Қазанның 17-сі күні Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан бастаған қазақстандық делегация «тәліптер» билігіндегі Ауғанстанға барды. Сол-ақ екен, қоғамда бұл сапарды Қазақстанда, тіпті дүниенің көптеген мемлекеті мен БҰҰ-да тыйым салынған «Талибан» қозғалысын ресми мойындаудың белгісі ретінде қарастыра бастаған көзқарас пайда болды. Шынымен солай ма?
Алдымен сапарға қатысты ресми мәліметтерге жүгінейік. Akorda.kz сайтында жарық көрген мәліметтерге қарағанда, Ержан Қазыхан бастаған делегация Кабулға сапары барысында тек гуманитарлық көмек көрсету және сауда-экономикалық байланыстар жайын талқылау мақсатын көздепті. Сөйтіп, қазіргі Ауғанстан билігінде «премьер-министрдің орынбасары» дейтін лауазымды иеленіп отырған Абдул Ғани Барадармен және «Сыртқы істер министрі» Амир Хан Мутаккимен кездескен. Кездесу кезінде Қазақстан делегациясының басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өкімімен Ауғанстанға гуманитарлық көмек ретінде 5 мың тонна ұн жеткізілгенін айтып, Ауғанстанға отандық QazVac вакцинасын беру туралы ұсынысын жеткізді. Сонымен бірге арнаулы өкіл Қазақстанның БҰҰ агенттіктерімен бірлесіп, Ауғанстан халқына жеткізілетін гуманитарлық көмекті одан әрі кеңейту мақсатында қабылдап жатқан шаралары туралы айтса керек. Ал «Талибан» өкілдері көрсетілген гуманитарлық көмек үшін алғыс білдіріп, Ауғанстанды қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігерге еліміздің елеулі үлес қосып отырғанын атап өтіпті. «Тәліптер» қазақстандық вакцинаны жеткізу туралы ұсынысқа да разы болған көрінеді. Қысқасы, дипломаттардың ұсынысы Орталық Азиядағы геосаяси ахуалды күрт өзгерткен қозғалыс жетекшілерінің көңілінен шыққанға ұқсайды. Одан бөлек, Ержан Қазыхан БҰҰ Бас хатшысының арнаулы өкілі, БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдем беру жөніндегі миссиясының басшысы Дебора Лайонспен кездесіп, бірқатар мәселені талқылаған.Ауғанстанмен арадағы сауда-саттық соншалықты маңызды ма?
Енді қазақстандық делегация сапарының мақсаттарын талдап көрсек. Әлбетте гуманитарлық көмек соңғы жылдары Қазақстанның халықаралық имиджіне қызмет ететін бағыттардың біріне айналып келеді. Оның өзінде түрлі апат пен төтенше жағдайда, қиын-қыстау күндерде Қазақстан азық-түлік, киім-кешек, әртүрлі керек-жарақ жіберу саясатын ұстанады. Демек, Ауғанстанға гуманитарлық көмек беру арқылы Қазақстан бірінші кезекте осынау миссиясынан айнымаса, екіншіден бұл елге қол ұшын созу «дәстүрінің» қалыптасқанына да біраз жыл болды. Өйткені Ауғанстанда аштық немесе өзге де гуманитарлық апат болса, оның зардабы бізге де жанама түрде тиетінін атқамінерлер біледі. Ашыққан босқындар Орталық Азияға қарай лап қойса, оларды бөгеу қиын. Әрі ондай жағдайда БҰҰ босқын қабылдауды міндеттеп жіберуі мүмкін. Демек, Ауғанстанды басқарып отырған күштер азды-көпті сөз ұғар болса, аздаған диалог жасап, халыққа көмектескен өз қауіпсіздігіміз бен тыныштығымыз үшін қажет. Тыныштық демекші, «Талибан» қозғалысы атышулы ДАИШ ұйымына қарсы аяусыз күрес жүргізетінін бірнеше мәрте мәлімдеген және Ауғанстанның түрлі аймағында терористермен «тәліптер» арасында қақтығыстар болып та жатыр. Бұл өз кезегінде ДАИШ қатарлы ұйымдардың Орталық Азияға қарай жылжуына азды-көпті кедергі жасап тұр. Саясаткерлер мәселенің осы жағын да ескеріп, Ауғанстанның қазіргі билігіне көмек көрсетуді, сөйтіп билікке наразы азаматтардың террористік топтардың қатарына өтіп кетуінің алдын алуды да көздеуі мүмкін. Қазір Ауғанстан жеріндегі түрлі террористік топтың жақтас жинауына мүмкіндік бермеу өте өзекті. Ал сауда-саттыққа келсек, оның да астары бар. Жалпы, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы соңғы бес-алты жылда ұдайы өсіп отырды. Егер 2014 жылы өзара сауда-саттық көлемі 427 млн АҚШ долларына жетсе, 2020 жылы 621 млн долларды құрады. Бұл дегеніңіз өзара тауар айналымы ЕАЭО-дағы «одақтасымыз» Армениядан арадағы тауар айналымынан – 41,4, Моңғолиядан – 18,31, Түрікменстанмен сауда-саттықтан – 8,4, Грузиядан – 7,6, Әзербайжаннан 4,41 есе көп. Тіпті, Қазақстанның Ауғанстанмен арадағы тауар айналымы Орталық Азиядағы елдердің ішінде Өзбекстаннан кейінгі екінші орында тұр. Айталық, Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымының көлемі 426,1 млн доллар болса, қырғыз елімен 328 млн доллар. Демек, Ауғанстан Қазақстанның шетелге сататын өнімдерінің қомақты бөлігін тұтынады деген сөз. Айтпақшы, 621 млн АҚШ долларына жеткен тауар айналымының басым бөлігі Қазақстанның экспортын құрайды. Ауғанстаннан келетін тауарлар құны 4 млн доллардан асқан емес. Біз Ауғанстанға көбіне азық-түлік, ұн өнімдерін экспорттаймыз. Бұл бағытта бақандай 700 компаниямыз жұмыс істеп жүр. Демек, қандай жағдайда да сауда-саттық жасау мүмкіндігін пайдалануға ұмтылған жөн. Оның үстіне, қазақстандық ұн өндірушілер соңғы жылдары тек Ауғанстан нарығын көздейтін болған. Оның түрлі себебі де бар. Бірақ ол басқа мәселе. Ал есеп-қисапқа қайта оралсақ, биыл Ауғанстанға жарты жыл ішінде 655 мың тонна ұн, 327 мың тоннадан астам астық экспортталған. Әлгі 655 мың тоннаңыз Қазақстанның жалпы ұн экспортының 65 пайызын құрайды. Бұл – Ауғанстан нарығының ұн және астық өндірушілер үшін маңызы зор деген сөз. Оның үстіне, наурыз айынан бері Қытай астық тиелген қазақстандық вагондарды қабылдауда түрлі сылтау айтып, көп кедергі жасады. Ал егін жинау науқаны аяқталып, қамбалар астыққа толды. Ендеше астық өндірушілер өздерінің тұрақты нарығынан айырылмағаны керек. Сол үшін Ауғанстан маңызды болып тұр. Оспан батырдың «қазақ үшін шайтанмен де одақтасуға бармын» дейтініне ұқсас жағдай сол себепті қалыптасқан жайы бар. Азды-көпті табыс тауып, отандық бизнесті тұралатып алмау үшін де Қазақстан билігі «Талибанмен» диалог жасауға мәжбүр болды деп топшылаймыз. Ал оларды Ауғанстанның заңды билігі ретінде тану бөлек әңгіме.«Талибанмен» кімдер «тілдесті»?
Тамызда «Талибан» қозғалысы Ауғанстандағы билікті басып алғанда төңіректегі елдерден бастап дүниежүзіндегі көптеген мемлекет олармен байланыс орнатпайтындай сыңай танытқан. Бірақ «тәліптердің» Ауғанстан қалаларын тым жедел бағындырып, АҚШ сарапшылары күткендей 90 күнде емес, екі айға жетпейтін уақытта Кабулдың түбіне жетіп келуі ірі державалардың келісімі негізінде жүзеге асқандай көрінгені тағы бар. АҚШ күштері елден кетерден бұрын Қатар астанасы Дохада «Талибан» өкілдері мен америкалықтардың бірнеше мәрте кездескені жайлы да ақпараттар ашық дерек көздерінде толып жүр. Оны АҚШ ресми билігі де мойындайды. Ал Ауғанстандағы «блицкригтен» соң елде оларды тоқтататын күш қалмағанын көп мемлекет мойындаған сыңайлы. Содан да болар, «Талибан» өкілдерімен Ресей, Қытай, Түркия, Ұлыбритания, Германия, Қатар, Иран, Пәкістан, Үндістан, Өзбекстан қатарлы көптеген мемлекеттің дипломаттары кездесті. Қозғалыс Ауғанстанда толық бақылауға алғанға дейін де, кейін де мұндай кездесулер болып жатыр. Тіпті, тамызда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Ауғанстанда билікті қарулы топтар басып алғаны жайлы қарар талқыланып, дауыс берер кезде кеңестің тұрақты 5 мүшесінің екеуі – Ресей мен Қытай қалыс қалған. Ал 20 қазанда Ресейде өтетін «Мәскеу форматы» кездесуіне Панджшердің бірнеше ауданын ғана бақылауында ұстап отырған Ауғанстанның ұлттық қарсылық майданы емес, «Талибан» өкілдері шақырылды. 27 қазанда Тегеранда Ауғанстанға көрші елдердің сыртқы істер министрлері кездеседі. Онда да Ауғанстан мәселесі талқыланады. Бірақ жаһандағы қуатты мемлекеттердің бірде-біреуі «Талибан» қозғалысын Ауғанстанның ресми билігі ретінде әлі таныған жоқ. Ал «тәліптер» болса «республика» атауын өзгертіп, елді «Ауғанстан ислам әмірлігі» деп жариялаған.Амангелді ҚҰРМЕТ