QaraFest фестивалі аяқталды: Үздік фильм – «Қаңғыбастар»
QaraFest фестивалі аяқталды: Үздік фильм – «Қаңғыбастар»
Биыл 23-28 қыркүйек аралығында Алматыдағы «Арман» кинотеатрында QaraFest фестивалінің фильмдері көрсетілді. Ал 30 қыркүйек пен 9 қазан аралығында qarafilmfest.kz алаңында онлайн-фестиваль өтті. QaraFest бағдарламасында Чили, Түркия, Швеция, Германия, Норвегия, Финляндия, Грузия, Бельгия, АҚШ және Румыниядан 10 туынды көрермен назарына ұсынылды. Барлық фильмдер түпнұсқа тілінде, қазақ және орыс субтитрлерімен көрсетілді. Бұл фестиваль 2020 жылдан бері ұйымдастырылып келеді, әйтсе де, жоба авторы әрі менеджері Ульяна Топоровскаяның айтуынша, биыл алғаш рет әрі онлайн, әрі офлайн өткен. «Биыл орайы келіп, фестиваль фильмдері онлайн ғана емес, кинотеатрда да көрсету мүмкіндігі туғанына әлі де сене алар емеспін. Біздің фильмдерді «Арман» кинотеатрынан және qarafilmfest.kz алаңынан онлайн көрген әрбір көрерменге алғысым шексіз. Биыл фестиваль бағдарламасына таңдалған әрбір туынды көрерменнің жан-дүниесіне жол тауып, әр кейіпкер өз тағдырымен толғандырды деп сенемін һәм үміттенемін», - деді У.Топоровская. Фестивальді биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған халықаралық байқау қорытындылады, онда 4 номинация бойынша жүлде тағайындалды. Сонымен, «Үздік фильм» жүлдесі (2000 евро) «Қаңғыбастар» (реж: Элизабет Ло, АҚШ) фильміне бұйырды. Бұл туынды Стамбулдың кезбе көшелерін кезіп жүрген үш иттің көзімен баспанасыз өмір сүрудің қандай болатынын көрсетеді. Зейтин, Назар және Картал атты үш ит әр күнін жейтінге тамақ, жататынға тұрақ іздеумен өткізеді. Қызыққа құмар иттер қараусыз қалған үйлер мен шулы көшелерді кезіп, бұрыш-бұрышты тінтуден шаршамайды, сол арқылы автор түрік қоғамының көлеңкеде қалған өмірін көрсеткісі келгендей. «Үздік режиссёр» номинациясында (2000 евро)  «Әулие әке» туындысы (Румыния) үшін Андрей Даскалеску жеңімпаз атанды. Андрей есімді режиссер мен оның жұбайы Паула екеуі алғаш рет ата-ана атанбақ. Андрейдің өзі әкесіз өседі. Әке болудың қыр-сырын түсіну үшін ес білгелі көрмеген әкесін іздеп-тауып, онымен татуласуға бел буады. Бүгінде Афонда монах боп жүрген әкесінен отбасын тастап кетуінің себебін сұрап-білуге, түсінуге тырысады. Фильм әке мен бала арасындағы қарым-қатынас қалай өрбітинін баяндайды. Әділ-қазы алқасының арнайы жүлдесін (1000 евро) «Бағбан» картинасы (реж: Саломе Джаши, Грузия) алды. Фильмде Грузия жағалауларынан осы елдің бұрынғы премьер-министрінің жеке бақшасына «көшіп» бара жатқан ірі, әдемі ағаштар туралы баяндалады әрі экс басшының жеке бағын безендіру үшін орасан күш пен ресурс кететіні көрсетіледі. 100 жылдық тарихын артқа тастап Қара теңізді кесіп өтіп бара жатқан ағаштардың оқиғасы ойландырмай қоймайтыны анық. Фильм премьерасы 2021 жылы Sundance Film Festival халықаралық кинофестивалінде көрсетілді. Жастардан құралған әділ-қазы ұжымы «Өзіміздің жігіттер» (режиссёрлері: Джо Вемюнд Свендсен, Петтер Соммер, Норвегия) фильмін үздік деп таныды. Орта жастағы 25 жігіт әр сейсенбіде күнделікті тіршіліктен бас алып, әйел, бала-шағасын үйге тастап, бірге рок-әндер айтуға жиналады. Достық, бауырмалдық, музыкаға деген махаббат және өмірдің құндылықтары туралы фильм. Айта кетейік, жүлдені әділ-қазы алқасының 3 санаты тағайындады: халықаралық төрешілер, жастар төрешісі және өздеріңіз, құрметті көремен. Халықаралық төрешілер құрамына:
  • Ондрей Каменицки, One World адам құқықтары туралы халықаралық деректі фильмдер фестивалінің директоры (Чехия);
  • Мариам Чуткерашвили, CinéDOC-Tbilisi халықаралық деректі фильмдер фестивалінің бағдарлама үйлестірушісі (Грузия);
  • Руслан Якупов, Styq тәуелсіз музыкалық бірлестігінің негізін қалаушы, «Транформа» театрының арт-менеджер (Қазақстан).
Жүлдегерлер тізімі мұнымен бітпейді. Енді көрермен қауым өзінің сүйікті туындысына дауыс беріп, «Көрермен көзайымы» номинациясының жеңімпазын анықтай алады. Ол үшін 13 қарашаға дейін (бірақ кем дегенде 200 адам дауыс берсе ғана, дауыс беру аяқталды деп саналады) qarafilmfest.kz сайтында онлайн дауыс беруіңіз қажет. Жеңімпазға 1,500 еуро көлемде ақшалай сыйлық табыстаймыз. Жоба авторы Ульяна Топоровская көрерменге биылғы фестиваль бағдарламасына зор қызығушылық танытқаны үшін алғысын білдірді. Оның айтуынша, биыл фильмдері онлайн және оффлайнды қоса алғанда барлығы 3500 көрермен тамашалаған. «Көрерменнің ыстық ықыласы мен кері байланысы ерекше қуантты. Әлбетте, жобаның болашағы туралы бір сөзбен айтуға әлі ерте. Бұл тәжірибені талдаудан өткізіп, оң-солын түзетіп, болашақ бағыт-бағдарымызды түзу үшін біраз уақыт керек. Десек те, алдағы уақытта да осындай жанға жылы, жүрекке жұмсақ, көңілге жайлы туындыларды көрерменге ұсынғым келеді. Сондай-ақ, Орта Азия документалистеріне арналған AÝT Central Asia алаңын дамытуға көп көңіл бөлемін», - деп түйді Ульяна Топоровская.