Тарихи тұлға – жекешелеп алатын зат емес
Тарихи тұлға – жекешелеп алатын зат емес
399
оқылды

Алматыдағы Ахмет Байтұр­сын­ұлының музей-үйі мемлекет қарауына берілді. Музей-үй бұл шешімді 28 жыл бойы күтті. Не­ге? Біз бұл сауалымызды Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі «Тіл – құрал» ОӘҒЗО директоры Райхан Имаханбетке қойдық.

– Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі мемлекеттің меншігіне көшті. Құтты болсын! Бұған дейін қала меншігіне өтпеуіне не себеп болды? – Иә, рақмет! Ұлт ұстазының тағылым мектебінің мемлекеттік мәртебеге ие бо­луы баршамызға қайырлы болсын! Шын­дығында, кезінде қала меншігі болған «мем­лекеттік маңызы бар тарихи ескерт­кіштер тізіміне енген» осынау құнды жә­дігердің 1995 жылы жекеменшікке бері­луінің өзі өрескел қате еді. Өкініштісі сол мұның егжей-тегжейіне үңілген жан бол­мады. Әрі сол кезеңдегі нарықпен келген «жекешелендіру» деген үдерістің салдары­нан мәдени мұраның басым бөлігі «ұста­ғанның қолында, тістегеннің аузында кет­кені» баршаға мәлім. 1993 жылы Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйі болып ұйым­дастырылуы тиіс бұл тарихи ғимарат жекеменшік қордың меншігі болып шыға келді. Әлбетте, жекешелендіріп алған тараптың кері не себепті қайтарғысы келмейтіні айтпаса да түсінікті... Әрі бұл өзекті тақырып 2002 жылдан бері БАҚ бетінде сан рет көтерілген-ді. – Ұзақ жылдар бойы мұражай-үйді кім қаржыландырып келді? Қалай сақта­дыңыздар? – Әлбетте, мұражайды жекешелендіріп алған қор оны қаржыландыруға мүдделі. Бірақ тұлға атынан ашылған бұл қордың әлеуеті оған жетпеді. Мәселен, Алматы қаласы әкімінің 1993 жылдың 9 қыркүйе­гіндегі №360 шешімде нақты ресми атауы көрсетілген: «Қазақтың халық ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйін ұйымдастыру туралы» заңды күші бар құ­жат бойынша мұражай маңдайшасына мекеме атауын жаздыртып ілдіртуге, ал құзырлы органдарға заңды тіркетіп алуға әбден болатын еді. Өкініштісі, қор тара­пынан мұндай игілікті іске ықылас бол­маған. Қордың жарғысында қарастырыл­ған міндеті болып табылатын А.Байтұр­сынұлының еңбектерін басып шығару, шығармаларын насихаттау және тарату, сонымен қатар мұражай-үйін ұқыпты ұстау және экспонаттармен толықтыру тағы-тағы осы сынды мақсат-міндеттер сөз жүзінде межеленгенмен, іс жүзіне асыруға қажетті деңгейде ден қойылмады. Осының салдарынан 1999-2005 жылдар аралығында мұражай-үйдің ахуалы сын көтермейтін халге жетті. Мұны БАҚ пен жергілікті телеарналарда өзекті мәселе етіп көтерген менімен «жауласты». Мұражайдың сақталуына тікелей мұ­рындық болған мемлекеттің өзі. Мәселен, 1997-1998 жылдары Үкімет тарапынан ға­лымның 125 жылдық меретойына орай, Рес­публикалық бюджеттен ақша бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жартылай атқа­рылды. 2006-2007 жылдары Алматы қаласы әкімі И.Тасмағамбетовтің қолда­уымен күрделі жөндеу жұмыстары жүргі­зілді. 2015-2016 жылдары Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбектің тарапынан жылу та­сымалдайтын құбырлардың жарамсыз бо­лып қалуы салдарынан 3 жыл бойы тоқ­тап қалған жылуды қосу ісі қолға алынды. Істен шыққан құбырлар қайта жа­сақталды, ағымдағы бірқатар жеңіл жөндеу жұмыс­тары жүргізілді. Осылайша ауық-ауық бө­лінген жергілікті бюджеттің арқасында «Ах­мет Байтұрсынұлы мұра­жайы экспози­циясының ғылыми тұжы­рымдамасы және тақырыптық-экспози­циялық жоспары» қайта жасалып, мұра­жайда жаңа тіршілік басталды. Ахметке өзі тұрған үйді қимай­тын­дар табылып, жік шығарып, түрлі қи­тұр­қы іс-әрекеттерге барғандар да болды... Мұ­ражай-үйіне үйірілген «қара бұлтты» се­йілтудің жолын іздеп шырылдағанымда, қаншамасы сырт айналды?! Ахаң үйіне ара­ша сұраған тұста өз үнін қосқан басылым – «Ана тілі» ап­талығы мен «Түркістан» га­зеті болса, те­ледидардан ел назарын қа­рат­қан тек – «31-канал» еді. Міне, осылайша төр­­тінші биліктің атсалысуымен жоқ-жоқ «жос­­парланбаған» жәрдемдер болып тұрды. – Мемлекет меншігіне өтсе, енді қан­дай жеңілдіктер болады? – Осы уақытқа дейін мұражайда штат болған емес. Айтуға да ұят. «Айта, айта Алтайды, Жамал апа қартайды» демекші, 26 жасымнан осы мұражайда негізгі кәсібім оқытушылықпен қатар, қоғамдық негізде «күлімен кіріп, отымен шығып» келемін. Қазір жасым – 54-те, осы ара­лықта қор тарапынан айлық былай тұр­сын, алған алғысым жоқ. Қаламымды кү­рекпен алмастырған күнім көп. Туыс­тарым, қоғам белсенділері, ҚазҰУ-дегі ұжымым мен студенттеріме рақмет, уақыт тауып көмек қолын созатын. Мемлекет штат береді. Тұ­рақты айлық береді. Ең бастысы, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйі мемлекеттік мекеме деп айтқанның өзі қандай мәртебе! Тарихи тұлға – жекешелеп алатын зат емес. Ол – мемлекет және қоғам қайраткері. Саналы ғұмырын ұлтына арнаған халық адамы. Ендеше, оның мұрасын іздеуші де, жоқтаушы да, насихаттаушы да – халық пен мемлекет! Демек, халқы үшін құрбан бол­ған қайран ердің қамқоршысы да, қолдау­шысы да мемлекет! – Келесі жылы ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы. Қандай игі шаралар атқарылмақ? – Жоспар көп. Ғалымның төл туын­дылары, оның ғұмыр жолы мен шығарма­шы­лығына арналған кітаптарды қайта шығару; ЮНЕСКО көлемінде атап өту үшін арнайы комиссия құрамы жұмыс істеуде, оның нәтижесі алдағы қараша айында белгілі болады деп күтудеміз. Ең бастысы, жылдар бойы шешімін таппай шиеленіскен өзекті мәселенің нүктесін қойып берген қала әкімі Бақытжан Са­ғынтаевтың мұражай-үйді қоғамдық қор­дан коммуналдық меншікке беру туралы қаулысы ғұламаның 150 жылдығына ар­налған іс-шараның ең ізгі шашуы болды.

P.S.

Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің мемлекет меншігіне өткеніне қуанбаған қазақ кемде-кем. Алайда Алматыда музейі болуы тиіс тағы бір Алаштың қадірлі тұлғасының бірі – Санжар Асфендияров. Алаш қайраткерінің үйі де қараусыз қалып қойыпты. Тарихшы Алмас Жүнісбай «Алматыда Санжар Асфендияровтың үйі бар. Бұл үйдің қазіргі күйі нашар, күрделі жөндеу және реставрация жұмыстарын талап етіп тұр. Бұл үй Алматы қаласының тарихи нысандар тізіміне кіргенімен, түрік консулдығының жерінде тұрған соң, қалалық әкімдіктің онымен шаруасы жоқ. Ол үйде Санжармен бірге Хәлел Досмұ­хамедұлы да тұрды емес пе? Оның дәлелі ретінде үйдің қабырғасына бір емес, үш бірдей ескерткіш тақта орнатылған. Олардың бірде-біреуі көрінбейді» деп жазды. Санжардың үйі бар да, музейі жоқ. Бір музей ашып беруге қауқарымыз жетсе де, өкінішке қарай, әлі күнге орындалмай келеді. Қираған үйді қалпына келтіріп, музейге айналдыруға болар еді. Әттеген-ай, дейсің...

Әңгімелескен Айым БЕКТҰР