Шығыс Қазақстан облысында құтқарылған бірқазан Алматы зообағына жеткізілді. Бірқазанды Шығыс Қазақстан облысы, Глубоковский ауданы, Белоусовка ауылының тұрғындары көріп, полиция шақырған. Тәртіп сақшылары құсты қаңғыбас иттерден қорғап қалды. Қызыл кітапқа енген құс бүгін пойызбен Алматы қаласына жеткізілді. «Бұл – қызғылт бірқазанның балапаны, туғанына үш ай ғана болған. Ол жұмыртқасынан кеш шығып, қыстайтын мекеніне ұшып кетуге күші жетпеген», - делінген Алматы зообағының мәліметінде. Зообақ ақпаратына сүйенсек, ШҚО-дан жеткізілген құс - биылғы күзде Алматының жануарлар бағына жеткізілген екінші кішкентай бірқазан.