Кабулға сапар: Қазақстан «Талибан» билігін тани ма?
Кабулға сапар:  Қазақстан «Талибан» билігін тани ма?
209
оқылды

Қазанның 17-сі күні  Президенттің  халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнау­лы  өкілі Ержан  Қазыхан бастаған  қазақстандық делегация «тәліптер» билігіндегі  Ау­ғанстанға барды. Сол-ақ екен, қоғамда бұл сапарды Қазақстанда, тіпті дүниенің көптеген мемлекеті мен БҰҰ-да тыйым салынған «Талибан»  қозғалысын ресми мойын­даудың белгісі ретінде қарастыра бастаған көзқарас пайда болды. Шынымен солай ма?

Алдымен сапарға қатысты ресми мәліметтерге жүгінейік. Akorda.kz сайтында жарық көрген мәлі­меттерге қарағанда, Ержан Қазыхан бастаған деле­гация Кабулға сапары барысында тек гуманитарлық кө­мек көрсету және сауда-экономикалық байла­ныс­тар жайын талқылау мақсатын көздепті. Сөйтіп, қа­зіргі Ауғанстан билігінде «премьер-министрдің орын­басары» дейтін лауазымды иеленіп отырған Абдул Ғани Барадармен және «Сыртқы істер ми­нистрі» Амир Хан Мутаккимен кездескен. Кездесу ке­зінде Қазақстан делегациясының басшысы Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өкімімен Ауған­стан­ға гуманитарлық көмек ретінде 5 мың тонна ұн жет­кізілгенін айтып, Ауғанстанға отандық QazVac вак­цинасын беру туралы ұсынысын жеткізді. Со­нымен бірге арнаулы өкіл Қазақстанның БҰҰ агент­тіктерімен бірлесіп, Ауғанстан халқына жеткізілетін гу­манитарлық көмекті одан әрі кеңейту мақсатында қабылдап жатқан шаралары туралы айтса керек. Ал «Та­либан» өкілдері көрсетілген гуманитарлық көмек үшін алғыс білдіріп, Ауғанстанды қалпына келтіру жө­ніндегі халықаралық күш-жігерге еліміздің елеулі үлес қосып отырғанын атап өтіпті. «Тәліптер» қазақ­стандық вакцинаны жеткізу туралы ұсынысқа да разы болған көрінеді. Қысқасы, дипломаттардың ұсынысы Орталық Азиядағы геосаяси ахуалды күрт өзгерткен қоз­ғалыс жетекшілерінің көңілінен шыққанға ұқсай­ды. Одан бөлек, Ержан Қазыхан БҰҰ Бас хатшысының арнаулы өкілі, БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдем беру жө­ніндегі миссиясының басшысы Дебора Лайонспен кез­десіп, бірқатар мәселені талқылаған.

Ауғанстанмен арадағы сауда-саттық соншалықты маңызды ма?

Енді қазақстандық делегация сапарының мақсаттарын талдап көрсек. Әлбетте гуманитарлық кө­мек соңғы жылдары Қазақстанның халықаралық имиджіне қызмет ететін бағыттардың біріне айналып келеді. Оның өзінде түрлі апат пен төтенше жағдайда, қиын-қыстау күндерде Қазақстан азық-түлік, киім-кешек, әртүрлі керек-жарақ жіберу саясатын ұстанады. Демек, Ауғанстанға гуманитарлық көмек беру арқылы Қазақстан бірінші ке­зекте осынау миссиясынан ай­ны­маса, екіншіден бұл елге қол ұшын созу «дәстүрінің» қалып­тас­қанына да біраз жыл болды. Өйт­кені Ауған­станда аштық немесе өзге де гума­нитарлық апат болса, оның зардабы бізге де жанама түрде тиетінін ат­қа­мінерлер біледі. Ашыққан босқын­дар Орталық Азия­ға қарай лап қой­са, оларды бөгеу қиын. Әрі он­­дай жағдайда БҰҰ босқын қа­был­дауды міндеттеп жіберуі мүм­кін. Демек, Ауған­стан­ды басқарып отыр­­ған күштер азды-көпті сөз ұғар бол­са, аздаған диалог жасап, ха­лық­қа көмектес­кен өз қауіпсізді­гі­міз бен тыныш­тығымыз үшін қажет. Тыныштық демекші, «Талибан» қозғалысы атышулы ДАИШ ұйы­мына қарсы аяусыз күрес жүргізе­тінін бірнеше мәрте мәлімдеген және Ауғанстанның түрлі айма­ғында терористермен «тәліптер» арасында қақтығыстар болып та жатыр. Бұл өз кезегінде ДАИШ қатарлы ұйымдардың Орталық Азияға қарай жылжуына азды-көпті кедергі жасап тұр. Сая­сат­керлер мәселенің осы жағын да ескеріп, Ауғанстанның қазіргі билігіне көмек көрсетуді, сөйтіп билікке наразы азаматтардың террористік топтардың қатарына өтіп кетуінің алдын алуды да көздеуі мүмкін. Қазір Ауғанстан жеріндегі түрлі террористік топтың жақтас жинауына мүмкіндік бер­меу өте өзекті. Ал сауда-саттық­қа келсек, оның да астары бар. Жалпы, Қазақстан мен Ауған­стан арасындағы тауар айналымы соңғы бес-алты жылда ұдайы өсіп отырды. Егер 2014 жылы өзара сауда-саттық көлемі 427 млн АҚШ долларына жетсе, 2020 жылы 621 млн долларды құрады. Бұл деге­ніңіз өзара тауар айналымы ЕАЭО-дағы «одақтасымыз» Армениядан арадағы тауар айналымынан – 41,4, Моңғолиядан – 18,31, Түрік­менстанмен сауда-саттықтан – 8,4, Грузиядан – 7,6, Әзербайжаннан 4,41 есе көп. Тіпті, Қазақстанның Ауғанстанмен арадағы тауар айна­лымы Орталық Азиядағы елдер­дің ішінде Өзбекстаннан кейінгі екінші орында тұр. Айталық, Қа­зақстан мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымының көлемі 426,1 млн доллар болса, қырғыз елімен 328 млн доллар. Демек, Ауғанстан Қазақстанның шетелге сататын өнімдерінің қомақты бөлігін тұтынады деген сөз. Айтпақшы, 621 млн АҚШ дол­ларына жеткен тауар айналы­мы­ның басым бөлігі Қазақстанның экспортын құрайды. Ауғанстаннан келетін тауарлар құны 4 млн дол­лардан асқан емес. Біз Ауғанстанға көбіне азық-түлік, ұн өнімдерін экспорттаймыз. Бұл бағытта ба­қан­дай 700 компаниямыз жұмыс істеп жүр. Демек, қандай жағдайда да сауда-саттық жасау мүмкіндігін пайдалануға ұмтылған жөн. Оның үстіне, қазақстандық ұн өндіру­ші­лер соңғы жылдары тек Ауғанстан нарығын көздейтін болған. Оның түрлі себебі де бар. Бірақ ол басқа мәселе. Ал есеп-қисапқа қайта орал­сақ, биыл Ауғанстанға жарты жыл ішінде 655 мың тонна ұн, 327 мың тоннадан астам астық экс­портталған. Әлгі 655 мың тоннаңыз Қазақстанның жалпы ұн экспор­тының 65 пайызын құрайды. Бұл – Ауғанстан нарығының ұн және астық өндірушілер үшін маңызы зор деген сөз. Оның үстіне, наурыз айынан бері Қытай астық тиелген қазақстандық вагондарды қабыл­дауда түрлі сылтау айтып, көп ке­дергі жасады. Ал егін жинау науқа­ны аяқталып, қамбалар астыққа толды. Ендеше астық өндірушілер өздерінің тұрақты нарығынан айырылмағаны керек. Сол үшін Ауғанстан маңызды болып тұр. Оспан батырдың «қазақ үшін шайтанмен де одақтасуға бармын» дейтініне ұқсас жағдай сол себепті қалыптасқан жайы бар. Азды-көпті табыс тауып, отандық биз­несті тұралатып алмау үшін де Қазақстан билігі «Талибанмен» диалог жасауға мәжбүр болды деп топшылаймыз. Ал оларды Ауған­станның заңды билігі ретінде тану бөлек әңгіме.

«Талибанмен» кімдер «тілдесті»?

Тамызда «Талибан» қозғалысы Ауғанстандағы билікті басып алғанда төңіректегі елдерден бастап дүниежүзіндегі көптеген мемлекет олармен байланыс орнатпайтындай сыңай танытқан. Бірақ «тәліптердің» Ауғанстан қалаларын тым жедел бағындырып, АҚШ сарапшылары күткендей 90 күнде емес, екі айға жетпейтін уа­қытта Кабулдың түбіне жетіп келуі ірі державалардың келісімі негі­зінде жүзеге асқандай көрінгені тағы бар. АҚШ күштері елден кетерден бұрын Қатар астанасы Дохада «Талибан» өкілдері мен аме­рикалықтардың бірнеше мәрте кездескені жайлы да ақпараттар ашық дерек көздерінде толып жүр. Оны АҚШ ресми билігі де мо­йын­дайды. Ал Ауғанстандағы «блиц­криг­тен» соң елде оларды тоқ­тата­тын күш қалмағанын көп мемле­кет мойындаған сыңайлы. Содан да болар, «Талибан» өкіл­дерімен Ресей, Қытай, Түркия, Ұлыбритания, Германия, Қатар, Иран, Пәкістан, Үндістан, Өзбек­стан қатарлы көптеген мемлекеттің дипломаттары кездесті. Қозғалыс Ауғанстанда толық бақылауға ал­ғанға дейін де, кейін де мұндай кездесулер болып жатыр. Тіпті, тамызда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Ауғанстанда билікті қарулы топтар басып алғаны жайлы қарар талқы­ланып, дауыс берер кезде кеңестің тұрақты 5 мүшесінің екеуі – Ресей мен Қытай қалыс қалған. Ал 20 қазанда Ресейде өтетін «Мәскеу форматы» кездесуіне Панджшердің бірнеше ауданын ғана бақылауында ұстап отырған Ауғанстанның ұлт­тық қарсылық майданы емес, «Талибан» өкілдері шақырылды. 27 қазанда Тегеранда Ауғанстанға көрші елдердің сыртқы істер ми­нистрлері кездеседі. Онда да Ау­ған­стан мәселесі талқыланады. Бі­рақ жаһандағы қуатты мемле­кеттердің бірде-біреуі «Талибан» қозғалысын Ауғанстанның ресми билігі ретінде әлі таныған жоқ. Ал «тәліптер» болса «республика» атауын өзгертіп, елді «Ауғанстан ислам әмірлігі» деп жариялаған. Кабул Қысқасы, Ауғанстандағы қа­зір­гі билікпен түрлі деңгейдегі диа­логтер жасалып жатыр. Көп­те­ген мемлекет бұл диалогтердің гуманитарлық апаттың алдын алу үшін жасалатынын алға тартады. Сауда-саттық мәселесі тағы бар. Сонымен бірге «Талибан» билігі­нен емтихан алып жатқанға да ұқсап кететін тұстары кездеседі. Бі­рақ жеме-жемге келгенде Ауғанстаннан жан-жаққа босқын­дардың тарауына ешкім жол бергісі келмейді. Тіпті, ДАИШ сияқты тер­рорлық топтарға қарсы күресте «тәліптерді» пайдалануды көздей­тіндер де бар сияқты. Сондықтан Ауғанстанның қазіргі билігімен байланыс орнатуды біржақты бағалауға әлі ерте.   Жұмабек САРАБЕКОВ, халықаралық сарапшы: – БҰҰ деңгейінде террористік ұйым ретінде танылған «Талибан» қозғалысының ауған билігіне келуі шынымен де үлкен дилемма ту­ғызды. Қазір Кабулдың де-факто билеушілерімен қалай қарым-қа­тынас жасау керек деген мәселе туын­дап отыр. Оған қоса, «тәліп­тер» басқару тізгінін қолына алған­нан кейін ішкі саясатта халық­ара­лық құқыққа, адам құқықтарына түбегейлі қарсы қадамдарға жиі барып отыр. Әсіресе, ауған әйел­дері үлкен қысымға ұшырап жа­тыр. Сәйкесінше, қазір «тәліп­тер­ді» халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесі ретінде қарас­тыра алмаймыз. Сонымен бірге Ауғанстаның көршілері үшін, ауған мәселесіне қатысы бар ай­мақтағы және аймақтан тыс дер­жавалар үшін «Талибан» билігімен диалог керек. Себебі Ауған еліндегі жағдай Орталық Азияға, Ресей мен Қытайдағы қауіпсіздікке тікелей әсер етеді. Мысалы, алдағы уақыт­та Ауғанстанда ауқымды гумани­тарлық дағдарыс болуы мүмкін. Оның ішінде аштық мәселесі де ушығып кету қаупі бар. Өз кезе­гінде егер мұндай сценарий болған жағдайда, Ауғанстан террито­риясынан босқындар легі көбейіп, басқа мемлекеттер миграциялық толқынмен бетпе-бет келуі әбден ықтимал. Одан бөлек, барлық ойыншы ауған еліндегі террористік топтардың қанат жаюына жол бермеу керек екенін жақсы түсі­неді. Бұл мәселелердің әрқайсы­сымен шұғылдану «тәліптерсіз» мүмкін емес. Сәйкесінше, «тәліп­терді» толықтай оқшаулап, олар­мен қарым-қатынас орнатудан бас тарту Ауғанстандағы жағдайды тек ушықтырып жіберуі мүмкін. Сая­сат дегеніміз «мүмкіндіктер өнері» екенін ескерсек, бүгінде «тәліп­термен» диалог керек. Бірақ «тә­ліп­термен» байланыс орнату олар­ды ресми деңгейде тану дегенді білдірмейді. Қазақстан да «тә­ліп­термен» іскерлік қатынастарды жүргізе отырып, дипломатиялық қатынастар орнатуға асықпай­тынын білдіріп отыр.   Қазыбек МАЙГЕЛДИНОВ, саясаттанушы: – Күні кеше Президенттің ар­найы өкілі Ауғанстанға келіссөз­дерге барды. Бұл келіссөздердің негізгі мақсаты – гуманитарлық кө­мекті әрмен қалай жалғастыру. Қазақстан бұған дейін де Ауған­станға тек гуманитарлық көмек көрсетумен шектеліп келген еді. Өйт­кені басқа Орталық Азия мем­лекеттеріне қарағанда Қазақ­стан­ның Ауғанстанмен ортақ шекарасы жоқ. Бұған дейін Өзбекстан өкіл­дері де «тәліптермен» келіссөздер жүргізген. Олардың негізгі басым­дықтары шекара және сауда қа­рым-қатынастары мәселелері еді. Қазақстан да гуманитарлық байла­ныстардан бөлек, сауда-саттық жайын көтерді. Жалпы, «Талибан» өкілдерімен кездесуді аталған қозғалысты рес­ми мойындау ма, жоқ па дегенге келетін болсақ, бұған дейін Ресей, Қытай, қатарлы мемлекеттердің өкілдері олармен ресми түрде келіссөз жүргізген. Қазақстан БҰҰ агенттіктері арқылы ғана Ауған­станмен гуманитарлық және сауда қарым-қатынастары туралы келіс­сөздер жүргізуге мүдделі болып отыр. Ал қозғалысты мойындау мәселесі бірінші кезекте геосаяси тұрғыда алып мемлекеттердің бір мәмілеге келуіне тікелей байла­нысты болады. Егер әлемдегі ірі мемлекеттер «Талибан» қоз­ға­лы­сын ресми түрде мойындап, БҰҰ-ның және өз елдерінің қозғалысқа тыйым салынған ұйымдар тізі­мі­нен шығарса ғана Қазақстан «тә­ліптер» билігін тануға ресми түрде қадам жасауы мүмкін. Әзірше БҰҰ бағыты бойынша Ауғанстандағы тұрақтылықты қамтамасыз ету гуманитарлық көмек және сауда-саттық турасында ғана жұмыс істейтін болады.

Амангелді ҚҰРМЕТ