12 қазан күні Қазақстан Париж қаласының сотында Түріктің Tasyapi Insaat Taahhut San. ve Ticaret A.S. компаниясын арбитраждық іс бойынша жеңді. Енді төрелік шешімге сәйкес, Ташяпы Қазақстанның пайдасына 6,7 млрд теңге төлеуі қажет. Сонымен қатар сот Ташяпыны Қазақстанның 30 000 еуро көлемінде кеткен сот шығынын өтеуге міндеттеді. Бұл Қазақстанның халықаралық соттардағы кезекті жеңісі болып отыр. Ендеше инвесторлар Қазақстанмен неге жиі соттасатын болып жүр? Биыл халықаралық соттарда мемлекеттің мүддесін қорғау үшін 21,2 млрд теңге бөлінген екен. Соңғы он жылда бұл соманың 12 есе өскенін аңғаруға болады. Өйткені 2010 жылы бұл мақсатқа бюджетте 1,8 млрд теңге көзделген. Сонымен, Қазақстан осы жылдар бойы қай компаниямен не үшін дауласып жүр?
Инвестклиматтағы жайсыз ауа райы
Еліміздегі саяси ахуалдың икемділігі мен бейбіт ұстанымы Қазақстанды инвестиция құю жағынан тартымды экономика ретінде қалыптастырып отыр. Осы себепті де Орта Азияда республикамыз шетелдік тікелей инвестицияларды тартуда көшбасшы саналады. Тәуелсіздік жылдарында мемлекетімізге $350 миллиардқа жуық инвестиция келген екен. Ал соңғы бес жылда Қазақстан жыл сайын орташа есеппен $21,3 миллиардқа жуық инвестиция тартқан. Мәселен, әлемді пандемия дүрліктірген 2020 жылдың өзінде елімізде жалпы сомасы $1,3 млрд болатын 25 ірі инвестициялық нысандар пайдалануға беріліп, 3 800-ден астам жұмыс орны ашылған. Олардың арасынан Алматы қаласында оңтүстіккореялық Hyundai компаниясының автомобильдерін, Қарағанды обылысында немістің Linde Group компаниясының техникалық газдарын және Алматы облдысында БАӘ-нің Ancil Fund компаниясының құрама жемдерін шығару зауыты сынды маңыздыларын атап өтуге болады. Инвесторлар үшін елімізде қолайлы жағдай жасалған: оңайлатылған салық режимі, үнемі жетілдіріліп тұратын ұлттық заңнама, әркез кеңейтіліп тұратын инвестициялық преференциялар пакеті бар. Бірақ «үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» демекші, инвесторлардың арасында жосықсыз, арам пиғылдылары да бар болып шықты. Олар Қазақстанды халықаралық соттар мен арбитражға сүйреп, ел экономикасына инвестиция тартуға кедергі келтіріп отыр. Бұл туралы биыл Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның өзі де алаңдаушылық білдіріп, Үкіметке сауал жолдаған болатын. Бұл жағдайды реттеу үшін нақты да ашық механизм орнатуды ұсынған ол инвесторлармен соттасу Қазақстанның беделіне нұқсан келтіретінін атап өтті. «Елімізде арбитражбен жұмыс істеу үшін Бас прокуратурада, Мемлекеттік кірістер комитетінде және Әділет министрлігінде бірқатар мамандандырылған бөлімшелер құрылған. Бірақ соған қарамастан бұл көрсеткіштер жыл сайын өсіп келеді. Оның басым бөлігі инвестициялық даулар. Бұл біздің со және құқық қорғау жүйесі үшін стресс-тест болып отыр. Дауларды талдау кезінде экономикалық және тағы да басқа салалардағы мемлекеттік басқарудағы жүйелі түрде жіберілетін кемшіліктер анықталған. Мәселен, соның бірі өкілетті мемлекеттік органдардың жұмыс бағдарламасы деңгейінде инвестордың міндеттерін анықтау тәртібіне қатысты», – дейді Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева.Сараң екі рет шығындалады
Ал бұған дейін 2003-2019 жылдар аралығында Қазақстан халықаралық соттар мен арбитраждарда 26 дауға қатысып жалпы сомасы $19,7 млрд. болатын талап-қарыздарды жеңіп шыққан екен. Оның 16-сы еліміздің пайдасына шешілген болса, 7-еуі бейбіт жолмен реттеліп, тек 3 істе ғана ұтылған екенбіз. Талап-қарыздардың барлық сомасы $24 млрд болған. Ал бұл дауларда ел мүддесін қорғау үшін $2 млрд жұмсалған. Еліміздің инвесторлармен соттасу үшін орасан көп ақша төлейтіні туралы бір кездері жағымсыз пікір туындаған болатын. Мәселен, 2020-2022 жылдарға арналған үш жылдық бюджет талқыланған 2019 жылы Әділет министрлігі бұл мақсатқа жыл сайын 17,6 млрд теңге сұраған болатын. Аталған сома бүгінде өзгере келе 21,2 миллиардқа жетіп отыр. Бұл ретте осы үш жылда қаралатын даулардың саны 22 екен.«Біз заңгерлер мен консультанттарға жұмсаған 1 доллардың орнына Қазақстанның 60 долларға сай келетін мүддесін қорғап қалдық. Сараң екі рет шығындалады демекші, біз мұндай қадамға бармағанымызда, онда одан алпыс есеге шығынға батқандай екенбіз. Өйткені әрбір шағым беруші Қазақстаннан орасан сомаларды талап етеді. Оларды жеңіп шығу үшін қорғанысымыз да соған лайық болуы тиіс. Егер Дауларды реттеудің халықаралық орталығын қарайтын болсаңыз, Қазақстанның жалғыз емес екенін көресіз. Онда 86 ел бар. Оның 82-сі біз секілді консалтинг жалдайды. Қалған төртеуі өз күштеріне сүйенеді. Солардың бірі Аргентина, мәселен 1995 жылдан бері істердің 90%-ында ұтылумен келеді. Өйткені олар үнемдемек болған», – дейді Әділет вице-министрі Алмат Мадалиев.Жеңісті мысалдың бірі ретінде биыл аяқталған бір істі айтуға болады. Сонау 2000 жылы басталған бұл іс бойынша канадской World Wide Minerals Ltd компаниясы Қазақстаннан $1,9 млрд талап еткен екен. Бірақ әуелі Американың соты, одан соң Англиядағы арбитраж бұл шағымдарын қанағаттандырмай, тек 2019 жылы қазан айында трибунал ғана сол соманың 0,725%-ын төлеуге, яғни салған инвестицияларының басым бөлігін өндіріп алуға шешім шығарған болатын. Оған қосымша сот шығындары бар. Осылайша, жалпы сома $50 млн болған. Мәселенің мәнісі – Қазақстан елімізге 1996 жылы уран өндіруге келген бұл компанияға уранды экспорттауға лицензия бермей қойған. Осылайша, өзіне алған міндеттемелерін бұзған. Бұл шешімге Англияның Жоғарғы сотына шағым түсірген Қазақстан өз уәжінде трибунал шығындарды бағалау және тұжырым жасау кезінде тиісті дәлелдемелерді жинауда заңбұзушылықтарға жол берді деп көрсетті. Осылайша, канадалық компанияға $500 мың сомасындағы сот шығынын төлеу міндеттелді.
Нұрлан ҚОСАЙ