Сыбайлас жемқорлық мемлекетіміздің негізгі құндылығы – тәуелсіздікке қауіп төндіреді. Ол қоғамның мемлекетке деген сеніміне селкеу түсіріп, елдің әлеуметтік-экономикалық және рухани өрлеуіне айтарлықтай кедергі келтіреді және ел игілігі үшін атқарылып отырған барлық іс-шараның тиімділігін төмендетеді.
«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қүресте басты міндет – қоғамда заңсыздыққа қарсы ортақ түсінік пен құқықтық сананы қалыптастыру, мемлекет пен қоғамды осы әлеуметтік дертпен күреске жұмылдыру» делінген. Осыған орай «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес төрағасы Сайын Қуанышевтің жетекшілігімен ұйымдастырылған жиында білім беру саласы бойынша партияның «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасының» орындалуы талданды. Қоғамдық кеңестің жұмыс тобының жетекшісі Жанна Шаяхметова баяндама жасап, сараптама қорытындысын жария етті. Ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің, Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің, Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің, Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясының мәліметтеріне сүйене отырып, 2018-2020 жылдары және 2021 жылдың 9 айы аралығында білім саласы бойынша тіркелген заңбұзушылықтар фактілерін атап көрсетті. Талқылау барысында кейбір мемлекеттік мекемелерде және кәсіпорындарда мемлекеттік сатып алу туралы заң талаптарының сақталмайтыны, шарт бойынша оған жауапты қызметкерлердің өз міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамайтыны, соның салдарынан жемқорлыққа жол беру қаупі қалыптасатынына назар аудартты. «Жемқорлықпен күрес – кешенді түрде жүргізілетін іс-шара. Сондықтан кемшіліктерді болдырмаудың бір тетігі – оның алдын алу. Әсіресе, білім саласына қатысты олқылықтар кешірілмейді. Өйткені болашақ ұрпақ тәрбиесі – зор жауапкершілік»,– деді Жанна Шаяхметова. Жиынды қорытындылаған кеңес төрағасы Сайын Қуанышев ұсыныс-пікірлерді тыңдап, құзырлы органдарға нақты тапсырма жүктеді.Дәулет АСАУ