Қыздар университетінің жерін сатып алған тұрғындар үйсіз қала ма?
Қыздар университетінің жерін сатып алған тұрғындар үйсіз қала ма?
Фото: 2gis.kz
500
оқылды

Ұсталғандардың арасында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бұрынғы қызметкері, сондай-ақ Қарасай аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімі мен жер қатынастары бөлімінің басшылары бар. Жең ұшынан жалғасқан топ оқу ордасына тиесілі Кемертоған ауылындағы 9 гектар жер телімін сатып жіберген. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Негізінде 9 гектар жерде студенттер өндірістік тәжірибеден өтуі тиіс екен. Ал саудаға түскен 110 жер телімін сатып алып, оған үй тұрғызған жұрт құжатымыз заңды деп шыр-пыр болып отыр. Кемертоған тұрғындары бұл маңдағы жер телімдерін 2018 жылдан бері сатып ала бастапты. Бақандай 110 жер теліміне бөлінген 9 гектар аумақта бос жатқан алаңқай шамалы. Алайда қал-қадірінше үй тұрғызғандар жақында жерінің арестте екенін естігенде кінәраттың қайдан кеткенін білмей әрі-бері шапқылапты. Жер Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне тиесілі болып шыққан.

Кемертоған ауылының тұрғыны Алмас Нұртазин: «2019-2020-да осы жерде 80 пайыз халық тұрады. Газ жүрді, су жүрді өзіміздің ақшамызбен. Мына жолды жөндеттік, әр үй қалтасынан 40 мыңнан шығарып тас жол жасадық. Несие алып үй салдық. Енді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мына жерді аламыз деп жатыр. Біз, халық бос қарап қалмаймыз», – дейді.

Жер теліміне қатысты дау 2020 жылдың соңында туындапты. Сол кезде тексеру жүргізген Білім және ғылым министрлігі университетке тиесілі 9 гектар жердің ұшты-күйлі жоғалып кеткенін анықтапты. Заңгер Бақытжан Базарбектің айтуынша, оқу орнының бұрынғы басшылығы мен Қарасай ауданы әкімдігінің шенеуніктері жең ұшынан жалғасқан жымысқы әрекетке барған.

Заңгер Бақытжан Базарбек: «Үшінші тұлғаларға, яғни Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бұрынғы басшылығының туған-туысқандарына, сол сияқты жер кадастр филиалы басшылығының туған-туысқандарына рәсімделген. Сол 110 учаскеге бөлгеннен кейін азаматтарға сата бастаған», – дейді.

Тіпті универстиет меншігін талан-таражға салғандар басқа ауылдық округтен жер телімін бөліп, атышулы істің ізін жасыруға тырысыпты. Кейін санитарлық аймақтан берілген 9 гектар жердің ешбір заңды құжаты жоқтығы дәлелденіпті. Ал оқу ордасының өкілдері Кемертоғандағы жер телімі 2000 жылдан бастап университет иелігінде болғанын айтады.

Қазақ ҰҚПУ маркетинг және коммуникация департаментінің директоры Жандар Асан: «Университетте биология, экология, жаратылыстану бағытында оқитын білім алушылардың оқу және далалық тәжірибесін жүргізу үшін берілген болатын», – дейді.

Алайда тәуелсіз сарапшы Бақытжан Базарбек алғашында алматылық жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері сылбырлық танытты деп қынжылады. Кейін қылмыстық іс облысқа өткенде тергеу қарқын алыпты. Соның нәтижесінде, Алматы облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірнеше тұлғаның қамауға алынғанын хабарлады. Ұсталғандардың арасында білім ордасының бұрынғы қызметкері, Қарасай ауданы тіркеу және жер кадастры бөлімі мен Қарасай ауданы жер қатынастары бөлімінің басшылары бар. Қазақ ҰҚПУ жеріне қатысты тәуелсіз сарапшы Бақытжан Базарбек: «Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің негізгі мақсаты – лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту, қылмыстық жауапкершілікке тарту. Мынау 9 гектар жерді қалпына келтіру. Жерлерге құқығын қалпына келтіру», – деді.

Заңгердің айтуынша, университет тарапы баспаналарды бұзуға ниетті емес. Тек үй салынбаған жер телімдерін кері қайтаруға мүдделі. Жетпеген жерді әкімдік қалпына келтіруі тиіс. Бірақ мұның бәрі сот барысында дәлелденуі қажет. Ал екі ортада сан соғып қалған тұрғындар заңды баспанымызды қиратып кетпесіне кепілдік жоқ деп қауіптенеді. Сол себепті 100-ге жуық отбасы Президенттен араша сұрайды.