Көкшетауда газ тапшы
Көкшетауда газ тапшы
258
оқылды

Көкшетауда күздің алғашқы айларынан бері газ тапшы­лығы қатты сезіле бастады. Қаланың жартысына жуығы бір айдай уақыт мүлде газсыз қалған. Орталық­танды­рыл­­ған газ қосылған үйлерде тұрса да, тұрмыстық баллондарын сүйреген жұрт газ құю стансаларын жағалап жүр.

Алайда көгілдір отын газ та­ратушылардың өзінде де қасқал­дақтың қанынан қат болып шықты. Бірнешеуінде мүлде болмаса кей­бірі тек талонмен ғана шекті ме­жеде беруге көшкен. Тіпті, авто­кө­лік иелері де газ таппай әуре-сар­саңға түскендерін айтады. Күні кеше тұрмыстық газ бал­ло­нын көпқабатты үйде қолдану­дың салдарынан оқыс оқиға болды. Орталықтандырылған газ қо­сыл­ған Көктем шағынауданындағы №5а үйде газ жарылып, пәтердің бөл­меаралық ішкі қабырғалары бұзылған. Үй иесінің аяқтары күй­се, көршісі қатты шошынып, еке­уі де ауруханаға түскен. Бірақ бұл үйді газбен қамтамасыз ететін «Газ Қызмет» ЖШС басшылығы өзде­рі­нің кінәлі емес екенін айтып, ат-тонын ала қашты. Ұйым бас­шы­лығы бар пәлені тұтынушылардың өздеріне жаппақ болды. «Бұл үйде төрт күн газ болған жоқ. Ал дәл сол күні газ қосылған. Бірақ бұл үшін «Газ Қызметке» кінә тағудың қажеті жоқ. Тұтыну­шы­лар­­дың өздері кінәлі. Біз онда ба­рып топ­тық газды жаптық. Ал өрт сөндірушілер газ бал­лонын сыртқа алып шықты. Пә­тер иесі үйде бол­маған. Ол газ ре­дукто­рын ашық тастаған немесе оның баллоны газ шығарып тұрған болуы мүмкін. Біздің газ құбы­ры­ның краны жа­бық тұрған. Бұл факт», – дейді «Газ Қызмет» компа­ния­сы­ның дирек­торы Марал Каркенова. Газ таратушы ұйым директоры­ның айтуынша, қазір газ мәселесі қатты күрделеніп кеткен. Өйткені тұрмыстық газдың сатып алу ба­ғасы күрт қымбаттапты. «Біз қазір әлеуметтік шиеленіс болмас үшін өзіміз 135 теңгеден са­тып алған газды халыққа 123 тең­ге­ден сатамыз. Бірақ бұлай іс­тей бе­руге шыдас бере алмаймыз. Сон­дық­тан әкімдіктен газ тарифін кө­теруге рұқсат беруін сұраймыз», – деп толықтырды Марал Қаркенова.

Электронды сауда газ тапшылығын тудырды

Жергілікті билік өкілдерінің ай­туынша, газ тапшылығының туын­дауы Энергетика министр­лігінің әлеуметтік газды жеткізу­ші­лерді аккредитациядан өткізуі­нен кейін туындаған. Ал қаладағы бірқатар газ таратушы ұйым бұл аккредитациядан өтпей қалған. «Көкшетауда дәл қазір Энер­гетика министрлігінің аккреди­та­циясынан өткен «Көкшетау Транс Газ», «Обл Газ» және «Шерол-2017» ЖШС-ы ғана жұмыс істейді. Ал қала тұрғындарынан көп шағым түсіп жатқан «Газ Қызмет» пен жеке кә­сіпкер «Джуркин» аккре­дитация­дан өтпеген. Олар газды жоғары­­да­­ғы газ таратушы ұйым­дардан ала­­ды. Министрлік пан­демияға бай­­ла­нысты қайта өңдел­ген газды элек­тронды сауда ала­ңына шығар­ған. Ал онда газ бир­жасында қан­­дай жеткізуші ең жо­­ғары баға қой­са, сол сатып ала­­ды», – дейді қала әкі­мінің орын­басары Серік Құдабай.

Көгілдір отын қымбаттап кеткен...

Жалпы, көгілдір отын тапшы­лы­ғы елімізде тұтас етек ала баста­ғаны байқалады. Яғни, бұрын бір облысқа жеке бөлінетін газ енді электронды биржа арқылы сатыла бастаған. Ал биржадағы бағаны мем­лекет мүлде реттемейді. Бұған дейін газдың келісін ақмолалықтар 70-80 теңгеден сатып алатын. Қазір биржада газдың құны 100 теңгеден асып жығылған. Ал газды жеткі­зушілер оны өз бетінше дербес сатып алуға көшкен. газ «Қазір әр газ таратушы ұйым көгілдір отынды өзі жеке сатып алады. Сондықтан газ таратушы ұйымдар осындай күрделі жағдайға тап болды. Олар қажеттіліктеріне қарай газды таңдай алмайды», – дейді Ақмола облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық басқармасының газбен қамту бөлімінің басшысы Жас­қайрат Садықов. Спикерлердің айтуынша, Көк­шетау қаласының әкімдігі Энер­гетика басқармасымен тікелей жұмыс істеп, газдың қызмет көрсе­туші ұйымдарға жеткізілуін қада­ға­лап отырады. Қала әкімдігінің мә­ліметінше, жалпы қалада барлы­ғы 238 газ тарату қондырғысы бол­са, қазір соның тек 112-сі жұмыс іс­­теп тұр. Оған 285 көпқабатты тұр­ғын үй қосылған. Ал орталық­тандырылған газбен шаһардың небәрі 41,4 па­йызы ғана қамтылған.

Орталықтандырылған газдан бас тартқан

«Қалаға бутан-пропан қоспасы пропанның кемінде 70 пайыздық жоғары ылғалдылығымен жеткі­зіледі. Ал ол қатты аяз болған кезде жерден шыққан газ құбырларының қатып қалуына әкеліп соғады. Ор­та­лықтандырылған газ желісі қал­пына келтірілген үйлерде жөн­деу ке­зінде газ құбырларын бұзу факті­лері де кері әсерін тигізген. Тіпті, ор­­талықтандырылған газдан бас тарт­­қандар да кездеседі. Яғни, ере­жені бұзғандар көпқабатты үйлер­де газ баллондарын қолда­нады. Осын­дай себептерге байла­нысты 4 200-ден астам тұтынушы газға қосыл­ма­ған», – дейді Көк­шетау қаласы әкі­мінің орынбасары Се­рік Құдабай. Әкімдік мамандары аккредит­теуден өтпеген кәсіпорындарға газ тарату қондырғылары осыдан көп жыл бұрын берілгенін айтады. Ведомствоның мәліметінше, жеке кәсіпкер «Джуркин» мен «Газ Қызмет» ЖШС кәсіпорындарына газ тарату қондырғылары 2006 жы­лы берілген. Яғни, бұл кезде жер учаскелері мен техникалық құжат­тары мүлде болмаған. Ал жергілікті билік құжаттарды қал­пына келтіру және конкурс өткізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Де­генмен «Қазақстан Республика­сын­да газ және газбен қамту ту­ралы» заң 2012 жылы қабыл­данған. Ал әкімдіктің газ тарату ұйымдарын сол уақыттан бері құжаттарын тәр­тіпке келті­руін талап етіп, ба­қы­лауға алма­ғаны тағы түсініксіз.

Газбен қамту инспекторы жоқтығынан жазаға тарта алмайды

Спикерлердің айтуынша, өзі­нің міндеттемелерін орындамаған жағдайда газ таратушы ұйымдар айып­пұл түріндегі әкімшілік жа­уапкершілікке тартылуы тиіс. Алай­да қазір Көкшетауда газдан­дыру мәселелері бойынша инспек­тордың болмауына байланысты айыппұл да сала алмайды. Мәсе­лен, қаншама тұрғынды газсыз қал­дырған «Газ Қызметке» газдан­дыру мәселесі инспекторы болмай еш жаза қолдана алмайды. Жергілікті билік жақын арада қаладағы газ мәселесі төңірегінде дөңгелек үстел ұйымдасты­ры­ла­тынын жеткізді. Мұнда газ тарату­шы ұйымдардың өкілдері қатысып, қаланы газбен қамтудағы өткір мәселелер мен оны шешудің жол­дары қарастырылмақ.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы