Министрдің дегені болмады
Министрдің дегені болмады
188
оқылды

Үкімет онсыз да аз су ресурсын мыңдаған өнеркәсіптік кәсіпорынның шығындауын бақылаудан шығаруға ниеттеніпті. Депутаттар бұған қарсы шықты. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста бірқатар жаңа заң жобасы құпталды. Соның ішінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәсе­ле­леріне арналған жоба бірінші оқылымда мақұлданды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, құжаттың негізгі мақсаты – ЖІӨ-нің энергия шығындылығын төмендету үшін энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы саясаттың түпкі нәтижесіне қол жеткізу. Заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс депутаттарын құжаттағы кейбір түзету тіксінтті. Мысалы, министрлік Мемлекеттік энергетикалық тізілімдегі субъектілерді суды тұтыну және шығын ету мәліметтерін уәкілетті органға ұсынып отыруға міндеттейтін нормаларды осы заң жобасы арқылы қолданыстағы заңнамадан алып тастамақ. Ведомство осы тізілімдегі алпауыт компанияларды жыл сайын су тұтыну көлемін азайту міндеттемесінен босатуды да ұсынды. Депутаттардың байламынша, бұл нормаларды жоймай, кері қайтарған жөн. Мәжіліс Төрағасы аталған мәселенің, әсіресе қазіргі климаттық өзге­ріс­тер, су тапшылығы және қуаңшылық жағдайында аса өзекті екеніне назар аудартты.
– Министрліктің ұсынысын қабылдасақ, онда қалалық су арнасы жүйелерінен су тұтынатын мың­даған өнеркәсіптік кәсіпорын, коммерциялық және бюджеттік ұйымдар бақылаудан тыс қалады. Бұл дегеніміз – олардың суды қалай шығындайтынын, ұтымды пайдаланатынын, әлде босқа рәсуалайтынын ешкім білмейтін болады деген сөз. Бұған жол беруге болмайды. Сондықтан заң жобасы суды тұтынуға бақылау жасау жүйесін қарастыруы тиіс, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.
Қолданыстағы су тұтынуды бақылау жүйесін сақтау туралы депутаттардың ұсынысын қолдаған Н.Нығматулин жұмыс тобына екінші оқылымға дейін заң жобасын әзірлеушілермен бірге осы мә­селені пысықтауды тапсырды. Жиында депутаттар «Қылмыстық кодекске өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат ұлттық заңнаманы қабылданған халықаралық құқықтық міндеттемелермен үндестіруге бағытталған. Құжат елде өлім жазасын жоюды көздейді. Бұл жоғарғы жаза тек соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар үшін кінәлі деп танылғандарға қолданылады. Сонымен қатар депутаттар 2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан және Ресей арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялайтын заң жобасын құптап, Сенатқа жолдады.

Айхан ШӘРІП