Жел электр стансасы салынады
Жел электр стансасы салынады
292
оқылды

Ақмола облысы Аршалы ауданы Қостомар елді меке­нінде «Nur Otan» партиясының облыстық сайлауалды бағ­дар­ламасы аясында Орта Азия­дағы ең ірі жел электр стан­сасы құрылысының екін­ші кезеңі жүзеге асырылды. Сөйтіп, партияның Жол кар­та­сы аясында салынып жат­қан нысан болашақта 10 000 отбасын энергиямен қамти­тын болады. 

Экологиялық маңызы зор жоба жел қуатын электр энергиясына ай­налдырып, қоршаған ортаға ешбір нұқсан келтірмейді. Нысан­ның қолданысқа енгізілуі атмос­фе­ра­дағы зиянды газдардың кө­лемін жылына 230 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік береді. Экологиялық тиімділігімен қатар, жел стансасының құрылысы 100 жұмыс орнының ашылуына себепші болды. Ал құрылыстың екінші кезеңі аяқталған соң 20 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылды. Жоба шеңберінде қазіргі за­манғы технологиялар стансаның өзінен де, сондай-ақ қашықтан да жел электр стансасының жұмысын басқаруға және мониторингтеуге арналған диспетчерлік бақылау және деректерді жинау жүйесін (SCADA) енгізу көзделген. SCADA қондырғысы энергия жүйесін және стансаның қуатын бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жобада автомат­тандырылған жұмыс орындарын ұйымдастыра отырып, жел электр стансасының электр энергиясын өндірудің технологиялық про­цестерінің автоматтандырылған басқару жүйесін (АБЖ) қолдану қарастырылып отыр. Бұдан басқа, ҚС 220/35/10 кВ жел электр стансасының көтеруші қосалқы стансасында автоматика-релелік қорғанысының көп­функционалды микропроцессор­лық құрылғылары және есепке алу аспаптары, оның ішінде ЭКЕАЖ негізінде заманауи кешенді бас­қару, автоматика, сигнализация және электр энергиясын есепке алу жүйесі көзделген.

Дәулет АСАУ