Қазақстанға көшіп келуші қандастардың саны азайып барады. Әсіресе, Қытайдан қоныс аударатын қазақ саны азайғанын сарапшылар Шыңжаңдағы мұсылмандарға көрсетіліп жатқан қысымнан бөлек елдегі заңның өзгеруімен де байланыстырып отыр.
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын. Сөйтіп, заңның кейбір құқықтық – нормативтік актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бүгінде шетелдегі қазақтармен байланыс жасап, олардың атажұртқа оралуына кең жол ашу мақсатында құрылған «Отандастар» қоры мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы шеттегі ағайындармен ұдайы байланыс жасап келеді екен. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыс орнатылған. Қор жанынан елге көшіп келген қандастардың жаңа ортаға бейімделуі үшін жұмыс істейтін Бірыңғай байланыс орталығы мен Қоғамдық қабылдау фронт кеңселері де аймақтарда жұмыс істеп тұр. Кеңсе мамандары елге келген қандастарға қажетті нормативті-құқықтық актілер бойынша ақпараттық және консультативтік кеңес беріп, туындаған мәселелердің нақты шешілуіне қолдау көрсетіп келеді. Алайда арғы жылдарға қарағанда шетелден келетін қандастардың саны күрт төмендеген. Мәселен, ресми статистика бойынша, кейінгі жылдары Қытайдан келетін қазақтардың саны азайып барады. Сарапшылар мұны Шыңжаңдағы жағдай мен көші-қон заңының өзгеруімен байланыстырады. Алайда елімізге сырттан көшіп келуші қазақтар санының азаюы Қытай қысымынан бұрын-ақ байқалды.Мәселен, 2012 жылы 39 401 адам атамекеніне қоныс аударса, 2016 жылы 33 000 адам Отанына оралған. Ал 2017 жылы – 18 605, 2018 жылы – 14 541, 2019 жылы – 17 661, 2020 жылы 13 046 адам Қазақстанға көшіп келген. Соның ішінде 2012 жылы 11 мыңға жуық қандас Қытайдан келсе, былтыр көрші елден 6 925 қазақ атамекенге оралыпты. Былтыр қаңтар-мамыр айында 3 450 қазақ қоныс аударған болса, осы жылдың бес айында Қытайдан 661 қандас көшіп келген.
Өзгеріске өзгеріс енгізу керек
«Атажұрт жастары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қыдырәлі Ораздың айтуынша, Қытайдағы қазақтардың елге оралуына бірінші кедергі – Шыңжаңдағы қуғын. Көрші елдегі саяси қуғынға еліміздегі көші-қон заңының өзгеруі мен пандемия қатты әсер еткен. Сарапшының пікірінше, көрші елдегі саяси қысым басталғаннан кейінгі жылдары «қандас» мәртебесін алушылар саны бірде артып, бірде кеміп отырған. Дегенмен 2017 жылы көрші елдің шекарасынан келетіндер саны азайып келеді. Ал азаматтық алғандардың көбісі бұрыннан келіп алғандар. «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлімінің қызметкері, қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек өзгерген заңға өзгеріс енгізу керек екенін айтты. «2012 жылдардағы көштің тоқырауын Қытайдағы қазақтардың тұрмысының жақсаруымен байланыстыруға болады. Оның үстіне 2013 жылдан бастап бізде 4-5 жыл бойы азаматтық алуды шектейтін заң қабылданды. Ол заң 2015 жылы қайта қаралды. Білесіздер, 2016 жылдан бастап оралман мәртебесі бір жылға ғана қысқарды. Қытайдағы саяси қысымға дейін қандастар көп келді деп жатады. Бірақ олардың дені жаңадан көшіп келгендер емес. Бұрынғы заңда азаматтық алу 7 жыл, тіпті шексіз болды. Сол кезде көбісі ықтиярхатпен жүре беретін. Жиырма жыл бұрын келіп алғандар да жаппай азаматтық ала бастады. 2016 жылғы 33 мың қандастың көбісі сол бұрын көшіп келіп алғандар болатын. 80 пайызы деп айтуға болады. Ал 2018 жылы азайған себебі, 2017 жылдан бастап көрші елде мұсылмандарға қысым жасала бастаған еді. Барыс-келіс азайып кетті. Негізі, соңғы азаматтық алғандардың көбісі бұрын келгендер. Үдере көшіп келгендер өте аз», – дейді. Оның айтуынша, бұрын келгендердің азаматтық алуға асықпауының себебі – Қытайдан алатын айлықтары тоқтап қалады деп қорықты. Соңында Қытайға барып, көбі ұсталып жатты. Кейін Қытай билігінің әрекеті әлемдік деңгейде талқыланып, АҚШ қысымы болған кезде қамауға алынғандардың біразын босатты. Сол кезде біразы қашып келіп, жаппай азаматтық ала бастаған. Бұл сөзді Шыңжаңнан көшіп келген қазақтардың құжатын жөндеп, азаматтық алуға көмек көрсететін «Қайырымды қандастар» ұйымының жетекшісі Баһаргүл Табыс та растап отыр. Айтуынша, 2017-2018 жылдары Қазақстанға қоныс аударғанына 5-10 жыл болғандардың құжатын жасаумен айналысыпты. Бұл жылдары елге жаңадан көшіп келген ешкім болмаған.«Көшті қолдан қиындатып отырмыз»
Ендігі жерде Ауыт Мұқибек өзгерген көші-қон заңы азаматтық алғандардың тиесілі ақшасына жете алмай сандалып қалуынан туындап отыр. «Мысалы, зейнетақы немесе жәрдемақы алу үшін қайта Қытайға барып еңбек өтілін дәлелдеп, анықтама алып келу керек. Қытайға бару қорқынышты болып тұрғандықтан көбісі консулдыққа барады. Консулдықта оларды ешкім қабылдамайды. Екі ортада қалған қандастар кеңес сұрап келіп жатыр. Кешенің өзінде Қарағандыдан 20 шақты адам хабарласты. Бір қарағанда, бұл – дұрыс. Себебі жалған құжат жасатып, көпбалалы болып алу көп кездесті. Бірақ Қытайдағы саяси қысымға бұл заң жығылған үстіне жұдырық болып тиді», – дейді ол. Сондай-ақ «сотталмады» деген анықтама мен тіркеуден өтіп келуді міндеттеу де Өзбекстан, Моңғолиядан келетін қандастар үшін қиындық туғызып отыр екен. «Осы екі құжатты міндеттеуді Қытайдан келетін қазақтардан алып тастады. Ештеңе болған жоқ. Сондықтан осындай артық құжатты талап етуді алып тастау керек. Осы арқылы көшті қиындатып отырмыз», – дейді Ауыт Мұқибек. «Атажұрт еріктілері» қоғамдық ұйымының өкілдері Қытайдан келетін қандастардың елге келе алмауына себеп көп екенін айтып келеді. Мәселен, көрші елде мемлекеттік қызметте істеп жүргендер зейнетке шыққанша Қазақстан азаматтығын алуға заңды түрде тыйым салынған. Екіншіден, ол жақтағы ауқатты қазақтар Қазақстанға келуге асықпайды. Үшіншіден, жағдайы төмен адамдар банктен кепілге үй мен мал-мүлік алған. Қарызын өтемей, атамекенге оралу туралы ойлана да алмайды. Әлеуметтік жағдайы орташа адамдардың құжатын жергілікті атқарушы орган жинап алыпты. Құжатсыз қалған қазақтар да шекара аса алмай арманда отыр.Жадыра МҮСІЛІМ