Жаңа зауыт салынады
Жаңа зауыт салынады
177
оқылды

Қарағанды облысының Нұра ауданында жылына 400 мың тонна өнім шығаратын арнайы кокс өндіретін жаңа зауыт салынады. Еуразиялық топқа (ERG) кіретін «Шұбаркөл Көмір» компаниясы ірі жобаны жүзеге асыруда. Өнеркәсіптік алаңда еңбекшілерге 2071 жылға жолдауы бар капсула салынды.

Салтанатты шараға Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, ERG директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов, «Еуразиялық Топ» ЖШС басқарма төрағасы Серік Шахажанов, «Шұбаркөл Көмір» АҚ президенті Рустам Ибрагимов қатысты. – Зауыт құрылысы импортты алмастыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылған тағы бір табысты жоба болмақ, – деді Жеңіс Қасымбек. – Жобаға шамамен 40 млрд теңге инвестиция салу, 120 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Қазіргі заманғы технологиялар мен жаңа жабдықтар пайдаланылатын болады. Арнайы кокстан басқа жылына 72 мың тонна көлемінде көмір шайыры мен көмір майын өндіру жоспарлануда. Өндіріс үшін шикізат Шұбаркөл разрезінің «Д» маркалы көмірі болады. – ERG-дің Қазақстанда жүзеге асыратын өршіл жоспары бар. Алдағы жылдары біз жаңа жобаға және қолда бар өндірісті жаңғыртуға 6 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салуды жоспарлап отырмыз. Арнайы кокс өндіретін зауыттың құрылысы – «Шұбаркөл көмір» мен ERG жалпы өз қуатын арттырып келе жатқанының дәлелі, – деп мәлімдеді Шухрат Ибрагимов. Рустам Ибрагимовтың айтуынша, өндіріс ең заманауи технологияларды қолдана отырып, экологиялық таза болады. Энергия мен су ресурстарын үнемдеу жөніндегі іс-шаралар кешені әзірленді. Жаңа зауытты іске қосу 2023 жылға жос­пар­ланған. Арнайы кокс ферроқорытпалар мен таза кремний өндірісінде тотықсыздандырғыш ретінде қолданылады. Қазақстан тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіп­орын­дары қауымдастығының бағалауы бойынша ішкі қажеттіліктер жылына миллион тоннадан астам өнімді құрайды. Бүгінде бұл өнім Ресей мен Қытайдан үлкен көлемде импортталады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы