Президенттің «шенеуніктер Қазақстанда құрастырылған көлікпен жүрсін» деген тапсырмасы бар. Тапсырманың негізінде Үкімет басшысы мемлекеттік сатып алуларға импорттық автокөліктерге 2 жыл мерзімге тыйым салу туралы Қаулыға қол қойған-ды. Мұндай қадам отандық нарықтың мүддесін қорғау үшін жасалған. Алайда шымкенттік шенеуніктер бұл талапты орындай ма?
Иә, сонымен біздің шенеуніктер қандай көлік мініп жүр? Біз осы сұрақты Шымкент қаласы әкімінің аппарат басшылығына жолдағанбыз. Әкімдіктің Іс басқармасы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жетекшісі Д.Қалымбетов қызметтік және кезекші антокөліктермен қамтамасыз ету нормалары Қаржы министрінің бұйрығымен анықталатынын айтады. Бүгінде коммуналдық мемлекеттік мекемесінің балансында 12 қызметтік және кезекші автокөлік бар. Барлығы да жанармаймен жүреді. Яғни, дизель отынының қымбаттауы әкімдік көліктеріне әсер етпейді екен. «Қалаға республикалық маңызы бар мәртебе берілуіне орай әкімдік автопаркі 2018 жылы жергілікті бюджет арқылы Қазақстанда құрастырылған, қозғалтқыш көлемі 1,6 текше сантиметрден аз 2 автокөлікпен толықтырылды. Отандық өнім Kia Cerato автокөліктері әкімдіктің автопаркінде кезекшілік етеді», – делінген әкімдік берген жауапта. Биыл әкімдіктегі 12 қызметтік және кезекші көліктердің жүріп-тұруы үшін жергілікті бюджеттен 23 миллион 936 мың теңге қаралыпты. Оның 9 миллион 701 мың теңгесі жанар-жағармайға жұмсалса, 14 миллион 234 мың теңгесі техникалық қызметке, жөндеу жұмыстарына кетпек. Яғни, ескі көліктерді жөндеп тұру маңызы айтылған. Айта кетейік, шымкенттік шенеуніктердің арасындағы ең ескі көлікті қала әкімінің орынбасары М.Айманбетов мінеді екен. Қозғалтқыш көлемі 4,5 текше сантиметрлік Toyota Land Cruiser 100 автокөлігі 2003 жылы шығарылған. Одан кейінгі қала әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқанның қозғалтқыш көлемі 3,5 текше метр болатын Mercedes-Benz S350L автокөлігі мен әкімінің баспасөз қызметіне тиесілі көлемі 2,5 болатын Toyota Camry көліктері 2010 жылы шығарылған. Жылы жағынан есептесек, одан кейінгі ескі көлікті, яғни 2011 жылы құрастырылған қозғалтқыш көлемі 5,7 текше метр болатын Lexus LX570 автокөлігін қала әкімі Мұрат Әйтенов тізгіндеп жүр. Алайда жылы ескі болғанымен, әкімдік паркіндегі ең қымбат көлік осы. Нарықтағы бағасы 20 миллион теңге төңірегінде болып тұр. Айта кетейік, бұл көлік сонау 2013 жылдан бері шымқаланың №1 басшыларына қызмет көрсетіп келеді. Мұрат Әйтенов 001 ST 17 мемлекеттік нөмірлі автокөлікті басқарады. Бұдан кейінгі кезекте әкімнің орынбасары Е.Білісбеков жоғары класты, қозғалтқыш көлемі 3,6 болатын SsangYong Chairman Limo автокөлігімен Шымкент көшелерінде жүйткіп жүреді. 2012 жылы шығарылған автокөлік құны да төмен емес. Әкім аппаратының басшысы Ғ.Мәуленқұлов пен әкімнің екі орынбасары А.Саттыбаев және М.Исаховқа 2015 жылы шығарылған Kia Cadenza автокөліктері тиесілі. Олардың қозғалтқышының көлемі – 3,5 текше сантиметр. Қалған екі Kia Cadenza 2015 және Youtong 2020 көліктері қонақ келгенде пайдаланылады екен. Жалпы, көліктердің құны оның жағдайына және жүру шақырымына қарай белгіленеді. Байқағанымыздай, Шымкент қаласының әкімдігі автопаркін соңғы 3 жылда жаңартпапты. Есесіне, ескіні жамау үшін жыл сайын жергілікті бюджеттен миллиондар бөлдіртеді екен. Мәселен, биыл техникалық ақауларды жою үшін 14 миллион теңге қаралып отыр. Бар-жоғы 12 көлікке (оның екеуі анда-санда мінетін кезекші, тағы екеуі тіпті аз пайдаланылатын қонаққа арналған көліктер) осынша қаржы көп пе, аз ба? Одан бөлек, аумағы бар-жоғы 117 мың гектар және тіршілігі қайнап жатқан ығы-жығы халқы бар көшеде жүретін қала әкімі М.Әйтенов қозғалтқыш көлемі 5,7 куб Lexus LX570 автокөлігіне қаншалықты мұқтаж? Шалғай ауылдары бар ойлы-қырлы, тау-тасты өңірлерге шықса бір сәрі...Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы