Сәкен Бибосынов: «Өзге спортшылар секілді саясатқа кетпеймін»
Сәкен Бибосынов: «Өзге спортшылар секілді саясатқа кетпеймін»
330
оқылды

Биыл жазда өткен Токио Олимпиадасында әлі елге таныла қоймаса да, ұлттық құрама қоржынына жүлде салған жастардың есімі шықты. Солардың бірі – бокстан Олимпиданың қола жүлдесін иемденген Сәкен Бибосынов. Жанкүйерлердің ерекше қошеметіне бө­леніп, Олимп шыңын бағындыруға бір қадам қалғанда сүрінген жастың еріксіз жас төккеніне де куә болдық. Дегенмен боксшының алға қойған мақсаты көп. Әлі де еліміздің Туын талай байрақты бәсекеде желбіретуді арман етеді.

Бүгінде Олимпиада жүлдегері жастармен кездесіп, өз тәжіри­бе­сімен бөлісіп жүр. Осы орайда біз де боксшының әңгімесін тыңдап, шағын сұхбатын оқырман на­зарына ұсынбақ ниеттеміз. – Әуелі Токиодағы кездесу­лерге жеке тоқталсақ. Жартылай финалға дейін сүрінбей жетіп, финалға жолдама үшін таласта ұлыбританиялық Джалал Яфаиға есе жібердіңіз. Бірақ төрешілердің бұл шешіміне наразылық танытып, сізді жеңімпаз деп білгендер көп болды. Өзіңіз қалай ойлайсыз, әді­летсіздіктің құрбаны болған жоқ­сыз ба? – Қарсыласыма бірінші раунд­та есе жібергенімді білемін. Қалған раундтарда басым түс­кен­дей болдым. Төрешілер жеңісті қарсыласыма беріп қойған соң шешіммен келіспей апелляцияға берген едік. Алайда бұл әрекеттен түк шықпады, шешім өзгеріссіз қалды. Олимпиадаға жайдан-жай баруға болмайтыны белгілі. Басты мақсат – алтын медаль алу еді, бірақ бұйырғаны қола жүлде болды. Оған да шүкіршілік еттік. «Шын мықтыға тұсау жоқ» деп айтамыз ғой. Бапкерлеріміз «бір бас жоғары бол» дейді тағы. Десе де, спортта әділетсіздік те жиі кез­деседі. Жеңіліс бар жерде жеңіс те болады. Жеңілістен соң өз-өзіңді қайрап, келесіде тау мен тас қо­парардай күш аласың. Сондықтан ол жеңіліс маған сабақ болды. Қола жүлде маған алтыннан да қайырлы болған шығар. – Келесі жазғы Олимпиада ойыны 2024 жылы Франция аста­насы Париж қаласында өтпек. Осы төртжылдықтың додасына қаты­суды жоспарлап жүрсіз бе? Ендігі дайындық басталса керек. Көп боксшы олимпиададан жүлде ал­ғаннан кейін кәсіпқой боксқа ауысып жатады. Әлде кезекті олимпиаданы күтпей-ақ кәсіпқой боксқа кетесіз бе? – Осы қарқынымыздан қайт­пасақ, алдағы Париж Олимпиа­дасына да қатысуды жоспарлап отырмын. Бұйырса, сол додада атой салып, алтын жүлде аламын деген сенімім бар. Қазірден-ақ дайындықты бастауға көштік. Ешнәрсе оңай емес, тынымсыз еңбекті қажет етеді. Содан кейін жеке бапкерлеріммен ақылдасып, 2024 жылы олимпиадада діттеген мақсатыма жеткен соң кәсіпқой боксқа ауысып, бақ сынағым келеді. – Жалпы, Токиода жанкүйер­лер ең басты үміт артқан спорт түрі бокс болатын. Кемі ұлттық құрама қоржынына 2 алтын салар деп дәмелендік. Бірақ нәтижені көрдік, халық тарапынан көп сын айтылды, күйініп жатты. Сіздің ойыңызша, барлық боксшының сәтсіздігіне не себеп болды? – Ең алдымен айтарым – олим­пиадаға барған сегіз бокс­шының барлығы да әлем бірін­шіліктерінде топ жарып жүрген мықтылар. Әлсізі жоқ, бәрі де ірік­теліп шыққан. Менің ойым­ша, әркім кінәні өзінен іздеуі ке­рек тәрізді. Жаттығу жұмыста­рын жүргізуде қателіктер болға­нын жасыра алмаймын. Менің жұмысым – бапкерлерге сын айту емес, шаршы алаңда өнер көрсету. Байқаған нәрсем, физикалық тұр­ғыда дайындық нашарлау болды. Бізді жарыстан-жарысқа, жиын­нан-жиынға үздіксіз қа­тыстыра берген соң олимпиадаға қатыс­қанда көпшілігі шаршап қалды деп ойлаймын. Спорттың ауыр­лығын, қиындығын бастан өткер­меген соң отырып сын айта беруге болады. Бірақ Қазақстан бок­сы­ның бәсі бәрібір биік. Оны алдағы уақытта дәлелдеу үшін боксшылар аянбай еңбек етеді. – Көп спортшы қайталайтын бір әдет бар. Кейбіреуі олимпиада немесе әлем чемпионатының жүл­дегері атанған соң саясатқа ара­ласып жатады. Әрине, әркімнің таңдау еркі өзінде, ешкімді айыптай алмаймыз. Дегенмен осы үрдіс қанға сіңіп бара жатқан жоқ па? Келешекте сіздің де саясатқа ара­ласып кетуіңіз мүмкін бе? – Мұндай нәрсе бар екенін жасыра алмаймыз. Шыны керек, бізде Олимпиада чемпионы ата­нып, кейін депутат немесе бір жерде бастық болып қызметке барады. Ал кейбір өзге елдің спорт­шыларын қарасақ, 2-3 дүр­кін Олимпиада чемпионы атанып, 4-5 рет әлем чемпионы болып, елі­нің мерейін асырып жатады. Мұн­дай чемпиондар біздің ара­мыздан да шығары сөзсіз. Мық­тылар жетерлік. Менің тілегім – Қазақстан спортында 2-3, тіпті, 4 дүркін олимпиада чемпиондары шықса екен. Саясатқа араласпай, өз білген-түйгендерін жастарға үйретіп, оларды спортқа баулыр еді. Яғни, спортта соңына дейін жүрсе екен. Ал менің әзірге сая­сатқа араласатын ойым жоқ. Кә­сіпқой бокста шыңдалып, әлем чемпионы атансам деген мақ­сат­ты көздеп жүрмін. Одан кейін де балалар мен жасөспірімдерге біл­ген-түйгенімді үйретіп, бап­кер­лікпен айналысатын болармын. – Бәлкім, оқырмандарға қызық болар, үй болып, отбасын құрдыңыз ба? Отбасылық өмір спорттық мансапқа қалай әсер етуі мүмкін? – Алдағы уақытта шаңырақ құру ойда бар. Өз кезінде бола жатар. Менің айтқым келетіні, елі­мізді күллі әлемге бірге та­нытсақ екен. Бәрі бірлесіп жұмыс істесін, жоспар құрсын. Жоспар­сыз жүрген адам жүгенсіз жүрген есекпен бірдей. Яғни, әркім мініп жүре береді. Сондықтан бәрін жоспарлай білген жөн. Ал арман-мақсатқа жету жолында аянбай еңбек етуіміз тиіс. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Мадияр ТӨЛЕУ