Атыраудағы зауыт биыл жөндеуге жабылмайды
Атыраудағы зауыт биыл жөндеуге жабылмайды
191
оқылды

Елде қалыптасқан отын дағ­дарысына орай Үкімет осын­дай шетін шешім қабыл­дапты. Осы орайда Энергетика министрі Мағзұм Мыр­за­ғалиев ішкі нарықты дизель отынымен қамту мә­селе­лері бойынша Атырау мұнай өңдеу зауытында көшпелі кеңес өткізді.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық ком­паниясының дерегінше, қазір отандық мұнай өңдеу зауыттары барынша жүктелген. Мұнай өнім­дерінің негізгі түрлері бекітілген жоспардан тіпті асыра өндірілген. Онда неге дизель тапшылығы туын­дады? Қазақстан арқылы өтетін Ресей, Қытай, Беларусь және басқа да елдердің алып фуралары құйып әкетеді. – Тамыз-қыркүйек айларында Қазақстанда дизель отынын нормадан тыс жоғары тұтынуы тіркелді. Мұның себебі дизель бағасы төмен болғандықтан, оны транзиттік жүк көліктері әкетіп жатыр. Энергетика министрлігі нарықты тез арада тұрақтандыру және сапалы отынмен қамтамасыз ету міндетін қойды. Күн сайын Шымкент зауытында шамамен 5,5 мың тонна, Атырау зауытында 4,4 мың тоннаға жуық дизель өндіріледі, – деді ұлттық компания басқарма төрағасының орынбасары Данияр Тиесов. 14 күн ішінде екі зауыт 133 мың тонна дизель отынын өндір­ді, бұл жоспарлы көрсеткіштерден 4 мың тоннаға артық. Өткен 9 айда үш МӨЗ барлығы 3,7 млн тонна дизель отынын шығарған. Сондай-ақ ол нарықта қалып­тасқан жағдайға байланысты Атырау МӨЗ-ін жөндеуді келесі жылға ауыстыру туралы шешім қабылданғанын хабарлады. Осы жылдың 9 айында АМӨЗ 4 млн тонна мұнай өңдеп, 1 168 276 тон­на дизель, 935 738 тонна бензин жасады. Энергетика министрі мұнай өңдеуші компаниялар басшыларынан МӨЗ-дердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді талап етті: «МӨЗ басшылығы мен ұжымының бірінші кезекті міндеті – зауыттың сенімді және тұ­рақ­ты жұмыс істеуі. Әртүрлі сыл­тау айтуға болады. Алайда елде мұндай жағдай енді қайта­ланбауы тиіс», – деді М.Мырзағалиев.  

Айхан ШӘРІП