«Ұлттық дәстүр»: күзде жанармай тапшы
«Ұлттық дәстүр»: күзде жанармай тапшы
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов

Жылдағы жағдай – осы. Көктем мен күзде жанар-жағармай тапшы­лығы басталады. Оның артынша әдет­тегідей қара отын бағасы қым­баттайды. Халық қақсайды, Үкімет үндемей құтылады. Биыл елдегі дизельді жанармай жетіспей, бағасы тағы шарықтап кетті. Аспандаған баға жүк тасушыларының арқасына қат­ты батып отыр.  Ал күн суықта үйін жылыта алмай жатқан жұрт көмірді қанша уақыт күтуі керек?

Күн суыта салысымен 207 теңге болған дизель құны қазір шарықтап кетті. Бір ай бұрын ғана литрі 240 теңгеге саудаланған дизель кейбір жерлерде 330 теңгеге жетіпті. Өйткені елде дизель отыны тапшы. Бүгінде кейбір облыстарда бұл отынды тек талонмен беріп жатыр. Кәсіпкерлер дизель отыны жетіс­пеу­шілігін шешіп беруін талап етуде. Себебі ішкі нарықтың тұрақсыздығы мен тапшылықтың салдары жанар-жағармайға күні қарап отырған ауыл-аймаққа қатты батқан. Сұйық отынның тапшылығы жыл ортасынан бастап білінген екен. Бірақ сол уақыттан бері тиісті мекемелер жағдайға жіті назар аударып, дизель отынының тапшылығын болдырмаудың амалын қарас­тырғаны білінбейді. Сол кездің өзінде-ақ шалғайдағы жанармай бекеттерінде ұзын сонар кезек болыпты. Жанар-жағармай бекетінің қызметкері Айдос соңғы бес айдан бері дизельді отынның жоқтығынан автобустар мен техника­лардың тоқтап тұрғанын тілге тиек етті. Айтуынша, жүк тасымалымен айналысып жатқандардың өзіне көмектесу қиын. «Дизель отынының бір литрі 162 теңге.  Осы айдан бастап көтерме компаниялар сұйық отынның құнын өздері белгілейді де, бекетке келгенше бір литрі 200 теңгеден асып келеді. Ал біз ұсынған бағамен сататын болсақ, қып-қызыл шығынға батуымыз мүмкін. Сол үшін біз де үстіне қосып сатамыз», – дейді жанармай бекетінің жауапты маманы.

Талонға телміртіп қойды

Жақында бір топ кәсіпкерлер мен жүк тасымалымен айналысатын компаниялар жылда жыр болатын жанар-жағармай тапшылығын шешіп беруін сұрап, талап қойған. Өйткені оңтүстік өңірлердегі стансалардың бәрі бос тұрған көрінеді. Кейбір жанармай бекеттерінде не бензин, не солярка жоқ. Ал бар жерлерде жүргізу­шілерге тек талонмен беріліп жатыр. Оның өзінде 50 литрден артық сатуға болмайды. Талоны жоқ шаруалар мен жүк тасымалдаушылар қолма-қол ақшаға жанармай сатуға мүмкіндіктері жоқ. Сұйық отынды сатып ала алмай отырған оңтүстік өңір халқы ғана емес. Қазір батыс өңірінде де ірі жанар-жағармай құю стансалары жоқ шалғай аудандардың шаруалары дизельді облыс орталықтарынан іздеуге көшіпті. Алайда алыстан ат арытып келген қожалық иелері арнайы талоны болмай кері кетуге мәжбүр. Еркін саудадағы дизель отынының бағасы күн сайын құбылып, әр литрі үшін әртүрлі баға қоя бастаған. Көп жанармай бекеттерінде 240-285 теңге аралығында сатылуда, оның өзі шектеулі.

Жасанды шектеуге тексеріс жүргізілуде

Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, дизель отыны бойынша мәселелер өткір тұр. Айтуларынша, биыл дизель отынының күтілетін өндірісі 2015 жылдан бастап ең жоғары және 4,9 млн тоннаны құраған. Сонымен қатар биыл өндіріске АМӨЗ-дің жыл басындағы жоспардан тыс тоқтауы әсер етіпті. АМӨЗ биыл 8 айдың қорытындысы бойынша бекітілген жос­пар­дан 239 мың тоннаға аз өндірген. «Та­мыз-қыркүйек айларында дизель отыны көп пайда­ланыл­ған. Шамамен 520 мың тонна тұтынылыпты. Бұған елдегі ішкі нарық­тағы төмен бағалар да ықпал етті. Дизель отынына төмен бағалар осы жылғы тамыз айының басынан бастап ЖЖМ-ның осы түрінің қоры күрт төмендей бастады. Мәселен, егер тамыз айының басында бізде дизель отынының шамамен 250 мың тонна қоры болса, қыркүйек айының соңына қарай дизель отынының қоры 200 мың тонна деңгейінде болды. Ал импорт жазда 26 мың тоннаны құрады», – дейді министрлік. Ал осы жылдың 9 айында дизель отынының орташа бағасы литріне 188 теңгені құрапты. Дәл осы баға былтыр да болған. Тек 2019 жылы орташа баға жоғары, яғни литріне 193 теңгеге сатылған. Яғни, 2019-2020 жылдары қысқы дизель отынының бағасы литріне 255-270 теңгеге бағаланған. Қазір дизель отынына бағаның өсуі байқалуда. Маусымаралық дизель отыны бағасының литріне 214-330 теңгені құраған. «Ішкі нарықты дизель отынымен қамтамасыз ету үшін бірқатар шара қабылданды.  Автомобиль көлігімен мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салынды. Сәуір айынан бастап дизель отынының экспорты тоқтатылды. Үшіншіден, «АМӨЗ» ЖШС-ын жоспарлы жөндеу келесі жылға ауыстырылды. Сондай-ақ «АМӨЗ» ЖШС мен «ПҚОП» ЖШС 100 мың тонна қосымша мұнай көлемімен жүктелді. «ПМХЗ» ЖШС-ның мұнайды бастапқы өңдеу кешенін жөндеу мерзімі ауыстырылды», – дейді Энергетика министрлігі баспасөз қызметі. Сонымен бірге министрлік дизель отынының қолда бар қорларын жедел мониторингілеу үшін еліміздің барлық мұнай базаларын автоматты деңгей өлшеуіштермен жабдықтау қажеттілігі мәселесін көтерген. Бұл ЖЖМ қалдық­тары­ның деңгейін нақты уақытта қада­ғалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қар­жы министрлігі ҚМА және БҚДА-мен бірлесіп, ірі мұнай базаларында дизель отынын өткізуді жасанды шектеу тұрғы­сы­нан тексеру жүргізу мәселесін пысықтауда. Көрші елдерге де сұйық отынды заңсыз экспорттау арқылы қымбат бағаға саудалау фактілері де көбейген. Сол үшін алдағы уақытта Президент деңгейінде бөлшек сауда бағасын көтеру туралы кеңес өтуі мүмкін.  Өйткені сұйық отынның литрі әлі қанша шарықтайтынын ешкім білмейді.

Кәсіпкерлерге жасалған «қастандық»

Депутат Ғалым Әміреев дизель тап­шылығы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасына әсер етіп отыр­ғанын алға тартады. Оның айтуына қара­ғанда, уәкілетті органдардың жауапсыз­дығы салдарынан жанар-жағармайдың, соның ішінде дизель отыны жоғары бағада сатылуда. Бұл – экономикалық диверсия. «Бұл Энергетика министрлігінің жауапкершілігі. Біреулер үшін жанар-жағармай бағасының күрт өсуі жауапсыздық нормасына айналды. Ауылшаруашылық мамандары үшін ең жауапты кезеңде осындай жауапсыздықты қасақана жасайтындай әсер қалдырады», – дейді депутат. Парламент депутаттары да дизель тапшылығын тез арада шешу керегін айтып, тиісті орындардың тірлігіне күйінген болатын. Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев мұнай өнімдерінің бағасына экономиканың барлық салалары тәуелді екенін айтады. «Оның бағасы қарапайым тұтыну тауарларынан бастап, стратегиялық маңызы бар шикізат құнына тікелей әсер етеді. Дизель бағасының көтерілуі біздің кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін төмендететіні анық. Ал дизельдің саудада болмауы экономиканы тығырыққа әкеледі. Мұнай өнімдерінің маусымдық тапшылығы жыл сайын қайта­ланатын көрініс болып кетті. Дәл көктемгі егін егу немесе күзгі астық жинау кезінде біздің мұнай өңдеу зауыттарының жөндеу жүргізуге тоқтайтыны жылдағы дәстүр се­кілді. Қазақстанда халық санының ұлғаюы, экономиканың өсуі мен автотранспорттың көбеюі жұмыс істеп тұрған Атырау, Шымкент, Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының қуаты жеткіліксіз екені байқала бастаған кезде төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі қызу талқыланған еді. Бірақ мұндай шешім қабылданбай, қолданыстағы зауыттарға жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жаңғырту жұмыстары жүргізілген күннің өзінде өндіріс қуаты жеткіліксіз болып отыр. Тіпті, көмірсутек шикізаты жоқ мемлекеттердің өзінде биодизель өндірісі өріс алуда. Ал біз мұнай экспорттаушы мемлекет бола тұра, мұнай өнімдерін импорттауға мәжбүр болып отырмыз», – деп күйінді ол. Алдыңғы екі әріптесін Айқын Қоңыров та қолдап отыр.  Сұйық отын тапшылығы саладағы салғырттықтың салдары. Тапшы­лық пен қымбатшылықтың себебі – отандық арзан отынның көрші елдерге заңсыз шығарылуы. Шындығында да, өзіміздікін арзанға сатып, көрші елден қай­та қымбатқа сатып алу құлаққа қоным­сыз.  Алайда министрлік елдегі дизель тапшылығын жою үшін Ресейден бағасы удай дизельді жеткізуді ұсынып отыр.

Қоймада көмір жоқ

Халық қалаулылары айтқандай, салаға жауаптылар кәсіпкерлерді ғана емес, халықты да қара суықта көмірсіз қалдырып отыр. Қазір аймақтарда көмір алдыра алмай отырған жұрт көп. «Бүкіл ауылда көмір жоқ. Күн суытып барады. Көмір тасымалдаушылар шығынға батқысы жоқ. Көрші ауылдың тұрғындары көмірдің тоннасын 25 мыңнан жоғары бағаға сатып алып жатыр. Оның өзінде былтырдан қалған. Көмір алатын жерлерге хабарласып, өзіміз алып кетуге сөйлесіп едік. Қазір мүлдем көмір жоқ», – дейді Алматы облысының тұрғыны Қуаныш. Ал Алматының өзінде адамдар бір қап көмірді 7-8 мың теңгеге сатып алып отыр. «Қазір көмір бағасы 14-15 мың көлемінде. Көп жерлерде көмір табу қиын. Өйткені базаның барлығында күн жеп қойған ескі көмір ғана қалды. Жаңа көмір келіп жатыр дегенде барасың, ұзын сонар кезек. Екі-үш сағат тұрамыз. Кейде жаңасы келсе де жалпыға бірдей айтпайды. Таныс арқылы тасып кетіп жатыр. Вагон бара алмайтын жерлерге көмір таситындар Камазбен тиеп кетеді. Олардан қалғанын жекеменшік көмір тасушылар алады. Көмір бағасы қатты қымбаттап тұрған жоқ. Дегенмен жанар-жағармай қымбаттаса, тасымалдау құны үшін баға қосуымыз мүмкін», – дейді көмір тасумен айналысып жүрген Арман. Мұнай өндіретін елде жанар-жағармай, көмір қоры бойынша әлемде сегізінші орында тұрған елімізде қара отынға тапшылық туындап жатыр. Жауапты мекемелердің жіберген жауапсыздығынан кен орнынан шыққан көмір бағасы жол бойы екі есе өседі. Тіпті, көмір бағасы кей жерлерде төрттен бірге өсті. Айналып келгенде дизель мен қара отын тапшы­лығын тағы көретін халық ала жаздай баптаған егіні қар астында, ал қара суықта үй жылусыз қалғалы тұр.

Жадыра МҮСІЛІМ