Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде қоғам белсендісі, тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегінің қамауға алынғаны туралы ақпарат тараған еді. Мәселенің мән-жайын анықтап, кейінірек «Nur Otan» партиясының Мәжілістегі фракциясының мүшесі, депутат Ерлан Саиров Facebook парақшасында жазған-ды. Мәлім болғандай, мәселе шешіліп, қоғам белсендісі айыппұл төлейтін болған.
Депутат «Барлық мәселе шешілді. Қазір ол кісі үйінде. Ешқандай проблема жоқ. Тек қоғамдық орында тәртіп бұзғаны үшін азғантай айыппұл төлейтіні бар» деген еді. Оның айтуынша, тіл мәселесіне байланысты кішігірім жанжал Халыққа қызмет көрсету орталығында болған екен. Сол жанжалды біреулер видеоға түсіріп, полицияға шағымданыпты. Бұл оқиғаға байланысты Руза Бейсенбайтегіне хабарласып, мәселенің анық-қанығын білдік. – Руза апай, қанша жылдан бері қазақ тілінің жанашыры болып, шырылдап жүрсіз. Одан бөлек, қандай қоғамдық жұмыстармен айналысасыз? – Көші-қон полициясы пайда болғалы оралмандарды тіркеу үшін жиі барып тұрамын. Тіркеуде барлығы 60-тай адам болды. 3 жыл бұрын барғанымда көші-қон полициясы 28 адам тұр деп, тізімін берді. Басқалары шығып кеткен. Солардың бір бөлігін ХҚКО арқылы, азаматтығын ала алмағандарды көші-қон арқылы тіркеп жүрдім. 2009 жылы «Сарыарқа» газетіне «Оралмандар тұрақты тіркеу таба алмай қиналады» деген мақала шықты. Газетті қолыма алып, Көші-қон басқармасының бастығына кірдім. «Осындай да осындай, қанша жіберсеңіздер де, сонша тіркеймін» деп айттым. Сосын олар тіркеусіз жүргендерді жібере бастады. Кейін адамдардың өздері де бір-бірінен естіп, келе бастады. Ешкімнің меселін қайтармадым.Ал тілге қатысты айтар болсам, осы мәселе алдымнан кесе-көлденең шыға береді. Кейбір басшылар «түзейміз» деп уәде береді, кейбірі «ресми тілде қызмет етуге құқымыз бар» деп айтады. Сосын 2016 жылдан бастап видеоға түсіре бастадым. Бұл да еш әсер етпеді. Кезекті рет барсаң, тағы кілең орысша ақпарат, орыс тіліндегі қызмет қана шығады алдыңнан. Қазақ тіліндегі бланкіні сұрайсың. Кейде тіпті айғайлап аласың...– Кешегі оқиға бәрімізді бейжай қалдырмады. Оқиға неден басталды? – Кешегі оқиға да солай басталды. Сағат 18.00-де ресепшннен бастап орысша қызмет болды. Қазақшасын әрең алдық. Бланктердің де қазақшасын сұрап алдық. Орысша жазылған бланкілерді видеоға түсіріп алып, Е.Әубәкіров деген басшысына бардым. Ол келген балаларды «алқымынан» алғандай, «кімсіңдер, қайдан, не себепті?» дегендей сұрақтармен тықсырып бастады. Шыдамай «тек келген шаруаларыңа қатысты жауап беріңдер» дедім. Бір қағаз дұрыс толтырылмаған соң келесі күні, яғни 7-сі тағы келдік. Осы жолы ресепшнде тұрған қыз қазақша жауап берді. Демек, қазақша сөйлей алады деген сөз. Ал бума-бума бланкілер, үстел үстіндегі көрнекі құралдар сол күйінде орыс тілінде тұр. Тағы арызданып, тағы видео түсіріп, біраздан соң қайта келсем тағы орысша болатынын білгендіктен, ақпараттың барлығын жұлып алдым да, маған «ақшаға тіркейсің» деп жала жапқан, күш қолданбақшы болған бастықтарының алдына тастай салдым. Мемлекеттік қызметкердің бірі «ұлтаралық араздықты тудырмақ болып отырсыз», – деді. 1997 жылы шыққан Тілдер заңының 4-бабында: «Қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi» деп жазылған. Ал оның айтып тұрғаны – осы. Соған қатты ызаландым. Сөздерімнің арасында «қатын» дегенді пайдаланған шығармын, сосын ол «мені балағаттадың» деп арыз түсірген. Әрі «көрнекі ақпаратты жырттың» деген айып тағы бар. Ал барлық видеоларым Facebook парақшамда тұр. – Депутат Ерлан Саиров сіздің азғантай айыппұл төлейтініңізді айтқан еді. Мәселе қалай шешілді? – Сот әлі болмады. Бірақ не үшін 1 тиын болса да, айыппұл төлеуім керек? Жылдар бойы мемлекеттік мекеменің мемлекеттік тілді жолатпай келе жатқаны үшін бе? Керісінше, олар өз қалталарынан қазақша көрнекті ақпаратпен қамтамасыз етуі керек. Неліктен біздің салық төлеушілердің ақшасына тек орыс тілінде көрнекі ақпарат алынуы керек? Қазақтілді бланкілер жоқ емес, бар. Бірақ оларды сұрап алу керек. Басшылығына шағым айтып кеткеннің өзінде ертесіне орыс тіліндегі бланкілер жатты. Сондықтан қандастарға қазақша қызмет, қазақша бланкі ұсынады дегенге сенбеймін. – Әкімшілік іс кейінге қалдырылған секілді. Демек, мұнымен тоқтаған жоқ па? – Иә, тоқтаған жоқ.
Сұхбаттасқан Айым БЕКТҰР