Ұстаз көше сыпырушы емес
Ұстаз көше сыпырушы емес
© коллаж: Елдар Қаба
320
оқылды

Мәртебесін заңмен бекітіп берсе де, мұғалімдерді мәж­бүрлі жұмысқа жегу әлі де бар. Әсіресе, ауылды жер­лерде әкімдік қызметкерлерінің міндетін мұғалімдер іс­теуге мәжбүр. Мәселен, қазір ұстаздар қауымы өз жұмы­сы­нан бөлек халық санағы үшін де жауаптылық алған. Ал күні кеше семейлік ұстаздар жұмыс уақытында көше сы­пырып жүр. Заңға қайшы әрекетке барғандар жауап­кер­шілікке тартыла ма? Мұғалім мәртебесі қайтсе көтеріледі?

Конституциямыздың 24-ба­бында: «Еріксіз еңбекке соттың үкімі бойынша не төтенше жағ­дай­­да немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі» деп көрсетіл­ген. Ал екі жыл бұрын қабыл­дан­ған «Пе­дагог мәртебесі туралы» заң­ға сәй­кес, мемлекетемізде мұ­­­­ғалім ме­рейі өсіп, мәртебесі көтерілуі ке­рек-тұғын. Құжатқа сал­сақ, педа­гогтердің мәртебесі де­геніміз – ұстаздардың қоғам­да­ғы беделін арттыру. Яғни, олар­дың жұмыс жүк­темесін азайту, олар­ды жосық­сыз тексерулерден жә­не өздеріне тән емес фун­кция­лар­дан қорғау, ынталандыру бойын­ша өзге де мәселелерді заң­намалық деңгейде шешу. Сон­дай-ақ заңда педагог­тердің құқы­ғы мен міндеті қарасты­рылған бола­тын.

Артық жұмысқа салса, айыппұл қарастырылған

21 баптан тұратын құжатта қамтылған педагогтің құқығын ке­ңейту нормалары олардың жеке тұл­ғалық дамуына және оқу үде­рісін жетілдіруіне ықпал етеді. Бұдан бөлек, педагогтерді қызме­тіне жатпайтын жұмысқа тарту, шамадан тыс есептілік, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салу арқылы олардың жүктемесін азай­ту көзделеді. Бұл бойынша нақты санкциялар көзделген. Сондай-ақ мемлекеттік орта білім беру ұйымының мұғалім­деріне тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндет жүктеу және оның өз кәсіп­тік қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік емес ұйым­дардың іс-шараларын өткізуге тарту түріндегі заңбұзушылықтар болған жағдайда ескерту жаса­лады. Егер заңға қай­шы әрекет қайталанса, лауазымды тұлғаларға 20 АЕК, шағын кәсіп­керлік субъек­тілеріне, коммерция­лық емес ұйымдарға – 60 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 80 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъек­ті­леріне 120 АЕК мөлшерінде айып­­пұл салынады.

Мұғалімдер көше сыпырып жүр

Әйткенмен, заңнан кейін жағ­дай өзгерді деуге әлі ертерек. Өйт­кені ұзтаздар бұрынғыдай санаққа жегіліп, әлі күнше көше сыпырып жүр. Күні кеше Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Семейде мұғалімдердің көше та­залап жүргенін желідегі парақша­сында жазды. Бұған дейін де 200-дей басшы дәл осындай бас­сыздық үшін жазаланған екен. «Семей қаласында оқу проце­сіне кедергі келтіріп, мұғалімдерді көше сыпыруға жіберген. Шама­сы, мұндай тапсырманы қала әкімінің орынбасары беріп, осын­дай маз­мұндағы хат мектептерге таратыл­ған», – деп жазды ведом­ство бас­шысы. Сондай-ақ ми­нистр қол­даныстағы заңды түсі­нетін уақыт жетсе де, мұғалімдерді жер­гілікті жерлерде жұмысқа жегу тыйылмай келе жатқанын түсін­бей дал. Ай­туынша, дәл осындай бұзушы­лық­тар үшін екі жүздей басшы жаза­ланған. Олар тәртіптік және әкім­шілік жауапкершілікке тартылып, кейбіреуі жұмыстан да шығарылды. «Семей қаласындағы оқиғаға байланысты білім беру саласын­дағы сапаны қамтамасыз ету де­пар­таменті әкімшілік іс қозғап, тексеру жүргізіліп жатыр. Қала әкімі орынбасарының бұл жағ­дайға қатыстылығы расталған жағдайда лауазымды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік қарас­тырылады», – деп жазды министр. Сондай-ақ ол қажетті шаралар қабылдау үшін Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігіне жүгінетінін және қалалық білім бөлімінің бас­шысы да жауапкершілікке тарты­латынын мәлім етті.

 Тексеріс жүріп жатыр

Білім министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір осы оқиға бойынша тексеріс жүріп жатыр. Нәтижесі шыққан күні министрлік өкілдері баян­дайтын болады. Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасы бас­шысы Сай­рангүл Жұмәділова «Көше сыпы­руға мұғалімдерді ешкім мәжбүр­леген жоқ. Олардың барлығы өз еркімен шыққан. Мен бұл тақы­рып­та ештеңе айтпай­мын. Бір білсе, Семей қаласының әкімдігі бі­леді. Біздің тарапы­мыздан еш­қандай тапсырма бе­рілген жоқ. Та­зарту жұмыстары туралы тап­сыр­ма әкімдіктен кел­ген. Егер заң­сыздық дәлелденетін болса, Білім сапасын қамтамасыз ету департаменті шешімімен әкім­ші­лік жауапкершілік қарас­тыры­лып, мектеп директорына айып­­пұл салынады», – дейді бас­қарма басшысы. ұстаз Ал Семей қаласы қала әкімі­нің орынбасары Дмитрий Га­риков: «Мұғалімдерді сен­білікке шығаруға ешкім нұсқау берген жоқ. Бұл – әр адамның жеке таң­дауы. Сенбілік туралы хат меншік нысанына қарамас­тан барлық ұйымға жіберілді. Өйткені мұндай шараларды өт­кізу кезінде барлық жерде солай жасалады. Келуді мін­деттейтін және бұл күні сабақ өт­­кізбеу туралы сөз болған жоқ», – дейді.

 Ақылы жұмысқа шектеу жоқ

Педагогтердің тарапынан арыз-шағым жасалмаса да, ай­мақтағы әкімшіліктер халық са­нағына мектеп мұғалімдерін де міндеттеп қойғаны туралы соңғы кездері жиі айтылып жүр. Алматы облысы тұрғыны Аяулым (өз өті­ніші бойынша тегі мен толық аты-жөнін жазбадық) санақ бо­йынша жауап беруге міндеттелген мұға­лімдер бар екенін жасыр­май­ды. «Бұл жағдай бізде ғана емес, бар­лық облыстардағы ұстаздар са­нақ бойынша жұмыс істеп жа­тыр. Мысалы, Еңбекшіқазақ ауда­­нын­да танысым бар. Мұғалім болып істейді. Оларда да өздерінің тіке­ле­й міндетінен бөлек, санақ бо­йын­ша апта сайын есеп жүргізіп жүр екен», – дейді. Осы жағдайды ай­тып Алматы облысы Білім бас­қар­масы бастығының орынбасары Ай­жан Мамановаға хабарластық. «Бізге ондай ақпарат түскен жоқ. Бірақ алдағы уақытта тексеріс жа­сайтын боламыз. Бірақ ақылы түр­де келісімшарт жасалып, мұға­лімдердің уақыты болып, өз еркі­мен санақ жұмысына қатысуы мүм­кін. Біз оған шектеу қоя ал­май­­мыз», – дейді Айжан Маманова.

Ұстаздың уақытын ұрламау керек

Педагогика ғылымдарының кан­дидаты, профессор Береке Дау­­летханқызы «мұғалімнің бас­ты міндеті – білім мен тәрбие бе­ру» екенін айтты. «Мәртебе мұ­ға­лімге берілген 45 минуттың әрбір ми­нутынан басталады. Егер сол ми­нуттың бір минутына нұқ­сан ке­летін болса, онда мұғалім­нің атқа­ратын міндеті ойсы­рай­ды», – дейді Береке Жұмақаева. «Пе­дагог мәртебесі туралы» заңды іске асыру үшін респуб­ли­калық бюд­жеттен 2020-2022 жыл­дарға қо­сым­ша 2 трлн 282 млрд теңге бөлінді. Алайда педа­гогтердің пәр­менін арттыруға ба­ғытталған заң­ды белден бас­қандарға жа­уап­кер­шілік жүктеп, басы артық са­ғат­тан басын ара­шаламай, мұғалім мәртебесін көтеру мүмкін емес.

Жадыра МҮСІЛІМ