Келер жылдан бастап Қазақстанда COVID-19-ға қарсы отандық вакциналар ғана егілуі мүмкін бе? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға осындай сұрақ қойылды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің пайымымыз бойынша, Қазақстанның өзге елдерге қарайламай, тиімділігі клиникалық зерттеулермен дәлелденген өз вакцинасын шығара алатын мүмкіндігі бар болғандықтан, отандық екпені ғана кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында сатып алуға болады. Оның өзінде қалған вакциналар тұмау сияқты аурулардың екпесі секілді коммерциялық айналымға жіберіледі. Біз қазір өндіруші компанияларды нарыққа кіріп, қызметін ұсынуға үгіттеп жатырмыз», – деді министр.Ведомство басшысы Қазақстанда тіркелген вакциналарды шектеу жоспарланбағанын айта келіп, бұл шетелдік вакцина түрлерін азаматтар өз қаражаты есебінен ғана қолданатынын түсіндірді.
«Яғни, Спутник V және QazVac вакцинасынан басқа екпелерді қосымша, ақылы негізде салдыруға болады. Қазір фармкомпаниялар бұл мәселені пысықтап жатыр», – деді Алексей Цой.