Бірегей жобаның болашағы зор
Бірегей жобаның болашағы зор
244
оқылды

Дәл қазір алма жемісінің піскен шағы. Шымкент өңірінде алма бағын өсіретін ірілі-ұсақты шаруашылықтар бар. Бірақ, соған қарамастан осынау бақтар жергілікті тұрғындардың 1 пайызын да қамти алмайды. Одан кейін шетелден келетін алманы тұтынуға мәжбүрміз. Әрине, жергілікті өнімге не жетсін? Таза табиғи өнімнің түрі-ақ айтып тұрады. Бірақ, сонда да тұрғындар қонақ дастарханы үшін біртектес, еш жері бұзылмаған түрі сұлу сырттан келетін өнімді таңдап жатады.  

Қуаныштысы, өңіріміздің өзінен соңғы 5 жылда шетелдік өнімнен түрінің еш айырмашылығы жоқ, бірақ олардыкынен қарағанда таза табиғи алма жемісі шыға бастады. Алғашында тұрғындар сырты теп-тегіс, жып-жылтыр алмаларды көргенде жергілікті өнім екеніне сенген жоқ. Бірақ бұл шынында да  Шымкент қаласының іргесіндегі Түркістан облысына қарасты Қарасу ауылындағы жалпы көлемі 135 гектарды алып жатқан алма бағының өнімі болатын.  Заманауи технологиямен жабдықталып салынған «Dala fruit» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнімдері қазір нарықта үлкен сұранысқа ие. жоба «Біз негізінен заманауи технологиямен  алманы өсірумен, оны сақтаумен, және өңдеп таза табиғи шырынын сығып алумен айналысамыз. Қарқынды алма бауынан жыл сайын 8-10 мың тонна жеміс аламыз. Бүгінгі таңда алманың 13 түрін егіп жатырмыз. Өнім түріне аздап алхоры мен шие қостық. Қазір Қазақстан және Ресей мемлекеті тұтынып отырған өнімдерімізді келешекте Орталық Азия елдеріне тасымалдауды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда мұнда 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Сонымен бірге, мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржы қолдау мекемелері арқылы ақша алып, біраз жұмысымызды жөнге келтіргенімізді атап өткім келеді. Соның бірі «Сбербанк» АҚ ЕБ арқылы 5 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген пайызбен алған қаржымызға елімізде теңдесі жоқ газбен реттелетін алма сақтайтын тоңазытқыш  алдық. Дәл мұндай тоңазытқыш ешқандай алма өсіретін компанияларда жоқ», – дейді «Dala fruit» ЖШС-нің өндіріс директоры Сапарбек Ержігітов. Қарқынды бау тамшылатып суару әдісімен өсіріледі екен. Үш жылда өнім беретін жеміс ағаштарын күтіп-баптау технологиясын мұндағы жұмысшылар әбден меңгерген. Ал, осынау бақты гүлдендіріп отырған құрылтайшы Болатбек Нәжіметдинұлы қолға алған жобасының сәтті шығуы үшін талай мәрте алма өсіретін шетелдік бағбандардың дәрісін алып, технологиясын толық меңгеріп, істі бастап кеткен. Бүгінде еліміздегі бірегей жобаның болашағы зор.

Н. Назарбек, Шымкент қаласы.