Маңғыстауда теміржолды құм басып, пойыздардың жылдамдығы азайды

Маңғыстауда теміржолды құм басып, пойыздардың жылдамдығы азайды

Жұмысшылар Бейнеу мен Шалқардың арасындағы теміржолды күндіз-түні қолмен тазартуға мәжбүр. Себебі, биыл құрғақшылықтан шөп шықпаған аймақта күнара дауыл тұрып, аршылған жолды құм басып қалып жатыр.

Теміржолдың жалпы ұзындығы – 575 шақырым, тәулігіне 30-дан астам пойыз өтеді. Әуелде теміржолды тазарту үшін қар жинайтын көлік қолданылған. Бірақ машинаға құм толып, бөлшектері істен шыққан. Теміржолдағы құмды күрекпен тазарту үшін жұмысшылар қосымша жұмыс күшін жіберуді сұрайды.

Бейнеу жол дистанциясының басшысы Берікбай Айтыманов: «Маңғыстау облысында биыл шөп өспеді. Топырақтың көтерілуі содан деп ойлаймыз. Былтыр басталды. Шақырымдар да ұзап бара жатыр. Былтыр 15 км басатын болса, биылдары 30-40 шақырымға барды. Басшылық қосымша 35 адам берген, бірақ ол адамдардың келісім уақыты жақында бітеді. 50-60 адам болса, бізге көмек болар еді», – дейді.

Бұған дейін Маңғыстау облысындағы жасанды жаңбыр туралы жазған болатынбыз.