«Кеңес» термині ресми түрде ел басқару ісіне оралатын болды. Бұл жолы ол ауыл Парламенті түрінде құрылмақ. Оған сайланғандар «Кеңес депутаттары» атанатын болса керек. Сондай-ақ еліміз «кент» сөзінен бас тартуы мүмкін. Себебі мәртебесі нақтыланбаған соң кейде ауылды да солай атай береді, мысалы қалаға айналғанша бірде «Қосшы кенті», бірде «Қосшы ауылы» деп жүрді. Үкімет жергілікті өзін-өзі басқаруды модернизациялаудың келесі кезеңін жариялады.
Неге қол жетті?
Ауылға қатысты реформалардың бұған дейінгі кезеңі нендей нәтиже әкелгені елдің көз алдында. Қазақстанда бюджеттің төртінші деңгейі – ауыл бюджеті енгізілді. Бұған дейін ауылдардың өз бюджеті болмайтын, тек аудан бюджеті аясында қазынашылықта әр ауыл, ауылдық округ және кенттер үшін жеке есепшот ашыла салатын. Енді ауыл басшылары өз қазынасын өзі толтыру мүмкіндігіне ие болды, осы мақсатта бұрын жоғарғы жақ алып қоятын біраз жергілікті салық ауылдық елді мекендердің құзыры мен игілігіне қалдырылды. Жергілікті кәсіпкерлерден жиналатын алым-салық та ауыл бюджетін толтырады. Яғни, қай ауылдың әкімі өз аумағында бизнесті түлете алса, сол ауқатты болады. Нәтижесінде, «миллиардер ауылдарды» кездестіруге болады. Саяси реформалардың президенттік топтамасы аясында алғаш рет ауыл әкімдерін мәслихат арқылы жанама емес, ауылдықтардың тікелей сайлауы жүзеге асты. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы бастамасын Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында жария еткен-тін. Осылайша, 2021 жылғы 25 шілдеде тарихта қалатын оқиға болды: аудандық маңыздағы қалалар, кенттер, ауылдар мен ауылдық округтер әкімдерінің сайлауы ұйымдастырылды. Оған саяси партиялар атынан түскендерді (үлесі 38,2%) және өзін-өзі ұсынушыларды (61,8%) қоса алғанда, жалпы саны 2 297 үміткер қатысты. Бұл ретте елде тіркелген барлық 6 партия өз кандидаттарын ұсынған. Нәтижесінде, бұл президенттік бастама ауылдағы белсенді азаматтарға төл әлеуетін жүзеге асыруға, қабілет-қарымын жарқырата көрсетуге жол ашты, ауыл жақта басшы-менеджерлердің жаңа формациясын қалыптастыруға үлес қосты. Ал ауылдықтар өз елді мекенінің өркендеуіне тікелей ықпал етудің жаңа мүмкіндігіне ие болды. Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин айтқандай, мұның бәрі мемлекеттік басқару жүйесі жұмысының жаңа әрі ұзақмерзімді принциптерін қалыптастырады, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынастардың сипатын сапалы түрде өзгертеді. Сайланған әкімдердің шамамен 50%-ы ешқашан мұндай лауазымды атқармаған тұлғалар екен. Ендеше тікелей сайлаудың енгізілуі ауыл әкімдері корпусын салмақты түрде жаңғыртуға түрткі болады. Сонымен, биылғы 25 шілдеде барлық өңір бойынша жалпы саны 730 ауылдық округтің әкімі тікелей сайланды. Бірақ сайлау жалғасып жатыр: кезінде аудандық мәслихат депутаттары сайлаған ескі әкімдердің өкілеттік мерзімінің аяқталуына немесе орнынан кетуіне қарай олардың орнына тікелей сайлау өткізіледі. Мысалы, тамызда тікелей дауыс беру арқылы тағы 20-дан астам ауыл жаңа әкімін сайлап алды. Сөйтіп, халық сайлаған әкімдердің жалпы саны 784-тен асқан. Жыл соңына дейін 70-тен астам ауылдық округте әкім сайлау ұйымдастырылмақ. Қорыта айтқанда, 2013-2021 жылдарды қамтыған жергілікті өзін-өзі басқарудың алдыңғы Тұжырымдамасын іске асыру нәтижесінде келесі нәтижелерге қол жеткізілген: біріншіден, аудандық маңызды қалаларда, ауылдық округтерде, кенттер мен ауылдарда жергілікті өзін-өзі басқару (ЖӨБ) органдары ұйымдастырылды. Жергілікті қоғамдастықтардың жиналыстары мен жиындары құрылып, өткізіледі. Екіншіден, әкімдер сайлана бастады. Үшіншіден, мегаполистер мен облыс әкімдіктерінің жанынан халықпен өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші органдар ретінде ЖӨБ-тің аумақтық кеңестері құрылды. Төртіншіден, ЖӨБ-тің институционалдық және экономикалық негіздерін оңтайландырып, нығайтуға бағытталған шаралар кешені қабылданды. Бесіншіден, дербес бюджет, ЖӨБ-тің коммуналдық меншігі енгізілді.Неге қол жеткізбек?
Қазақстан енді ауыл-аймақтағы саяси жаңғырудың келесі, жаңа кезеңіне кірісуге белсенді. Оның аясында алда сайлау үдерісімен аудандар да қамтылады. 2021 жылғы 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев кезекті маңызды қадам ретінде 2024 жылы аудан әкімдерінің тікелей сайлауы өтетінін жария етті. Бұл бастама елді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосуы тиіс. Президенттің байламынша, аудандарда сайлау өткізу өңірлерде халық билігін орнатудың айқын көрінісі болмақ. Мораль қарапайым – ауылда, ауданда тұратын әрбір азамат өзі мен отбасының болашағына өзі жауапты екенін сезінуі тиіс, демек олардың өзі тұрып жатқан елді мекенді дамытуға қатысты пікірі барынша ескерілуі керек. Сонда митинг-шерулерге де, ереуілдерге де аса қажеттілік болмайды, халық өз пікір-ықтиярын сайлау арқылы білдіреді. Жаңғыру аясында ел Үкіметі Президенттің Жолдаудағы тапсырмасына орай «Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» жаңа Тұжырымдаманы әзірлеп шықты. Реформалар жөніндегі жоғары кеңес қарап, мақұлдаған оның жобасы қазір, 22 қазанға дейін қоғамдық талқыға салынады. Стратегиялық маңызы бар осы құжатта ағымдағы қазақстандық және әлемдік ахуалдың ерекшеліктері ескеріліпті. Мысалы, облыс және мегаполис әкімдерін сайлау қарастырылмаған. Сарапшылардың пайымдауынша, ондай сайлау унитарлы мемлекетімізде сепаратизмнің өрістеуіне соқтыруы мүмкін. Аймақ басшылары тікелей ел Президентіне бағынғаны жөн. ЖӨБ дамуына аудан және одан төменгі әкімдердің тікелей сайлануы да жеткілікті екен. Жаңа Тұжырымдама билікті ары қарай орталықсыздандыруды, ЖӨБ-тің пәрменді жүйесін құруды көздейді. Осы мақсатта «Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» жаңа заң қабылданбақ. Модернизация аясында ауылдықтардың саясатқа араласуының жаңа форматтары енгізіледі. Әйтпесе, биылғы әкім сайлау ауыл жұртшылығының өз шаруасын бірінші орынға қоятынын көрсетті: халық сиыр сауу, сүтті тапсыру, қой өргізу және басқа да ісін біржақты еткен соң ғана дауыс беру учаскелеріне беттеген. Сондай-ақ ауылдарда жергілікті қоғамдастықтардың жиналыстарына тұрғындарды жинаудың оңай шаруа емес екені анықталды. Ал ондай жиын-жиналыс кейінге ысырыла берсе, бюджет уақытылы бекітілмейді. Сондықтан ЖӨБ ісіне интернет ресурсты кең пайдалану жоспарланған. Мысалы, жергілікті бюджеттерді бекіту, қоғамдық сараптамадан өткізу үдерісін жетілдіру, инфрақұрылымдық және әлеуметтік бастамаларды қаржыландыру ісін жеңілдету үшін тұрғындар арасында онлайн сауалнама жүргізу тетігі қолданылмақ.Кеңес кім, әкімшілік кім?
Жаңа Тұжырымдаманың жаңалығы – «ауыл Парламенті» пайда болмақ. «Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу және дербес бюджетті беру енді өкілді орган құруды талап етеді: ол ауылдық округті басқаруға оның барлық тұрғыны атынан тікелей қатысады. Ауылдық округтерде ЖӨБ-тің өкілді органы – «Кеңес» құрылатын болады. Кеңестің қызметін қамтамасыз етуді ауылдық округ әкімінің аппараты жүзеге асырады. Кеңес мүшелерін ауыл тұрғындары тікелей, 5 жыл мерзімге сайлайды», – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігі. Кеңесті төраға басқарады: ол кеңес мүшелерінің арасынан ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Кеңес «депутаттарының» саны сол ауыл халқының санына байланысты болады. «Ауыл Парламенті» дәл сол ауылдың аумағында ғана күші жүретін құқықтық актілер қабылдайды. Кеңес құзырына жергілікті қоғамдастықты дамыту жоспарын бекіту кіреді. Ең бастысы, ауыл бюджетін бекіту және оның орындалуына бақылауды жүзеге асыру аудан мәслихатынан осы кеңеске беріледі. Ол сондай-ақ ауылды абаттандыру, санитария, көше саудасы, мерекелік іс-шаралар мен конкурстар өткізу мәселелерін реттейтін болады. Айтқандай, әкім аппараты қызметкерлері жалақысының көлемін де кеңес бекітеді. Осы арқылы ауыл депутаттарының әкімдікке беделі жүреді, сөзін өткізе алады. «Бүйте берсеңдер, жалақыларыңды азайтып тастаймын!» деп дәйектеуіне жол ашылады. Мұның сыртында, атқарушы органның жаңа құрылымы – «жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігі» атты пилоттық жоба қолға алынады. Әкімшілік қазіргі әкім аппаратының орнына құрылмақ. Жергілікті атқарушы (әкімшілік) және өкілді (Кеңес) билік тармақтары қызметінің аражігі, құқықтары мен міндеттемелері, өкілеттік мерзімі және басқа мәселелері жаңа заң жобасында регламенттелетін болады. Алда «кент» мәртебесінің тағдыры анықталуы тиіс. Одан тіпті бас тарту ұсынылып отыр. Экономика министрлігінің тұжырымдауынша, кент пен ауыл арасында экономика құрылымы, сыртқы келбеті, сондай-ақ тұратын азаматтар саны бойынша айырмашылықтар жоқ. Осыған байланысты әкімшілік-аумақтық құрылымды реттеу мақсатында «кент» ұғымын түзету қажет. Атап айтқанда, «Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңға «кент» санатын алып тастау бөлігінде өзгеріс ұсынылмақ.P.S.
Қалай болғанда, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі ауқымды институционалдық өзгеріске ұшырамақ. Бұл ауылдардың гүлденуі үшін қажетті жаңа «экожүйені» түзеді, ауылдықтардың саяси және экономикалық белсенділігін арттырады деп күтілуде. Осының арқасында қазақстандықтардың өзі тұрып жатқан елді мекенді дамытуға деген құлшынысын, ынта-ықыласын тудырады, патриотизмнің күшеюіне әкеледі, азаматтардың саяси мәдениетін арттырады.
Айхан ШӘРІП