Сіз буллерсіз бе?
Сіз буллерсіз бе?
©А.Ахметқазы

Осындай сұрақ қойылғанда тосылып қалдыңыз, білем. Бірақ мамандардың айтуынша, адам көп жағдайда эмо­циясын ұстай алмайды. Есесіне өзгенің кемшілігін бетіне басамын деп немесе біреуден басым екенін білдіру үшін буллинг жасауы бек мүмкін. Алайда мұның буллинг екенін, зиянын білмеуі қалыпты жағдайға айналған. Өйткені бұл тақырыптың кеңінен талқылауға түскеніне көп уақыт болған жоқ. Содан ба, әлімжеттік көрсету, кибербуллинг, суицид оқиғасы көбейіп кетті.

Дерек пен дәйек

Жақында Түр­кіс­танда ауыр соққы салдарынан 5-сынып оқушысы қайтыс болды. Туыста­рының айтуынша, жағ­дайға мек­тептегі әлімжеттік се­беп. Қазір құ­зырлы орган кү­дік­ке ілінген ба­ладан жауап алып жатыр. Дәрі­герлер де марқұмның бас мидың жабық жарақаты, соғылуы, ісінуі, ми стволының қы­сылуы болғанын мәлімдеген. Соған сай мектеп атмо­сферасы өзгерген. БАҚ-тағы мәлі­метке сүйенсек, ата-аналар­дың бір тобы білім ордасында әлімжеттік бар десе, екінші тарап жоққа шыға­рып отыр. Естеріңізде болса, биыл мау­сым айын­да Түркістан облысында 9-сынып оқушы­сы өзіне-өзі қол жұмсады. Оқушының емти­хан ке­зінде директордан «қысым көр­­гені» туралы дерек әлі де тексеріліп жа­тыр. Себебі ол емтиханнан ке­йін өзіне қол салып, анасынан үмі­тін ақтай алма­ғаны үшін кеші­рім сұраған жазба қалдыр­ған. Жоғарыдағы тек мәселенің бергі беті, екі дерек қана. Мәселен, 2020 жылы бала­лар мен жасөс­пі­рімдер арасында 143 суи­цид дерегі, 193 өзіне-өзі қол жұмсауға тал­пыну дерегі тіркелген. Мәжіліс депу­таты Ерлан Сайыровтың дерегінше, 2018 жылы балалардың 60%-ы өмі­рінде бір рет буллинг түріне ұшы­раған. 17%-ы бірнеше мәрте атал­ған оқиғамен бетпе-бет келген. Оған қоса, биыл елімізде 140 мың заң бұзу, фейк, кибербуллинг, экстремизм фактісі тіркелген. Ақ­парат министрлігі платфор­маларда жазылған 1 700 хаттың 20-30%-ын ғана алып тастай алған.

Қай тарапты таңдайсыз?

Мамандардың айтуынша, қай оқиғаны талдап қарасақ та құрбан, агрессор, куәгер үштігін кездесті­реміз. Әрине, кімнің қай тарапта екенін, қандай шара қолдану қа­жетін білу үшін білім керек. Өйт­кені буллингпен бәріміз бетпе-бет келеміз. Мүмкін, буллер ата-ана­ның өзі болар. Мәселен, баланың басы үлкен болып, елдің көзінше «қазанбас» деп атасаңыз, қатар­ластары да оның қазанбас екенін бетіне басады. Мұның «жайбасар», «төрткөз», «маубас», «жылаңқы» дейтін лақап аттарға да қатысы бар. Яғни, баланы осылай атауына ата-ананың өзі жағдай жасап отыр. Сондықтан нейропсихологтер алдымен ата-ананың баласын кем­шілігі­мен қосып қабылдауы ке­регін айтады. Одан кейін «өзіңдей елдің қызын қара», «сен 5-ке оқу­ың керек, шешең – мұғалім, әкең жақсы қызметте жүр», «қатарың­ның алды болуың керек» дейтін міндеттемелер де балаға жүк. Еліміздегі балалар қауіпсіздігі жөнін­дегі тренер Зарина Жұма­ғұлова да буллинг­тің өздігінен тоқтамайтынын, уақытында әре­кет етпесе, күшейе түсетінін айта­ды. Жоғарыдағыдай қабылдау ке­регі тағы бар. Өйткені тренер ата-аналардың баласының мінез-құлқын, жүріс-тұрысын түзеу үшін спорт секцияларына қарай жүгі­ретінін алға тартты.
«Ата-аналар баласын спорт үйірме­леріне бергенде баласының өзін қорғай алатын дәрежеге же­тетінін, интернетке арналған уа­қы­ты азаятынын айтады. Менің­­ше, алдымен баланы тыңдау керек. Жағдайды түсінген соң мектеппен, басқа да ата-аналармен, білікті мамандармен байланыс орнатқан жөн. Керек болса, заңгер көмегіне, психологтің консуль­тациясына жү­гініңіз. Есіңізде болсын, бул­линг пен конфликтің арасында айыр­машылық бар. Буллинг кезін­де бір тарап­тың күші аз болса, конфликт кезінде екі жақтың күші тең. Біріншісінде кейіпкер­лердің орны әуелден белгілі. Кейінгісінде жағдайға қарай ауысуы мүмкін. Мысалы, буллинг жасайтын оқу­шы үшін оған куәгер керек. Ол өзінің күшті екенін, қолында билік барын сезінгісі келеді», – дейді ол.
Осыдан кейін тренер әңгімесін мысалмен жалғады. Оның айтуын­ша, мұғалім де, ата-ана да нейтрал тарапты ұстанып, балалардан сыр тартуды әдетке айналдырғаны жөн. Ары қарай бала ашылып, сіз­бен ашық сөйлесуге боларын тү­сінуі мүмкін. Одан бөлек, оқу­шы­лар арасында «тоқылдақ» атан­баудың амалын жасайтындар бар. Сондықтан маман мұғалімдерге сабақ барысында көрген-білгенді жасырмау қажетін, қандай жағ­дай­да болмасын үлкендердің көмегі мәселені шешуге көмектесетінін түсіндіру­ге кеңес береді. буллер Айналып келгенде мұғалім­дердің бала­лармен емен-жарқын тілдесіп, түсіндіруіне уақыты жо­ғына ораламыз. Себебі әлеуметтік желіде біршама ұстаздар сынып сағатын өткізіп, балаларды жеке-жеке бақылауда ұстауға жағдай жар бермейтінін жазған. Мысалы, жас маман Назым Сапарова UNICEF волонтері ретінде буллинг туралы дәріс оқып, кейіннен ауыл мекте­біне жұмысқа тұрған. Осы тұста ол әркімнің жеке шекарасы барын түсіну керегі жөнінде сөз қозғады.
«Ұстаздарға буллинг жайында вебинар, тренингтер қажет-ақ. Бірақ қағазбастылық көп. Мұғалім мен оқушы, әріптестер арасында аралық жоғын байқайсың. Мыса­лы, қазіргі балалар да жеке кеңістік дегенді білмейді. «Ұстаздардың жалақысы аз деуші еді, ал қолы­ңыздағы телефон iPhone» деп айт­қан оқушылар кездесті. Оған қоса, ата-аналардың «универ­си­тетті қызыл дипломға бітіріп кел­ген мұғалім сенбісің?» дейтінін қай­тер­сің. Одан қалса, мұғалімдер бөл­месіндегі жасың, тұрмыс құр­мағаның жайлы әңгімелер де титық­татып жібереді. Кейде жас­тардың неге жеке мектептерге ауы­сып кететінін түсін­гендей боламын», – дейді жас маман.

Кибербуллинг мәселесі «күйіп» тұр

Буллингтің кеңінен таралған түрі – кибербуллинг. Мұны біз әлеу­меттік желіден күнделікті байқаймыз. Кәдуілгі жазбаның асты­на жазылған коммен­тарийдің өзі адамды уайымға салады. Мә­селен, көпшілік жақында қайтыс болған жазушы Аягүл Мантайды кибербуллингтің құрбаны болға­нын жарыса жазып жүр. Сол үшін мамандар кибербуллингтің қару­сыз-ақ соққы жасауға қауқары барын алға тартады. Әсерінен адам психологиялық және эмоциялық тұрғыдан тығырыққа тіреледі. Тре­нер Зарина Жұмағұлованың ай­туынша, адам белгісіздік бетпер­десін кигенде бәрін істеуге даяр тұрады. Яғни, кибербуллерге айна­лып шыға келеді. Мысалы, жазба астына түрлі комментарий қалды­рады, адамды даттап жазады, кем­шілігін тізеді. Жағдайға қарап отырып, әлеу­меттік желідегі іс-әрекетке қатыс­ты тосқауыл керегін байқайсыз. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров та кибербуллингке қатысты әлеу­меттік платформалардың еліміздегі өкілеттілігі «виртуалды» түрде бол­ғанын құптайтынын жеткізді. Қа­лай десеңіз, аталған платформалар­дың штаб-пәтерінде қазақ-орыс тілін еркін мең­герген жастар «әлеу­меттік желінің ұлттық моде­раторы» рөлін атқарып, мемле­кет­тік өкілетті органмен әлеуметтік платформа арасында дәнекер рө­лін атқарады. Әзірге бұл ұсыныс­тың жүзеге асу-аспауы екі­талай. Жалпы, әлеуметтік желіге қа­тысты заңдар біраз елде бар. Мы­салы, 2017 жылы Германияда «Әлеу­меттік желі жөніндегі» заң қабылданып, 50 млн еуроға дейін айыппұл салу қарастырылған. Франция­ның ұлттық жиналысы да осыған ұқсас заң қабылдаған. Жаңа Зелландия мен АҚШ-тың бірқатар штатында кибербуллингке қылмыстық қатаң жауапкершілік ретінде қарайды. Ал біз Түркістан облысында болған оқи­ғаға қатысты Білім және ғылым ми­нистр­лігінің не­ліктен мәлімдеме жасама­ғанын сұрастырдық. Олардың айтуынша, сот медициналық сараптамасынан кейін мәселенің жай-жапсары анықталады. Бұл ретте министрлік білім беру ұйымдарында анти­буллинг саясатын қалыптастыру бойынша әдістемелік сүйемелдеу жұмы­сын жүргізіп жатқан көрінеді. «Бала құқықтарын қорғау мәсе­лелері бойынша кейбір заңнама­лық актілерге өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде буллингтің алдын алу ережелерін әзірлеу құ­зыретін мойнына алмақ. Тренинг пен вебинарларға қатысты сұра­ғымызға, тамыз конференция­сын­да семинар-тренинг өтетінін, бул­линг мәселелері бойынша бей­нематериалдар «Күнделік» порта­лында тұрғанын нұсқады. Мұға­лімнің «Күнделікті» күнделікті ашқа­ны­мен, ішіндегі бейнема­те­риал­дарды қарап, сараптауға уақыты жоғы бесенеден белгілі емес пе? Олардың жеке шекара, буллерді анықтау, жәбірленушіге көмек жайында интернеттен оқып, психолог­тердің сабағын сатып алып жүргені тағы бар.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ