Қордағы дәрі қажетсіз бе?

Қордағы дәрі қажетсіз бе?

Солтүстік Қазақстан облысында былтыр пандемия ке­зінде тұрақтандыру қорына тонналап сатып алынған дәрі-дәрмек бүгінде қажетсіз болып, қоймаларда үйіліп жатыр. Тұрғындарды арзан дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге келісіп, облыстық әкімдікпен келісімшарт жасасқан фармацевтік компания басшысы енді бюджеттен бөлін­ген қаражатты қалай қайтарарын білмей дал.

Былтыр әлемді пандемия жай­лап, жаман тұмау тараған кезде халық дәрі-дәрмек, тіпті бетперде таппай қиналғаны әлі естен шыға қойған жоқ. Тіпті, құны тиын-те­бен ғана тұратын аспирин, пара­цетамол тәрізді дәрілер дәріхана сөрелерінен жоқ болып кеткенін талайдың көзі көрді. Сол кезде жергілікті билік өкілдері фарма­цевтік компанияға халықты арзан­датылған дәрі-дәрмекпен қамта­масыз ету туралы өтініш айтқан еді. Шенеуніктердің сөзін екі етпей, айтқанына көнген компа­ния басшысы бүгінде дене қызуына және түрлі вирусқа қарсы пре­па­раттар сатылмай жатқанын айтып, дабыл қағуда. – Біз бұл жобаны жүзеге асы­руға кіріскен кезде мұндай бола­рын білмедік. Өзіміз әкімдікке ба­рып, қызметімізді ұсынған жоқпыз. Біз­ге билік өкілдері өздері шығып, фармацевтикалық қызмет көрсету туралы өтініш айтты. Ақыр ая­ғын­да осы жоба мен үшін де, әріп­тес­терім үшін де нағыз тосынсыйға айналды, – дейді компания ди­ректоры Мұрат Жәкенов. Тұрақтандыру қорын құруға келіскен Мұрат Тұрғынбайұлы өз мойнына былтырғы мылтықсыз майдан кезінде қажетті дәрі-дәр­мекті іздеп тауып, тұрғындарға ар­зандатылған бағамен ұсынуға мін­деттеме алды. Тапшылық ке­зінде осының өзі оңайға соқ­па­ғаны айдан анық. Бұл мақсат­қа жергі­лікті бюджеттен 250 мил­лион теңге бөлінген болатын. Осы қар­жыны кәсіпкер барлық тауарын сатып болғаннан кейін бюджетке қай­таруы тиіс. Дәл осы тұсқа келген кезде қиындық туарын еш­кім де болжамап еді. Бүгінде дәрі сатыл­май, қой­ма­ларда шаң басып жа­тыр. Көбінің қолдану мерзімі аяқ­талуға таяу. Мұрат Тұрғын­бай­ұлы миллион­даған қаржыны қалай қайтара­рын білмей, жарғақ құлағы жас­тыққа тимей жүр.
«Үнемделген қаржы есебінен 100 миллион теңгені қайтарудың сәті түсті. Бұл қаржыны үнемдеу де оңайға түскен жоқ. Өндіруші­лер­мен және жеткізіп берушілермен мардымды келіссөз жүргізу қажет болды. Көтерме баға бойынша 400 теңгенің дәрісін 170 теңгеге сатуын өтінген кездерім болды. 50 пайыз жеңілдік те сұрап қиылдым. Енді 150 миллион теңге қарызым қалды. Мұның бәрі медикаменттерге жұмсалған болатын. Дәрі сатылған жоқ. Оның 28 миллион теңгесі жеке сауда желісінде, ал негізгі бөлігі – 122 миллион теңге аудан­дық ауруханаларға арналған дәрі­хана қоймасында жатыр. Бұл – об­лыстық Денсаулық сақтау бас­қар­масының тапсырысы еді. Дәрі са­­тылмаса, бюджет қаржысын қа­лай қайтарамын?» – деп налиды шақшадай басы шарадай болған кәсіпкер.
Білуімізше, аудандық ауру­ханалардан тапсырыс некен-саяқ, оның өзі енді ғана түсе бастаған. Кәсіпкердің айтуынша, шалғай­дағы елді мекендерді емге дәру арзан препараттармен қамтамасыз етуге ешкім де құлық танытып отыр­ған жоқ. Сатылып алынған та­уардың тек 15 пайызы ғана сау­даланған. Облыс орталығында тұ­рақтандыру қорының арзанқол дәрісі тек алты дәріханада ғана сатылады.

«САТЫП АЛУҒА МӘЖБҮРЛЕЙ АЛМАЙМЫЗ»

Тұрақтандыру қорының дәрісі шалғайдағы ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы үшін медицина мекемелерінде сауда нүктелері ашылған болатын. Жоспар бо­йын­ша аудандық ауруханалар бірың­ғай оператор жеткізіп берген дә­ріні елді мекендердегі қосындарға бөлуі тиіс еді. Тұрақтандыру қорының жал­ғыз операторы жеткізілген дәрі-дәрмек тұтас бір облысқа шақ­та­лып, аса ірі көлемде алынғанын, қай ауданға қанша дәрі бөлінетіні алдын ала есептелгенін айтады. Түптеп келгенде, дәрінің мыңдаған түрі компанияның қоймасында артық жүк болып жатыр. Тек өзде­рінің дәріханалар желісінде ғана сатылады. Фармацевт Алма Бірім­жанова: «Бұл қиынның қиыны. Қазір халықта онсыз да ақша жоқ. Оларға неліктен арзандатылған дәрілерді сатпасқа? Арзан препа­раттарды, әсіресе ауыл-аймақтарға жеткізу керек», – деп есептейді. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасындағылар халықты дәрі сатып алуға мәжбүрлей алмай­тынын айтып ақталады. «Нарық бұл препараттарға лық толы. Сөз болып отырған бағдар­лама бойынша бүгінде медици­налық жүйелер мен жекеменшік дәріханалар арқылы шамамен 9 миллион теңгенің дәрісі сатылды. Бұл ретте жүкті тиеу, жеткізу және сату – бірыңғай оператордың міндеті. Біз дәріханалары жоқ ауылдарды дәрімен қамтамасыз ету тұрғысынан ғана көмектесе ала­мыз. Адамдарды дәрі сатып алуға мәжбүрлей алмаймыз ғой. Олар өз қажетінше керегін алады. Егер бұл дәрілерге сұраныс бол­маса тұр­ғын­дарды қалайша мәжбүрле­йік?», – деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орын­басары Құмар Күсемісов. Тұрақтандыру қоры құрылған кезде облыстық Денсаулық сақтау басқармасы кеңесші ретінде қа­жетті препараттардың тізімін жасаған болатын. «Егер бұл дәрілер қажет болмаса бюджет қаржысын шығындап, осынша көлемде сатып алудың қажеті қанша еді? Қазір мен қоймаларды жалға алғаным үшін, штатты кеңейткенім үшін шығынға батып отырмын. Шын мәнісінде, тауарды сатуға болушы еді. Бірақ бұл жоба ешкімге керек емес болып тұр. Біз дәрілерді ең ар­зан бағаға сатқанымыздың есе­сінен ғана ұтып отырмыз. Мә­се­лен, парацетамолдың бағасы бізде 60 теңге. Басқа дәріханаларда ол 80 теңге тұрады», – дейді фармацевтік компания директоры. Кәсіпкер биыл 9 маусымға де­йін бюджет қаржысын қайтаруға тиіс еді. Оның сәті түспегендіктен, әрі коронавирус дерті әлі де тарап жатқандықтан, Мұрат Тұрғын­­байұлы бұл мерзімді тағы бір жылға ұзар­туды өтінген. Енді келесі жыл­дың 9 маусымына дейін дәрілер сатылмай, пайдалану мерзімі өтіп кетсе, кәсіпкер шығынға белше­сі­нен батайын деп тұр.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы