Өткен демалыс күндері қала көшелерінде сенбілік болған. Сенбілікке мыңнан астам адам шығып, 15 көше тазаланған. Әкімдіктің дерегінше, бұл – саябақтарда, жаяу жүргіншілер жолы мен аулаларда тазалықты сақтауға бағытталған қоғамдық шара.
"Мұғалімдерді сенбілікке шығаруға ешкім нұсқау берген жоқ. Бұл – әр адамның жеке таңдауы. Сенбілік туралы хат меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдарға жіберілді. Өйткені мұндай шараларды өткізу кезінде барлық жерде солай жасалады. Келуді міндеттейтін және бұл күні сабақ өткізбеу туралы сөз болған жоқ", − дейді қала әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.Еске салайық, осыған дейін әлеуметтік желілерде Семейде мұғалімдердің көше сыпырып жүргені қызу талқыға салынған еді. Осыған байланысты білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов аталған фактіге қатысты тексеру жүріп жатқанын хабарлады.
"2019 жылдың желтоқсанында қабылданған Заң шеңберінде педагогтарды өзіне тән емес функцияларға тартуға тыйым салынады. Содан бері мұғалімдер тек тікелей функционалдық міндеттермен айналысуы керек екенін түсіну үшін уақыт жеткілікті болды. Мұндай бұзушылықтар үшін екі жүзге жуық басшы жазаланды. Олар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тіпті жұмыстан шығарылды. Семейдегі оқиғаға байланысты білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті әкімшілік іс қозғап, тексеру жүргізіліп жатыр. Қала әкімі орынбасарының бұл жағдайға қатыстылығы расталған жағдайда, аталған лауазымды тұлға және өзге тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Біз сонымен қатар қажетті шаралар қабылдау үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жүгінеміз. Қалалық білім бөлімінің басшысы да жауапкершілікке тартылады", − деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.