Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада ақын Мұратхан Шоқан әзірлеген «Үздік 30 ауыл» анықтамалық альбомының тұсаукесері өтті. Аталған жинақ үздік ауылдарды өзге ауылдарға үлгі-өнеге етіп, ауылын көркейтуге өлшеусіз үлес қосып жүрген іскер азаматтарды дәріптеп, сол арқылы кәсіпкер азаматтардың, жастардың назарын туған ауылына бұруды мақсат етеді. Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тұсында жасалған ерекше тарту болмақ.
Nur Otan партиясының бастамасымен өткен іс-шараға Ұлттық экономика вице-министрi Әлішер Әбдіқадыров, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс пепутаты Мақпал Мыса, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов пен Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев қатысты. Альбомға енген бірнеше аудан мен ауыл әкімдері, атап айтқанда, Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының әкімі Юржан Бекқожин, Нұра ауданының әкімі Аян Шалмағанбетов, Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданының әкімі Тілек Көшмағанбетов, Түпқараған ауданының әкімі Айбек Қосуақов, Ақмола облысы Целиноград ауданының әкімі Бақытбек Оспанбеков те жиыннан тыс қалған жоқ. Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Родина ауылының көркеюіне атсалысып жүрген елге белгілі меценат, кәсіпкер, Қазақстанның Еңбек ері Иван Сауэр, «Шахтерское» ЖШС директоры Виталий Прокоп, «Зенченко и К» ЖШС директоры Геннадий Зенченко, «Дайындық-Агро» ЖШС директоры Біржан Шаймерденов, «Победа» ЖШС директоры Владимир Поляков пен «Көктал-Агро»ЖШС директоры Жәнібек Оханов та осы жерден табылды. «Үздік 30 ауыл» анықтамалық альбомы идеясының авторы Мұратхан Шоқан жаз бойы еліміздің барлық облысын аралап, материал жинап, оны жинақ қылып жарыққа шығарған. Қазіргі кезде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Тұлға-достық» қоғамдық қорының директоры атанып отырған ол кітаптың маңызына ерекше тоқталды.«Ауыл – қазақтың қасиетті мекені, алтын бесігі. Ауылдың орны қашанда бөлек. Қазақстан Тәуелсіздігінің отыз жылдығына орай, осы альбомды шығаруды жөн көрдім. Бұл кітапта еліміздің әр облысында ең үздік саналатын ауылдардың тыныс-тіршілігі сипатталған. Басты мақсат – осы альбом арқылы сол үздік ауылдарды өзге ауылдарға үлгі ету, сонымен қатар, ауылын көркейтуге өлшеусіз үлес қосып жүрген іскер азаматтарды дәріптеу әрі осы жоба арқылы кәсіпкер азаматтардың, жастардың назарын туған ауылына бұру», – дейді Мұратхан Шоқан.Сондай-ақ Ұлттық экономика вице-министрi Әлішер Әбдіқадыров ауыл мәселесінің өзекті болып тұрғанын тілге тиек етіп, мұндай жинақтың алдағы кезеңде де жалғасын табуына тілектестік білдірді.
«Ауыл мәселесі қашан да басты назарда тұруы тиіс. Атам қазақ «Ауыл болсаң – қауым бол» деп бекер айтпаған. Сондықтан еліміздегі ауылдарды дамытуға, көркейтуге осы кітапқа кіріктірілген материалдар, деректер септігін тигізеді деп ойлаймын. Мұратхан аға, болашақта үздік отыз ауыл емес, үздік үш жүз ауылдың жағдайы баяндалатын жинақ шығаруыңызға тілектеспін!» – дейді ол.Жоғарыда өз кәсібінің ғана күйін күйттемей, елі мен жұртына болсын деп ауылдарды көркейтуге үлес қосып жүрген меценат азаматтарды атаған едік. Соның бірі – «Шахтерское» ЖШС директоры Виталий Прокоп. Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы жайлы баяндаған ол, әлі де бұл іске қамқорлық пен тиімді жобалар көбеюіне қажетін жеткізді.
«Ауыл тұрғындарының өмір сапасы туралы бізден артық ешкім білмейді. Себебі, біз кәсіпкерлікпен айналыссақ та, ауылдан ешқайда кетпедік. Өзіміз де ауылда тұратындықтан, айналамызға жағдай жасап, өмір сапасын арттыруға күш саламыз. Жастар да ауылда еңбек етеді. Мысалы, менің немерем ауылда мен барған балабақшаға барады. Үлкен немерем мен оқыған мектепте оқиды. Ал ұлым қасымда инженер болып жұмыс істейді. Мен балаларымды ірі қалаларға немесе шетелдерге оқуға жібермеймін. Жастардың ауылдан кетпей, өсіп-өнген жерін көркейтуге үлес қосуына ынталандыруға тырысамын. Мұратханның осындай жоба іске асырғысы келетінін естігенде, бәріміз қолдай кеттік. Бұл тек бастамасы деп білемін. Бұдан кейін де ауылды көркейтер жобалар көбейсін», - деді кәсіпкер.Анықтамалық альбомның идеологиялық тұрғыда да мәні бар. Қолайлы жағдай жасалған үздік ауылдарды көріп-білу арқылы халықтың көкейінде ауылға деген көзқарас пен сенім түзелмек. Бұл жайды Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының әкімі Юржан Бекқожин де тарқатып айтып отыр.
«Үздік 30 ауыл» анықтамалық альбомы – идеологиялық маңызы зор жоба. Осы жобаға біздің ауданға қарайтын ауылдың таңдалып алынғанына қуаныштымын. Ауылды көркейту үшін көп жұмыс атқарылуда. Ауылдарда жыл сайын ғимараттар салынып, елдің игілігіне беріліп жатыр. Ауылды дамыту – маңызды міндет. Сол себепті осындай тың жобалар ауылдарды дамытуға жаңа серпін, жаңа тыныс беретіні белгілі. Мұндай жобалар көбейе берсін деп тілейміз!», - дейді.Ерекше альбомның тұсаукесері көңіл мен көкейге ой салмақ ниетте болды. Қазіргі күні ауылдардың мәселесі бүтін елді алаңдатып отыр. Олардың жағдайын елеп, ауыл ғажайыптарының қала өмірінен кем түспейтінін дәріптеуде мұндай жобалардың ықпалы зор болмақ.
Мадияр ТӨЛЕУ.