Тілдің тұғырын көтеретін заң
Тілдің тұғырын көтеретін заң
222
оқылды

«Бұдан былай қазақ тілі – міндетті, орыс тілі – қалауы бойынша»: отандық ақпарат құралдарындағы осы тақы­леттес, тақырыптас жаңалықты солтүстік көршідегі әсі­реимперияшыл күштер буынсыз жерге пышақ ұрғандай қабылдапты. Ресей пропагандасы жыны ұстаған бақ­сы­дай еліріп, зіркілдеп қоя берді. Бірақ оған, тіпті де негіз жоқ. Қазақстан азат мемлекет ретінде мемлекеттік тілін нығайту ісін бірізді, жүйелі түрде жалғастырып жатыр. Ал орыс тілін шектеген ешкім жоқ. Мәжіліс құптаған заң Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту болғалы тұр.

Көршідегі қаскөй күштер босқа кіжінеді

Негізі, жарнама немесе өзге де көрнекі жазулар орыс тілінде жа­зылмасын деген талап жоқ. Қол­да­­­ныстағы заңнамада керісінше, рек­визиттер мен көрнекi ақпаратта орысшасы қазақшамен қол ұс­тасып, қатар жүретіні көрсетілген: «Екі тілдегі мәтін келесі ретпен: мем­ле­кеттiк тiлде – сол жағына не жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына не төменгi жағына орна­ласады». Оны аз десеңіз, қазақшасы да, орысшасы да бiрдей өлшемдегi әрiппен жазылады! Бұрыннан бар бұл тәжірибе-талап ары қарай сақ­талады. Ең құрығанда, мұндай жағдайда «мемлекеттік тілдегі мәтін ірілеу қаріптермен терілсін» деген талап енгізуге болар еді. Тағы бір жайт назар аудартады: сөз болып отырған «Кейбір заң­намалық актілерге көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын Мәжіліс 2021 жылғы 24 ақпанда І оқылымда ма­құлдады. Сонда шулаған ешкім болмаған еді. Мәжіліс 6 қазандағы жалпы отырысында осы аса маңызды жобаны енді екінші оқылымда құптап, Сенатқа жолдады. Алда оны се­наторлар қарайды. Яғни, заң жо­басы әзірге Президенттің қол қо­юына да түскен жоқ, күшіне де енген жоқ. Өмірге қашан жолдама алатыны белгісіз, оның қабыл­да­нар-қабылданбасы жо­ғарғы па­латаға тәуелді. Сақ сена­торлар Мә­жілістің ұлтжанды депу­таттары енгізген өзгерістерді сы­лып алып тастамаса болғаны. Қолданыстағы 1 кодекске және 16 заңға түзетулер енгізетін бұл заң жобасының мақсаты – сыртқы жарнамалар мен әртүрлі маңдай­шалардағы, басқа да реквизиттер мен көрнекі ақпараттардың мем­лекеттік тілде дұрыс жазылуы және мәтіндердің тең түпнұсқалы аудар­масы бойынша қосымша талап­тарды белгілеу. Депутаттардың айтуынша, бұл жерде мәселе өзге тілді кемсітуде емес, әбден аяқасты болған мем­ле­кеттік тілді көтеруде. Әйтпесе, жар­намалардың, маңдайшалар­дың қазақша мәтіні тілдің абы­ройын түсіруде, қазақтілділердің құқығына нұқсан келтіріп жатыр. – Бүгінде халықты мемлекеттік тіл мәселесі алаңдатады. Сай­лау­шылар жиі көтеретін мәселенің бірі – көрнекі ақпараттағы қазақша мәтіннің сауатсыздығы. Көбіне, тіпті қазақ тіліндегі мәтіні болмай шығады. Осыны ескере отырып, жобада нақты талаптар енгізілді. Атап айтқанда, елді мекендердің, басқа географиялық объектілердің дәстүрлі тарихи қалыптасқан қазақы атауларын тек мемлекеттік тілде жазуға, мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мен маң­дайшаларын мемлекеттік тілде, қажет болған кезде ғана орыс ті­лінде жазуға, жол белгілеріндегі жазбаны мемлекеттік тілде жазуға, хабарландыру, жарнама, прейс­курант, ас мәзірі, баға көрсеткіш­тері, жол нұсқағыштар мен басқа да көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс және басқа тілдерде орналастыруға бағытталған түзетулер енгізілді, – деп түсіндірді Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғали. Сондай-ақ Денсаулық кодек­сіне дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар нұсқаулықтарының, таңбасының, стикерлерінің бар­лық мәтінін «Тіл туралы» заң та­лап­тарына сәйкес, түпнұсқалық пен орфографияны сақтап жазуға міндеттейтін толықтыру енгізілді. Әйткенмен Мәжілістегі тіл жа­нашырлары бірқатар игі ұсы­ны­сының өтпей қалғанына қынжы­лады. «Сондықтан мемлекеттік тілге қатысты бөлек заң жобасын да­йындап, оларды сонда кең көлемде қарастыруға ұйғардық. Ал мына түзетулер қоғамда, ақпарат құрал­дарында, әлеуметтік желіде жиі көтеріліп жүрген қазақ тілінің мәр­тебесі мәселелерін шешуге бір қадам жақындатады. Бұл ұсы­ныстар әрбір азаматтың, әсіресе кәсіпкерлердің тілге қатысты жауапкершілігін күшейтеді», – деді жұмыс тобының жетекшісі.

«Сапалы әйел», «бай таңда!»

Білім және ғылым министр­лігінің Тіл саясаты комитеті бұл проблеманың аса өзекті екенін, сол себепті Парламентте қаралып жатқан заңның өте маңызды әрі қажетті екенін атап өтеді. «Ғимараттардың кіреберісінде, шатырлар мен қасбеттерде, өзге де орындарда орналастырылатын жеке және заңды тұлғалардың ата­уы, қызмет түрі туралы және өзге ақпараттардың, маңдайшалардың мемлекеттік тілдегі мәтіндерінде грамматикалық және стилисти­калық қателерге шектен тыс жол беріледі. Бұл қоғамның теріс реак­циясын туғызады. Шетелдік аза­маттар алдында ел беделіне нұқсан келтіреді. Қазақ тілінде жазыл­ғанды қазақтілділердің өзі түсіне алмайды. Бұл тұтынушылардың жалпы сауаттылығына теріс әсер етеді. Мұндай маңдайшалар аза­маттардың тіл таңдау, сол тілде дұрыс, қолжетімді ақпарат алу құ­қығын шектейді», – деп мәлімдеді Тіл комитеті.
Мемлекеттік тілге қатысты тү­зетулер еріккеннен жасалып отыр­ған жоқ, ол қажеттілік: Қазақстанда көптеген адам әлі күнге мемле­кеттік тілді білмейді, салдарынан тұтынушылар сауда орындары мен әртүрлі ұйымдарда қазақ тілінде қызмет ала алмайды. Осы орайда ең құрығанда қазақ тілінде ақпа­раттардың болуы маңызды. Әзірге, сорақысы сол, көп жерде ақпарат тек орыс тілінде орналастырылады. Заң жобасы осы кесір тәжірибеге тосқауыл қоюы тиіс.
«Ең жиі кездесетін пробле­ма­ларға маңдайшалардағы орфо­гра­фиялық және стилистикалық қа­телерді, қызмет көрсету саласы қыз­­меткерлерінің қазақ тілін біл­­­­­­­ме­уін жатқызуға болады. Мұны аза­маттар Конституцияның 14-ба­бын­да бекітілген өз құқықтарын аяқ­­қа таптау деп есептейді», – деп дәйек­тейді Тіл комитеті заң жо­­басына қатысты талдамалық нысанында. Ведомство еліміз бойынша кә­сіпкерлік субъектілердің қыз­метіне талдау жүргізе келе, жиі кездесетін бұзушылықтарды анық­тады. Бі­ріншіден, маңдайшалар тек бір тілде, орыс тілінде жазы­лады. Екіншіден, көрнекі ақпараттың қазақша және орысша мәтіндерінің мағынасы мен мазмұны сәйкес келмейді. Мысалы, жарнама­лар­дың бірінде «Бай таңда!» деп жа­зылған екен. Бірақ мұның жең­ге­тайлыққа еш қатысы жоқ, тек «Богатый выбор!» дегенді білдіреді. Кейде «Көңіл!» деген жазуды бай­қауға болады, онысы «Внимание!» (дұрысы: Назар аударыңыз!). Тіл комитеті көрнекі ақпарат­тардағы оғаш, қисынсыз өзге де аудармаларды мысалға келтірді. Мысалы, ас мәзірінде «лимон дәмі бар қара шай» деп көрсетіліпті. Бірақ осы ақпаратқа сеніп, тап­сырыс берген қазақтілді азаматтың көңілі қалуы, мұның арты шие­леніске соқтыруы мүмкін. Себебі даяшы жасыл шәй әкеледі: әлгісі «чай зелёный со вкусом лимона» дегенді тәржімалаған түрі екен. Бұдан бөлек, «төмен бағалар­мен қасиет техникасы – качествен­ная техника по низким ценам» (дұрысы: төмен бағадағы сапалы техника), «Еркек киімнің салоны – Салон мужской одежды» (дұрысы: ерлер киімі салоны), «Сапалы әйелдер іш киімі – Качественное женское нижнее белье» (дұрысы: сапалы әйел емес, әйелдердің са­палы іш киімі), «тілек қосуға бо­лады – по желанию (дұрысы: қа­лауы бойынша), «баспасөз үшін сарымсақ – пресс для чеснока» (дұрысы: сарымсақ сыққыш), «салмакка киім – одежда на вес» (дұрысы: өлшеулі киім). Ал цып­ленок табака дегенді «темекі тауық» деп жаппай аударып жүр. Бұл сөз түріктің «табак» (табақ) сөзінен алынған. Ендеше «табақ балапан» деген жөн. Үшіншіден, мәтіндер қазақша жазылғанымен, оларда емле қате­ле­рі өріп жүреді: мысалы, ашык, ду­кен, уялы телефон, төмең баға­мен, токыма бүйымдары және басқасы.

Одақтастардың озық тәжірибесін қабылдасақ

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуын­ша, кейінгі жылдары қазақ­стан­дықтар тарапынан көрнекі ақпа­раттарда мемлекеттік тілге қатыс­ты заңнама талаптарының бұ­зылғаны туралы шағым көбейіп­ті: жергілікті әкімдіктерге 2016 жылы – 4 665, 2017 жылы – 10 441, 2018 жылы – 12 886, 2019 жылы 12 900 шағым түсті. Жұрт карантинге қамалған 2020 жылы өтініш саны азайды: былтыр көрнекі ақпарат бойынша қауырт желіге (call center) 3 442 арыз айтылған. Сол себепті заң жобасында көрнекі ақпараттың мәтініне Тіл комитетінің келісімін алу туралы норма енгізілген. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, Ресейде, Украина мен Беларусьте уәкілетті меморганның рұқсатынсыз маң­дайша орналастырылмайды. Ведомство ұсынып отырған өз­­геріске сәйкес, маңдайша орна­лас­тырғысы келетін ұйым кемінде 5 жұ­мыс күні бұрын жергілікті атқа­рушы органға хабарлама жі­береді. Хабарламаға маңдайшаны орна­лас­тыру орны туралы ақпарат және маң­дайшаның қазақ-орыс тілде­рін­дегі эскизі қоса беріледі. Осыдан кейін әкімдік маңдайша мәтінінде грамматикалық, орфо­гра­фиялық қа­тенің жоғын, мәтін­нің дұрыс ау­да­рылуын қарайды. Жергілікті ат­қарушы орган түзету-ескерт­пе­лерін 4 күн ішінде беруі тиіс, мұндай жағ­дайда маңдайша сол ескертпе ес­ке­рілген жағдайда ғана орналас­ты­ры­лады. Егер ше­неуніктер созба­лаңға салып жі­берсе, 4 жұмыс күні ішінде жауап ұсынбаса, өтініш бе­ру­ші маңдай­шаны өзі мәлімдеген күй­де орна­ластыруға құқылы болады.

P.S.

Заң жобасын пысықтауда үлкен іс тындырылғаны байқалады. Жұмыс тобы барлық мүдделі тарап­тың – бизнесмендер құқығын қорғай­тын «Атамекеннің», тілге жанашыр «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы өкіл­дерінің, басқа сарап­шылардың пікірін ескерген. Осының арқасында заң жобасын Мәжіліс депутаттары бірауыздан («жақта­ғандар» – 98, «қарсылар» – 1) қа­былдады деуге бо­­­лады. Құжат басы артық түзеп-кү­зеуге ұшырамай қа­былданса, еліміз кө­шелердегі мем­лекеттік тілде қате жа­зылған ақпа­раттан арылады деген сенім бар.

Айхан ШӘРІП