Талғат Бигелдинов – екі мәрте Кеңестер Одағының Батыры атанған жалғыз қазақ. Сонымен бірге екі мәрте Батыр атағына ие болған Шығыстан шыққан жалғыз ұшқыш.
Әскери тапсырмамен әуеде 305 рет ұшқан, 305 рет өліммен бетпе-бет кездескен батыр ұлдың Кеңсайдағы бейітін көзбен көргендер бар ма? Көкке қол созған алып күмбездердің жанында жан-жағы сыммен қоршалған, шағын ғана құлпытас тұр. Тіпті жақындап, анықтап қарамасаңыз, Бигелдиновтің бейіті екенін де аңғармай қалуыңыз мүмкін. Батыр ұлдың өмірден өткеніне де 7 жылға жуықтапты. Жеті жылда Талғат Бигелдиновті еске алған ешкім болмағаны ма? Тірісінде аты аңызға айналған Талғат Бигелдиновті өмірден өткен соң ұмыт қалдырғанымыз қалай? Тіпті, моласы да жетімсіреп қалыпты...Кеңес Одағының екі мәрте Батыр атағын иеленген Талғат Бигелдинов сол бір күндер туралы: «Мінсіз ұшақ деген болмайды. Бірақ та сен ұшатын ұшақты жақсы көруің керек. Ол жансыз зат болса да, саған да өз сүйіспеншілігін береді. Машинаның жаны сірі болды. Кейде тіпті бүтін жері қалмайтын, бірақ сонда ұшақ жұмыс істеп тұрды. Оны тағы да «ұшатын танк» немесе «қара өлім» деп аталған. Бірақ та нұсқаушылардың арқасында ғана емес, онда отырып соғысқан, өлген, жеңгендердің арқасында (ұшқыштар, Қызыл армиясының ӘӘК шабуылшы авиациясының полктары) ұшақ сондай қауіпті қару болған», – деп еске алады.