
– Тараптар Бағдарламалық құжатты жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын – 2025 жылға дейінгі өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын мақұлдады. Біз бұл бағытта Ресей Федерациясымен жүйелі түрде ынтымақтаса жұмыс істеп жатырмыз. Тек соңғы 2 жылдың ішінде бірқатар ірі өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асырдық. Атап айтқанда, «Лукойлмен» бірлесіп жағармай материалдарын шығаратын зауыт, «КАМАЗ-бен» бірлесіп автомобиль бөлшектерін шығаратын екі жоба, «Татнефтьпен» бірлесіп дөңгелек шығаратын зауыт және басқа да бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Алайда, Одаққа мүше өзге елдермен арадағы өнеркәсіптік ынтымақтастықтың әлеуеті әлі пайдаланылмай отыр. Ірі әрі өзекті инвестициялық жобалардың жетіспеушілігі байқалады. Үкіметтерге интеграциялық ықпалдастықтың осы бағытын күшейтуді тапсырған жөн, – деді Қазақстан Президенті.
– Одаққа мүше мемлекеттер инфрақұрылымдық және көліктік жобалардың топтамасын дайындады. Олардың жүзеге асырылуын жеделдету ғана емес, сондай-ақ трансшекаралық тауарлардың легіне көрсетілетін қызметтер үшін оңтайлы тарифтік баға жасау да маңызды. Біздің көліктік ведомстволарды мейлінше тығыз ынтымақтастық жасауға тағы да шақырамын. Бұдан бөлек, Комиссия тараптармен бірлесіп, көлік дәліздеріне, кедергілерге, шекарадағы кептелістерге кешенді сараптама жасап, келеңсіздіктерді жоюдың нақты шараларын ұсына алар еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
– Израиль, Египет, Үндістан елдерімен еркін сауда-саттық туралы келісім жасау жөнінде келіссөздердің жүргізіліп жатқанына 5-6 жыл болды, ал Моңғолия мен Индонезия нарықтары екі жылдан астам уақыттан бері зерттелуде. Комиссия келіссөздер үдерісін жылдамдатып, өзге елдермен сауда-саттық жөнінде ынтымақтастық орнату үшін ұсыныстар дайындағаны жөн болар еді деп ойлаймын. Бұл жұмыстардың біршама кешеуілдеуі пандемияға байланысты екені түсінікті. Бірақ осы күрделі жағдайдан біртіндеп шығып, келіссөздерді тездетуге болар еді. Шанхай ынтымақтастық ұйымымен арадағы ықпалдастықты да арттыру маңызды. Бұл бағытта алғашқы және аса маңызды қадам жасалды. Биылғы қыркүйекте Еуразиялық экономикалық одақ пен Шанхай ынтымақтастық ұйымы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ендігі жұмыстар нақты іске асырылатын бағытта жүргізілуі керек. Жаңа сауда бірлестігі – Жан-жақты қамтылған өңірлік экономикалық серіктестікпен өзара іс-қимылдардың жолдарын пысықтаған жөн болар еді, – деді Мемлекет басшысы.