«Сын шын болсын!»: фестиваль өтті дүркіреп
«Сын шын болсын!»: фестиваль өтті дүркіреп
357
оқылды

Қарағанды қаласында белгілі театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығай атындағы алғашқы респуб­лика­лық театр фестивалі өтті. Спектакльдер С.Сейфуллин және К.Станиславский атындағы театр сахналарында көрсетілді.

15 театр сынға түсті

Еліміздің 40-қа жуық театры фестиваль­ға қатысуға өтінім берді. Ұйымдастыру комитеті олардың 15-ін іріктеп алды. Бұл – «Құлагер» спектаклін ұсынып отырған Алматы қаласының Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, «Қыз Жібек» лиро-эпостық қойылымымен Нұр-Сұлтан қаласынан келген Ә.Мәмбетов атындағы Қазақ мемлекеттік драма және комедия театры, «Мен ішпеген у бар ма?» спектаклін алып келген Жезқазған қаласының С.Қожамқұлов атындағы Қазақ музык­а­лық-драма театры және басқалар. – Фестивальға 15 театр қатысты. Олардың репертуарлары алуан түрлі – классикадан бастап қазіргі заманғы драмаға дейін. Осы спектакльдердің ерекшелігі – олардың соңғы премьералары мен жас режиссерлері. Бұл Қазақстанның театр режиссурасының өсіп келе жатқанын, оның болашағы бар екенін көрсетеді, – деп атап өтті фестиваль қонағы,  Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов. Спектакльдерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Еркін Жуас­­беков бастаған қазылар алқасы баға­лады. Негізгі өлшемшарт – «Сын шын болсын!». – Әшірбек Сығай атындағы театр фес­тивалі Қазақстанда алғаш рет өтуде. Біздің басты мақсатымыз – сын айту емес, қазіргі қазақ театрына қай бағытта даму керегін анықтау, жаңа театрды көру, пікір алмасу. Бүгінде жас режиссерлер келеді, олар көбіне классика негізінде әртүрлі жанрдағы заманауи спектакльдер жасайды. Олардың өз идеялары мен өз көзқарастары бар, – дейді қазылар алқасының төрағасы, театр сыншысы Амангелді Мұқан. Фестивальдың ашылу күні қазылар алқасы мен көрермендер назарына С.Сейфуллин атындағы Қарағанды қазақ драма театры Венгр драматургі Ласло Дюрконың пьесасы бойынша «Электра» антикалық трагедиясының заманауи нұсқасын ұсынды.

Гран-при иегерлері анықталды

Әшірбек Сығай атындағы бас жүлдені «Құлагер» спектаклі үшін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ балалар мен жасөспірімдер театры иеленді (Алматы қ.). Екінші Тәуел­сіздіктің 30 жылдығы Гран-при жүлдесі С.Сейфуллин атындағы Қарағанды қазақ драма театрына «Электра» қойылымы үшін берілді. Қазылар алқасының айтуынша, олардың репертуары қызықты әрі алуан түрлі болды. Көрермендер назарына классикамен қатар, заманауи жанрлар да ұсынылды. – Әшірбек Сығай атындағы фестиваль дәстүрге айналғанын қалаймыз. Оны екі жылда бір рет өткізу жоспарда бар. Жас режиссерлер шығармашылыққа жаңа идеялар енгізуде, сондықтан қазақ театрының болашағына сеніммен қарауға болады, – деп атап өтті қазылар алқасының мүшесі Мирас Әбіл. Фестиваль соңында 15 номинация бойынша жеңімпаздар анықталды, оның ішінде екі Гран-при болды. Ж.Шанин атындағы Шымкент қала­лық академиялық қазақ драма театры Әшірбек Сығайдың шәкірттерінен арнайы сыйлық алды. Бірінші орынды мемлекеттік қуыршақ театры (Алматы қ.), екінші орынды Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы ака­демия­­лық қазақ драма театры, үшінші орынды «Дариға-ай» жастар театры (Семей қ.) иеленді. Келесі номинацияларда жеңімпаз атан­­ған­дар:
«Үздік режиссура» – Дина Құнанбай (Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау музыка­лық драма театрының «Найзағай» спектаклі);  «Үздік актер» – Абзал Ратбек (Н.Жан­төрин атындағы Маңғыстау музыкалық драма театры); «Үздік актриса» – Амира Омарова (С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ академиялық драма театры); «Үздік сценография» – Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры; «Үздік актерлік ансамбль» – К.Станиславский атындағы Қарағанды орыс драма театры; «Екінші пландағы үздік актер» – Максим Михеев (Ақмола облыстық орыс драма театры); «Екінші пландағы үздік актриса» – Ажар Шакіржанова (Нұр-Сұлтан қаласы­ның Ә. Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры); «Үздік эпизодтық рөл»: әйелдер арасында – Еркежан Төлеубек (Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры) және ерлер арасында – Олжас Бекайдаров (И.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры). Бас жүлдені иеленген «Құлагер» саунд-драмасының режиссері Фархад Молдағали­дің айтуынша, бұл оның бірнеше жыл бойы жүрегінде сақтап, ойын жүзеге асырған ерекше спектакль.
– Фестивальға менің үш қойылымым қатысты. Солардың бірі – «Құлагер» саунд-драмасы бас жүлдені жеңіп алды. Спектакльді біз бір жарым жыл бұрын дайын­дадық, бірақ пандемияға байланысты аз көрсетілді. Бұл біздің алғашқы жеңісіміз,– деп атап өтті Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ балалар мен жасөспірімдер театры­ның көркемдік жетекшісі, режиссер Фархад Молдағали. Ал «Үздік актриса» номинациясының жеңімпазы Амира Омароваға аттас спектакльде өзінің кейіпкері Электраны ойнау өте қиын болды, бірақ ол өзінің ерекше рөлін керемет орындады. – Электраны сомдау қиын болды, себебі бұл ерекше кейіпкер. Спектакльдің өзі психологиялық. Менің жұмысымды жоға­ры бағалағанына қуаныштымын, – деді С.Сей­фуллин атындағы Қарағанды мемлекеттік драма театрының актрисасы Амира Омарова.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы