Бақшадан алма теруге шыққан Төлеби ауданының тұрғыны ток ұрып қайтыс болды – видео
Бақшадан алма теруге шыққан Төлеби ауданының тұрғыны ток ұрып қайтыс болды – видео
Фото: massaget.kz
232
оқылды
Тұрғындардың айтуынша, бүгінде орнатылғанына 50 жылдан астам уақыт болған тіреуіштер шіріп, құлайын деп тұр. Ал тартылған сымдар ағаш бұталарымен араласып кеткен екен. Бағаналарды жаңартып, жол жиегіне шығарып бер деп аудан әкімдігіне талай рет барғанмен, нәтиже шықпаған. Бұл туралы Оtyrar.kz хабарлады. Қайғыдан қан жұтқан Тоғызалиевтер отбасында бүгін қаралы күн. 6 баланы тәрбиелеп отырған отағасы Керімжан бүгін тұңғыш ұлының құдалық тойын өткізбек болған. Алайда күні кеше екінші перзенті Азамат Тоғызалыны ток ұрып, ажал құшты. Дүбірлі той жасаймыз деп отырған жанұя ойламаған сәтте үйінен ет бауыры баласының жаназасын шығарды. Тойға қамданған Азамат үй маңындағы бақшадан досы екеуі алма термек болады. Сол сәтте ағашқа жақындау барған екеудің қолындағы темір саты байқаусызда тым төмен орналасқан баған сымына тиіп кетеді. Сол мезетте ток ұрып құлаған Азаматтың өміріне араша түспек болған туыстары оны үш сағат шамасында топырақ астына көміп те көрген. Жұмағали Есмұрзаев, Жоғарғы Қасқасу ауылының тұрғыны: «Алғашқы әрекеті құлаған кезде баламды да ұшырып жіберген ғой мына жерге, тұрдым да дейді. Су алып келемін дегенше, уже кетіп қалған дейді. Сонымен айқайлаған дауысын естіп, біз мына жақта отырғанбыз. Жүгіріп келдік. Балам да өзі шок боп қалған, баланың еріндері көгеріп кетті алғашқыда. Сонымен мына тұрған жерімізге сасқанымыздан көмдік ол баланы. Саз тартады дегендей. Енді жоқтау жоқтап отырмыз, бүгін құда күтіп, той береміз дегенде осындай боп жатыр». Марқұмның әкесі жерден небәрі 4 метр биікте орналасқан жоғары кернеулі электр сымын басқа жерге ауыстырыңдар немесе сәл жоғарырақ қойыңдар деп ауыл мен аудан әкімдігіне талай рет барып, табалдырығын тоздырғанын айтады. Керімжан Тоғызалыұлы, марқұмның әкесі: «Енді білмеймін, бұдан кейін не істеуге болады екен, ләжі болса, ананы құртыңыздар. Құртпайсыздар ма, өзім аралап тастаймын ағашты, жерде жатсын. Қанша жылдан бері айттық, 5-10 жыл көлемі де боп қалды. Келіншегім көпбалалы, барды, арыз жазды. Анаған барды, мынаған барды, ешкім құлақ асқан жоқ. Нәтиженің соңы мынау қайғыға ұшырап отыр». Жоғарғы Қасқасу ауылында жөну түзу электр бағаналары жоқтың қасы. Көбісінің қойылғанына 50 жылдан астам уақыт болған. Бағанның ағаш діңгектері шіріп, құлауға шақ тұр. Ал жаңбыр жауған кезде ағаш бұталармен араласып кеткен сымдар тұйықталып, одан жарқылдар пайда болады екен. Жарылқасын Мырзахметов, Жоғарғы Қасқасу ауылының тұрғыны: «Жарық бағандары 1969 жылдан бері тұр. Мына ағаш әншейін зорға дегенде тұр. Былайша айтқанда, анау линия ұстап тұр. Егер бұл үзілетін болса, мына жерден қаншама оқушы өтеді, жүздің үстінде оқушы өтеді. Бәрі қырылады ғой үстіне түссе, бітті. Мына жақта застава бар, ана жақта демалыс орны бар. Сол жаққа дейін кетеді, мына линияның бәрі бітті, ауыспаған. Шіріп біткен». Жергілікті әкімдік оқыс оқиғаға ауыл тұрғындарының өзін кінәлап отыр. Мейіржан Дүйсебаев, Жоғарғы Қасқасу ауылдық округі әкімінің орынбасары: «Жарық бағандары негізінде бұлардың қорасына дейін салынған, қора кейін салынған. Үйлері де кейін салынған. Ілгеріде шарбақтан қоршап алған. Сөйтіп, легализациямен алып, құжаттарын туралап алған. Көбісі, бәрі болмаса да, біразы кінәлі». Бағандар бас ауруына айналған ауыл басшылығы мұнда біраз мәселе қаражатқа тіреліп отыр дейді. Айтуынша, келер жылы қаржы бөлінсе, ауылға жаңа 30 электр бағаны орнатылады екен. https://www.youtube.com/watch?v=uAdruSfTo7c