Не маңызды: бес зауыт па, денсаулық па?
Не маңызды: бес зауыт па, денсаулық па?
486
оқылды

Еліміздің мұнай-газ-химиялық әлеуеті, әрине зор. Соны игере алып жатырмыз ба? Атырауда 2027 жылға дейін 5 зауыт салынбақ. Оларға құйылып жатқан инвестицияның жал­пы көлемі 2,6 трлн теңге. Бұл жобалар шикізаттық экономикадан шығудың алғашқы қадамы деп бағалаушылар көп. Ендеше полипропилен, полиэтилен, бутадиен,  газ сепарациялау және өңдеу зауыттары бұл саланың локо­мотиві бола ала ма? Ал оның онсыз да нашарлап тұрған эко­логиялық салдары қандай болмақ?

Қанар қаптан опа-далапқа дейін

Сонымен, Атырау облысы тә­уелсіз Қазақстан тарихында мұ­най-газ-химиясы кешенінің пио­неріне айналып отыр. Осылайша, бұл сала қалыптасу кезеңінен өтіп, даму ке­зеңіне аяқ басты деуге бо­лады. Мем­лекеттік индустриалды-инно­вациялық даму бағдарла­ма­сында және Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Отын-энерге­тика­лық кеше­нін дамыту тұжырым­да­масында ол ел экономикасын әр­тараптан­ды­рудың бес шешуші бағытының бірі ретінде қарас­ты­рылған. Құрылысы сәтті жүзеге асқан жағдайда 5 зауыт мұнай-газ секторын қайта бағ­дарлап, мұнай-химиялық кластерді дамытуға серпін беретін өзіндік құны жоға­ры өнім шығаратын болады. Шын­дығында, бұл туралы айтылып жүргеніне 20 жылдай болып қалды десек болады. Сонау 2000-жылдары сарапшылар Қа­зақ­стан мұнайы құрамының құ­нарына қарап мұнда өнеркәсіпке де, құ­рылысқа да, ауыл шаруа­шы­лығына да, сән ин­дустриясына да қажетті өнімдердің мыңдаған түрін шыға­руға болады деп баға берген бола­тын. Бір сөз­бен айтқанда, қанар қаптан бастап опа далапқа дейін жасауға мүм­кін­дік бар. Осы күрделі процестерден тұратын бұл кешен енді-енді жан-жақты қолға алынды. «Атырау облысының мұнай-химиялық потенциалы өте зор. 2019 жылы осы саланың ең алғаш­қы өнімі параксилол үлкен нарық­қа жол тартты. «Атырау мұнай өң­деу зауыты» ЖШС шығарған жаңа тауар 99% осы өнімнің ең үлкен нарығы саналатын Қытайға жөнелтілді. Бағасы 67,3 млн доллар тұратын 93,8 мың тонна парак­си­лол экспортталды. Әлемдік тренд­терге сәйкес отандық мұнай-хи­мия саласын дамыту нарықтық әле­уеті зор жаңа өнімдерді шы­ға­руға ынталандырылған. Сондық­тан да елімізде мұндай бірнеше ірі жобалар жүзеге асып жатыр. Со­ның бірі – полипропилен поли­эти­лен өндірісі», – дейді QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ салалық даму орталығының бас сарапшысы Гүлжан Темірханова. Полипропилен – пластиктің қа­зіргі түрін жасауға арналған не­гізгі материал. Ол тамақ, машина құ­растыру, медицина, құрылыс өнер­­кәсібінде орама материалд­а­рын, пластик тұрбалар, ұйымдас­тыру техникалары мен жиһаздар жа­сауда қолданылады. Атыраудағы ел тарихында алғаш рет құрылысы жүріп жатқан кешеннің бірінші желісінің өзінің жобалық қуаты – жылына 500 мың тонна. Оны са­лып жатқан Kazakhstan Petroche­mi­cal Industries Inc компаниясы. Осы мақсатта Атырау облысында СЭЗ «Ұлттық индустриалды мұ­най-­­хи­миялық технопарк» арнайы эконо­микалық аймағы құрылған. Оның қатысушылары салықтық және кедендік преференцияларға ие. «Бұл жобалардың ішінде екін­ші ірі өндіріс полиэтилен зауыты болмақ. Мұндағы мақсат – ішкі нарықты қолжетімді бағамен са­палы шикізатпен қамтамасыз ету. Сол арқылы полимер бұйымдарын шығаратын өнеркәсіптік клас­тер­дің құрылуына база жасақтау. Жал­пы алғанда, ішкі нарықтағы тұтыну көлемі жылына 2-3% өсіммен 40 мың тоннаны құрайды. Полипро­пилен мен полиэтиленнің әлемде шексіз сұранысқа ие екені сондай, тіпті дағдарысты кезеңдердің өзін­де де ол жоғары деңгейде қалып отыр. Сол себепті бұл өндірістің болашағы зор. Сол сияқты мета­нол, бутадиен, фенол, толуол және мұнай химиясының өзге де өнім­дерін айтуға болады», – дейді Гүлжан Темірханова. Мұндағы жобалар инвес­тор­лардың қатысуымен «Бизнестің Жол картасы-2020» және «2020-2025 жылдарға арналған индус­триалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясын­да жүзеге асады. Бұл мұнай-газ саласының жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, салалық және техноло­гиялық құзыреттіліктерді артты­руға және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға көмек­теспек. Сарапшылар мұнай-газ-хи­мия саласы экономикаға муль­ти­пликативті әсер беріп, өндіріс көлемінің 1 долларға көбеюі басқа салаларда 2,3 долларға дейін өсім беретін болады деп тұжырымдап отыр. Өйткені халық тұтынатын тауарлардың 96%-ы мұнай-химияның қатысуымен жасалады.

Экономикалық сипатты экологиялық апат

Атырау облысы – елімізде ең бір экологиясы нашар өңірлердің бірі. Ол оның ең бірінші кезекте өндірістік өлке екенімен байла­нысты. Әрине, экономикалық озық жетістікке бір адамдай қуа­натынымыз анық. Өйткені онсыз да жағып жіберуден басқа жолы жоқ ілеспе газдан ауаға көптеген улы түтін тарап жатыр. Ал оның ор­нына ол газ сепарациядан өтіп, өң­деліп жатса, зор пайда емес пе? Мә­селен, сол газды ТЭЦ-ке апа­рып қосқан күннің өзінде белгілі бір көлемінен 20$ ғана пайда түседі екен, ал құрамындағы элементтерді бөліп сатар болса, бұл соманы 110$-ға дейін арттыруға болады. Әйтсе де, таяқтың екі ұшы бар де­мекші, еліміздегі өндірістік өңір­лердің барлығында өнеркәсіптің қоршаған ортаға салған ауыр ізі жатыр. «Бұл жобалар жаңадан баста­лып жатқандықтан, мен олардың экологиялық зияндылығына әзір ештеңе айта алмаймын. Бірақ қа­зіргі бар өндірістердің өзі эколо­гиялық талаптарды сақтамай отыр­ғанына қарап қатты сене де ал­маймын. Мәселен, сол KPI ком­паниясы, соның ішінде Karabatan Utility Solutions деген компания өткен жылы қыс мезгілінде ешкім­нен сұрамастан, рұқсат та алмастан табиғаттағы ойыс жерге төгіп жат­ты. Оны арнайы жабдықтап, су сіңбейтін мембрана материалдар төсемеген. Тағы бір мысал. Осы кезінде Қарабатандағы зауыттан ешқандай зиян болмайды деп уәде еткен. Ал қазір Қашаған кен орны­нан мұнайды әкеліп, күкіртін тазартып отыр. Осылайша, олар біріншіден ауа бассейнін ластап отыр. Санитарлық қорғау айма­ғы­ның жанында орналасқан станса­лар ол жерден экстремалды жоғары күкірт концентрациясының көр­сеткішін көрсетіп отыр. Ал жы­лына ең көп ретте жел шығыстан соғады. Сол кездерде оның иісі қалаға жетеді. Дәл осындай жағдай Атырау мұнай өңдеу зауытымен байланысты болды. KPI-дың ароматты көмірсутегілерін қайта өңдеу кешенін саламыз дегенде халық қарсы шықты. Бірақ оларды тыңдаған ешкім болмады. Өйткені шешімнің бәрі астанада қабыл­данады. Жергілікті халықты ойлап жатқан ешкім жоқ. Бізде өндірістік мекемелердің экология тақыры­бына қатысты қоғамдық тыңдау­ларды көп ретте жасырын өткізуге тырысады. Сол дұрыс емес!», – дейді атыраулық қоғам белсендісі Арман Хайруллин. Қоғам белсендісінің айтуынша, Жылыой ауданы облыста 14 ауру түрі бойынша бірінші орында тұр екен. Өйткені онда 90-жылдардан бері «Теңізшевройл» зауыты бар. Бүгінде оның үшінші кезеңі са­лынып жатыр. Соңғы үш жылда Қарабатан зауыты іске қосылды. Экологиялық ахуал одан сайын нашарлаған. Одан да бөлек, Со­лтүстік өндірістік аумақта Каспий құбыр желісі консорциумы (КТК), «ҚазТрансОйл» Атырау мұнай құбыры басқармасы сияқты көп­теген өндіріс орны шоғырланған Атырау қаласының да, аудандар­дың да жағдайы мәз емес. «Қарабатандағы «Болашақ» зауытында мұнай қалдықтарының метанол және тағы да басқа улы заттардың үлкен концентрациясы лагуналарға ешқандай тазартусыз төгіледі. Оған Экология департа­мент­тері қарсы болса да, ми­нистр­ліктен тікелей бұйрық түседі де, олар соны мәжбүрлі түрде қа­былдайды. Одан бөлек, шайынды сулар төгілген кезде аминқыш­қылдылығы өлшенбейді, кері ос­мос дегендері жоқ. Өйткені біздің елде экологияға келгенде ақша үнем­дейді. Бұл практика – ол өте үлкен трагедия. Таяуда астанадан келген кардиолог дәрігер Жанар Оралбекова: «Атыраудың тұрғын­дарының жүрек-қан тамырлары 99%-ға дейін бітеліп қалады» деген ақпарат айтты. Астаналық дәрі­герлер «Атыраудан келдіңдер ме?» деп шошиды дейді. Ал Жылыой ауданында ұйқыдан тұрмай қалу деген кең тараған. Оны мұнай-газ өндірумен байланыстырып зерттеп жатқан ешкім жоқ. 90-жылдардан бері қарай Атырауда ауа бассейніне 4 миллион тоннадан астам зиянды қалдықтар тасталыпты. Мұның барлығы топыраққа, суға, шөпке, жан-жануар, тіпті адамдардың бойына сіңіп, жиналып жатыр. Бұл ұлт болашағы үшін қауіпті. Тіпті, болашағы емес, дәл бүгінгі эко­логиялық апат», – дейді қоғам белсендісі. Біз тек бір өңірдің экономи­калық жетістіктері мен эколо­гия­лық кемшіліктерін мысалға кел­тірдік. Болмаса өндірістің қорша­ған ортаға тигізетін зияны еліміздің барлық өңіріне тән. Қазақстанда экологиясы ең нашар 10 қала болса, соның ішінде алғашқы үш­тікте Атырау қаласы аталады. Сон­дықтан да экономика мен эко­ло­гияның егіз түбірлі екенін ұмыт­паған да абзал!

Нұрлан ҚОСАЙ