«Кеңестер» қайта оралады
«Кеңестер» қайта оралады
178
оқылды

«Кеңес» термині ресми түрде ел басқару ісіне оралатын болды. Бұл жолы ол ауыл Парламенті түрінде құрылмақ. Оған сайланғандар «Кеңес депутаттары» атанатын болса керек. Сондай-ақ еліміз «кент» сөзінен бас тартуы мүмкін. Себебі мәртебесі нақтыланбаған соң кейде ауылды да солай атай береді, мысалы қалаға айналғанша бірде «Қосшы кенті», бірде «Қосшы ауылы» деп жүрді. Үкімет жергілікті өзін-өзі басқаруды модернизациялаудың келесі кезеңін жариялады.

Неге қол жетті?

Ауылға қатысты реформалардың бұған дейінгі кезеңі нендей нәтиже әкелгені елдің көз алдында. Қазақстанда бюджеттің төртінші деңгейі – ауыл бюджеті енгізілді. Бұған дейін ауылдардың өз бюджеті болмайтын, тек аудан бюджеті аясында қазынашылықта әр ауыл, ауылдық округ және кенттер үшін жеке есепшот ашыла салатын. Енді ауыл басшылары өз қазынасын өзі толтыру мүмкіндігіне ие болды, осы мақсатта бұрын жоғарғы жақ алып қоятын біраз жергілікті салық ауылдық елді ме­кендердің құзыры мен игілігіне қалды­рылды. Жергілікті кәсіпкерлерден жина­латын алым-салық та ауыл бюджетін то­л­тырады. Яғни, қай ауылдың әкімі өз аума­ғында бизнесті түлете алса, сол ау­қатты болады. Нәтижесінде, «миллиардер ауылдарды» кездестіруге болады. Саяси реформалардың президенттік топтамасы аясында алғаш рет ауыл әкімдерін мәслихат арқылы жанама емес, ауылдықтардың тікелей сайлауы жүзеге асты. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы бастамасын Мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында жария еткен-тін. Осылайша, 2021 жылғы 25 шілдеде та­рихта қалатын оқиға болды: аудандық маңыздағы қалалар, кенттер, ауылдар мен ауылдық округтер әкімдерінің сайлауы ұйым­дастырылды. Оған саяси партиялар атынан түскендерді (үлесі 38,2%) және өзін-өзі ұсынушыларды (61,8%) қоса ал­ғанда, жалпы саны 2 297 үміткер қатысты. Бұл ретте елде тіркелген барлық 6 партия өз кандидаттарын ұсынған. Нәтижесінде, бұл президенттік бастама ауылдағы белсенді азаматтарға төл әлеуетін жүзеге асыруға, қабілет-қарымын жарқы­рата көрсетуге жол ашты, ауыл жақта бас­шы-менеджерлердің жаңа формациясын қалыптастыруға үлес қосты. Ал ауылдықтар өз елді мекенінің өркендеуіне тікелей ық­пал етудің жаңа мүмкіндігіне ие болды. Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин айтқандай, мұның бәрі мемлекеттік бас­қару жүйесі жұмысының жаңа әрі ұзақ­мерзімді принциптерін қалыптастырады, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынастардың сипатын сапалы түрде өзгертеді. Сайланған әкімдердің шамамен 50%-ы ешқашан мұндай лауазымды атқармаған тұлғалар екен. Ендеше тікелей сайлаудың енгізілуі ауыл әкімдері корпусын салмақты түрде жаңғыртуға түрткі болады. Сонымен, биылғы 25 шілдеде барлық өңір бойынша жалпы саны 730 ауылдық округтің әкімі тікелей сайланды. Бірақ сайлау жалғасып жатыр: кезінде аудандық мәслихат депутаттары сайлаған ескі әкім­дердің өкілеттік мерзімінің аяқталуына немесе орнынан кетуіне қарай олардың орнына тікелей сайлау өткізіледі. Мысалы, тамызда тікелей дауыс беру арқылы тағы 20-дан астам ауыл жаңа әкімін сайлап алды. Сөйтіп, халық сайлаған әкімдердің жалпы саны 784-тен асқан. Жыл соңына дейін 70-тен астам ауылдық округте әкім сайлау ұйымдастырылмақ. Қорыта айтқанда, 2013-2021 жылдар­ды қамтыған жергілікті өзін-өзі басқа­рудың алдыңғы Тұжырымдамасын іске асыру нә­тижесінде келесі нәтижелерге қол жет­кізілген: біріншіден, аудандық маңызды қалаларда, ауылдық округтерде, кенттер мен ауылдарда жергілікті өзін-өзі басқару (ЖӨБ) органдары ұйымдас­ты­рылды. Жергілікті қоғамдастықтардың жина­лыс­тары мен жиындары құрылып, өткізіледі. Екіншіден, әкімдер сайлана бастады. Үшіншіден, мегаполистер мен облыс әкімдіктерінің жанынан халықпен өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі кон­суль­тативтік-кеңесші органдар ретінде ЖӨБ-тің аумақтық кеңестері құрылды. Төр­тін­шіден, ЖӨБ-тің институцио­нал­дық және экономикалық негіздерін оңтайландырып, нығайтуға бағытталған шаралар кешені қабылданды. Бесіншіден, дербес бюджет, ЖӨБ-тің коммуналдық меншігі енгізілді.

Неге қол жеткізбек?

Қазақстан енді ауыл-аймақтағы саяси жаңғырудың келесі, жаңа кезеңіне кірісуге белсенді. Оның аясында алда сайлау үдерісімен аудандар да қамтылады. 2021 жылғы 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында Мемлекет басшысы Қ.То­қаев кезекті маңызды қадам ретінде 2024 жылы аудан әкімдерінің тікелей сайлауы өтетінін жария етті. Бұл бастама елді демо­кратияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосуы тиіс. Президенттің байламынша, аудан­дар­да сайлау өткізу өңірлерде халық билі­гін орнатудың айқын көрінісі болмақ. Мо­раль қарапайым – ауылда, ауданда тұратын әрбір азамат өзі мен отбасының болашағына өзі жауапты екенін сезінуі тиіс, демек олардың өзі тұрып жатқан елді мекенді дамытуға қатысты пікірі барынша ескерілуі керек. Сонда митинг-шерулерге де, ереуілдерге де аса қажеттілік болмайды, халық өз пікір-ықтиярын сайлау арқылы білдіреді. Жаңғыру аясында ел Үкіметі Прези­дент­тің Жолдаудағы тапсырмасына орай «Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі бас­қару туралы» жаңа Тұжырымдаманы әзірлеп шықты. Реформалар жөніндегі жоғары кеңес қарап, мақұлдаған оның жобасы қазір, 22 қазанға дейін қоғамдық талқыға салынады. Стратегиялық маңызы бар осы құжатта ағымдағы қазақстандық және әлем­дік ахуалдың ерекшеліктері еске­ріліпті. Мысалы, облыс және мегаполис әкім­дерін сайлау қарастырылмаған. Са­рап­шылардың пайымдауынша, ондай сайлау унитарлы мемлекетімізде сепаратизмнің өрістеуіне соқтыруы мүмкін. Аймақ бас­шылары тікелей ел Президентіне бағын­ғаны жөн. ЖӨБ дамуына аудан және одан төменгі әкімдердің тікелей сайлануы да жеткілікті екен. Жаңа Тұжырымдама билікті ары қарай орталықсыздандыруды, ЖӨБ-тің пәрмен­ді жүйесін құруды көздейді. Осы мақсатта «Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» жаңа заң қабылданбақ. Модернизация аясында ауылдық­тар­дың саясатқа араласуының жаңа формат­тары енгізіледі. Әйтпесе, биылғы әкім сайлау ауыл жұртшылығының өз шаруасын бірінші орынға қоятынын көрсетті: халық сиыр сауу, сүтті тапсыру, қой өргізу және басқа да ісін біржақты еткен соң ғана дауыс беру учаскелеріне беттеген. Сондай-ақ ауылдарда жергілікті қоғамдастықтардың жиналыстарына тұрғындарды жинаудың оңай шаруа емес екені анықталды. Ал ондай жиын-жиналыс кейінге ысырыла берсе, бюджет уақытылы бекітілмейді. Сондықтан ЖӨБ ісіне интернет ре­сурсты кең пайдалану жоспарланған. Мы­салы, жергілікті бюджеттерді бекіту, қо­ғам­дық сараптамадан өткізу үдерісін же­тіл­діру, инфрақұрылымдық және әлеу­меттік бастамаларды қаржыландыру ісін жеңілдету үшін тұрғындар арасында он­лайн сауалнама жүргізу тетігі қолданылмақ.

Кеңес кім, әкімшілік кім?

Жаңа Тұжырымдаманың жаңалығы – «ауыл Парламенті» пайда болмақ. «Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын ен­гізу және дербес бюджетті беру енді өкіл­ді орган құруды талап етеді: ол ауыл­дық округті басқаруға оның барлық тұр­ғыны атынан тікелей қатысады. Ауылдық округтерде ЖӨБ-тің өкілді органы – «Кеңес» құрылатын болады. Кеңестің қызметін қамтамасыз етуді ауылдық округ әкімінің аппараты жүзеге асырады. Кеңес мүшелерін ауыл тұрғындары тікелей, 5 жыл мерзімге сайлайды», – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігі. Кеңесті төраға басқарады: ол кеңес мүшелерінің арасынан ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Кеңес «депутаттарының» саны сол ауыл халқының санына байланысты болады. «Ауыл Парламенті» дәл сол ауылдың аумағында ғана күші жүретін құқықтық актілер қабылдайды. Кеңес құзырына жергілікті қоғамдас­тықты дамыту жоспарын бекіту кіреді. Ең бастысы, ауыл бюджетін бекіту және оның орындалуына бақылауды жүзеге асыру аудан мәслихатынан осы кеңеске беріледі. Ол сондай-ақ ауылды абаттандыру, са­нитария, көше саудасы, мерекелік іс-ша­ралар мен конкурстар өткізу мәселелерін реттейтін болады. Айтқандай, әкім аппараты қызмет­кер­лері жалақысының көлемін де кеңес бекітеді. Осы арқылы ауыл депутаттарының әкімдікке беделі жүреді, сөзін өткізе алады. «Бүйте берсеңдер, жалақыларыңды азайтып тастаймын!» деп дәйектеуіне жол ашылады. Мұның сыртында, атқарушы органның жаңа құрылымы – «жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігі» атты пилоттық жоба қолға алынады. Әкімшілік қазіргі әкім аппа­ратының орнына құрылмақ. Жер­гілікті атқарушы (әкімшілік) және өкілді (Кеңес) билік тармақтары қызметінің аражігі, құқықтары мен міндеттемелері, өкілеттік мерзімі және басқа мәселелері жаңа заң жобасында регламенттелетін болады. Алда «кент» мәртебесінің тағдыры анықталуы тиіс. Одан тіпті бас тарту ұсы­нылып отыр. Экономика министрлігінің тұжырымдауынша, кент пен ауыл арасын­да экономика құрылымы, сыртқы келбеті, сондай-ақ тұратын азаматтар саны бо­йынша айырмашылықтар жоқ. Осыған байланысты әкімшілік-аумақтық құры­лымды реттеу мақсатында «кент» ұғымын түзету қажет. Атап айтқанда, «Қазақ­стан­ның әкімшілік-аумақтық құрылысы тура­лы» заңға «кент» санатын алып тастау бө­лігінде өзгеріс ұсынылмақ.

P.S.

Қалай болғанда, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі ауқымды институционалдық өзгеріске ұшырамақ. Бұл ауылдардың гүл­денуі үшін қажетті жаңа «экожүйені» түзеді, ауылдықтардың саяси және эконо­микалық белсенділігін арттырады деп күтілуде. Осы­ның арқасында қазақстандықтардың өзі тұрып жатқан елді мекенді дамытуға деген құлшынысын, ынта-ықыласын туды­рады, патриотизмнің күшеюіне әкеледі, азамат­тардың саяси мәдениетін арттырады.

Айхан ШӘРІП