Тарихы терең Тамабектер ас берді
Тарихы терең Тамабектер ас берді
244
оқылды

«Асың барда ел таны беріп жүріп, атың барда жер таны желіп жүріп» деп, ата бабасын еске алып, соңы тойға ұлассын деп ұланасыр ас беретін қазақтың дәстүр сабақтастығы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Талас ауданының Тамабек ауылында өз жалғасын тапты. Ас беру ата салтымыз деп білген Тамабек ауылының атқа мінер азаматтары ұйымдастырған бұл тойға арысы Алматыдан, берісі бес қаладан қонақтар келді.

– Бұл менің ата-бабамның туған жері. Сондықтан біздің бұл жерге келіп, ту тігіп жатуымыздың өзінің себебі бар. Ал атам Жұмабек Жолтай болса соғысқа кетіп қайтып оралмай қалған еді. Менің бала күнгі арманым да сол кісінің басына бір тас қойып, ас беру еді. Бүгін міне сол арманның алғашқы қадамы басылып, орындалып жатыр. Ал енді бұл ас жеке менің ғана бастамашылығымда беріліп жатқан жоқ. Осыған түрткі болған ауыл азаматтарының, аруаққа құрмет көрсететін ел жұрттың арқасында жүзеге асып жатыр барлығы. Ер жігіттің табысы елдің игілігіне шашылса, онда ол елдің озғаны деп білемін, – дейді асқа тікелей қаражат жағынан қолдау көрсеткен жеке кәсіпкер Талғат Жолтаев. «Ерім деген елі болмаса, елім деген ер қайдан шықсын» дегендей ел беделін асрып жүрген Талғат Жолтаев ағамыз астың бас аяғында болып, «Жолтай ата» атындағы атшабардың ашылуына қатысып, өзінің бұлттан биік болса да ұлттан аласа екенін танытып жұрт ішінде жүрді. Бұл астан бөлек ол кісі бұл ауылдың жолын да жарығын да өз қалтасынан қаржы бөліп жөндетіп бергені ел есінде. Сондықтан да шығар халық да оған «Талас ауданының Құрметті азаматы» деген атты да өздері берген.  Облыс мәслихатының депудаты болған Талғат ағамыздың нағыз ел жанашыры екеніне бізде куә болып, елден осындай қолы ашық азаматтар шыға берсін деген тілегімізді іштей қайталадық. Тарих Төбел бие сойдырып, төменгі елді шақырған, жорға бие сойдырып, жоғарғы елді шақырған аста аруақтарға құран бағышталып, «туған жерге туыңды тік» атты облыстық ақындар айтысы да өтті. Аламанның басын әппақ сақалы кеудесін жапқан шоқ тілді Шорабек ақын арнауымен бастап, ақындарға ақ батасы мен еліне деген ақ шашуын жырымен шашты. Ары қарай ауыздықпен алысқан арғымақтардай айтыс ақындары бірінен кейін бірі сөз барымтасының нағыз шебері екенін көрсетіп жатты. Айтыстың алғашқысы болып сахнаға көтерілген алматылық Сырым Әуесхан Мойынқұмның көкмойнағы Ғабит Есдәулетпен айтысып, «Атамның аты алысқа кетсін десең, алыстан келгендерге ат беріңдер» деген сияқты әзіл-шыны аралас шумақтар өріп, жиналған жұрттың ыстық ықласына бөленді. Ақыры осы айтыстың 500 мың теңге тігілген Базар Жолтаев атындағы бас жүлдесін алып кетті. Жалпы аламанға өлең қосқан 6 жұп ақын сынға түсті. «Алла жар боп ағайын бұдан былай, COVID-пенен еш адам ауырмасын» деп елге деген тілегін емірене жырлаған Әсет Дүйсебаевқа 300 мың теңге көлеміндегі бірінші орын берілді. Ауызына құс тістеп, қатарласа шауып мәреге жеткен Алтынгүл Қасымбекова мен Олжас Отар екінші орын алды. Ал үшінші орын әрқайсысына 100 мың теңгеден Дидар Апбас, Нұржан Манатбек, Ғабит Есдәулетке бұйырды. Қалған қатысқан ақындарға да арнайы тағайындалған жүлделер мен ынталандыру сыйлықтары мен Алғыс хаттар табысталды. Ауылды тамсандырған астың екінші күні ат бәйгесіне ұласты. Б.Жолтаев атындағы атшабар алаңына жиналған қарақұрым елде сан жоқ. Барлығының бетінен ұлттық рухтың оты теуіп, аламанға айғай қосып тұрды. Бәйгенің басы тай бәйгеден басталды. Тұлпар болар құлынның тұяғынан белгілі дегендей, бірінші болып көмбеге Сәлімбай ауылының тұрғыны Әскербек деген кісінің торы тайы топ жарып келді. Одан кейін аяғын жеңіл алып, қиқуға құлақ жымыра шабатын меркілік Бекнұрдың «Палестина» атты тайы келді. Бір қызығы жүлденің көбін Т.Рысқұлов ауданынан келген жүйріктер еншілеген. Сөйтіп тай бәйгесінің басы кілем жабылған бір таймен басталып, жүлденің соңы – жетінші болып мәре сызығын бұзған тайға қой, 5 мың теңе ақша берілді. Тайға тақым қысып отырған елдің делебесін онан арман қоздырып 32 шақырымға 65 ат айдалды. «Жүйрік пен жүйрік кездессе, төрт аяғы тыпырлар» деп, алты ай шапса арымас кешегі Алпамыс мінген шұбарлардай шұлғып келіп бірінші көмбеге Тамабек ауылындағы Оралханның жүйрігі жетті. Екінші болып Құланның құлан шабыс жүйрігі Ержанның аты келсе, Таластың «Әмірторысы» үшінші болып шаң көрсетті. Одан кейін іркес-тіркес көмбеге жеткеен аттар рет ретімен өз жүлдесін ала берді. Арасында аттың тері үшін айғай көтеріп, алашапқын болған бапкерлердің де көңілін қалдырған жоқ. Сөйтіп ат бәйгесінің бірінші жүлдесіне 1 миллион теңге, онан кейінгі орындарға түйе бастатқан, жылқы қостатқан бәйгелері беріліп жатты. Бәйгеден кейін дәстүр бойынша көкпар додасы басталды. 1 миллион теңгеден астам салым тігілген бұл спорт түріне де халық шынайы сүйіспеншілікпен қолдау көрсетіп, жан тәндерімен беріле тамашалап тұрды. Сөйтіп Ойықтардың жерінде, Тамабектің елінде өткен астың тарихи мәні де дәстүр жалғастығы да бар. Тіпті, тәрбиелік маңызы зор. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген ұстанымды ұстаған ұлттың азаматтары осындай игі іс-шараны ұйымдастырғандарына халық дән риза болып тарқасты.

Дедек Төлен