Осындай сұрақ қойылғанда тосылып қалдыңыз, білем. Бірақ мамандардың айтуынша, адам көп жағдайда эмоциясын ұстай алмайды. Есесіне өзгенің кемшілігін бетіне басамын деп немесе біреуден басым екенін білдіру үшін буллинг жасауы бек мүмкін. Алайда мұның буллинг екенін, зиянын білмеуі қалыпты жағдайға айналған. Өйткені бұл тақырыптың кеңінен талқылауға түскеніне көп уақыт болған жоқ. Содан ба, әлімжеттік көрсету, кибербуллинг, суицид оқиғасы көбейіп кетті.
Дерек пен дәйек
Жақында Түркістанда ауыр соққы салдарынан 5-сынып оқушысы қайтыс болды. Туыстарының айтуынша, жағдайға мектептегі әлімжеттік себеп. Қазір құзырлы орган күдікке ілінген баладан жауап алып жатыр. Дәрігерлер де марқұмның бас мидың жабық жарақаты, соғылуы, ісінуі, ми стволының қысылуы болғанын мәлімдеген. Соған сай мектеп атмосферасы өзгерген. БАҚ-тағы мәліметке сүйенсек, ата-аналардың бір тобы білім ордасында әлімжеттік бар десе, екінші тарап жоққа шығарып отыр. Естеріңізде болса, биыл маусым айында Түркістан облысында 9-сынып оқушысы өзіне-өзі қол жұмсады. Оқушының емтихан кезінде директордан «қысым көргені» туралы дерек әлі де тексеріліп жатыр. Себебі ол емтиханнан кейін өзіне қол салып, анасынан үмітін ақтай алмағаны үшін кешірім сұраған жазба қалдырған. Жоғарыдағы тек мәселенің бергі беті, екі дерек қана. Мәселен, 2020 жылы балалар мен жасөспірімдер арасында 143 суицид дерегі, 193 өзіне-өзі қол жұмсауға талпыну дерегі тіркелген. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровтың дерегінше, 2018 жылы балалардың 60%-ы өмірінде бір рет буллинг түріне ұшыраған. 17%-ы бірнеше мәрте аталған оқиғамен бетпе-бет келген. Оған қоса, биыл елімізде 140 мың заң бұзу, фейк, кибербуллинг, экстремизм фактісі тіркелген. Ақпарат министрлігі платформаларда жазылған 1 700 хаттың 20-30%-ын ғана алып тастай алған.Қай тарапты таңдайсыз?
Мамандардың айтуынша, қай оқиғаны талдап қарасақ та құрбан, агрессор, куәгер үштігін кездестіреміз. Әрине, кімнің қай тарапта екенін, қандай шара қолдану қажетін білу үшін білім керек. Өйткені буллингпен бәріміз бетпе-бет келеміз. Мүмкін, буллер ата-ананың өзі болар. Мәселен, баланың басы үлкен болып, елдің көзінше «қазанбас» деп атасаңыз, қатарластары да оның қазанбас екенін бетіне басады. Мұның «жайбасар», «төрткөз», «маубас», «жылаңқы» дейтін лақап аттарға да қатысы бар. Яғни, баланы осылай атауына ата-ананың өзі жағдай жасап отыр. Сондықтан нейропсихологтер алдымен ата-ананың баласын кемшілігімен қосып қабылдауы керегін айтады. Одан кейін «өзіңдей елдің қызын қара», «сен 5-ке оқуың керек, шешең – мұғалім, әкең жақсы қызметте жүр», «қатарыңның алды болуың керек» дейтін міндеттемелер де балаға жүк. Еліміздегі балалар қауіпсіздігі жөніндегі тренер Зарина Жұмағұлова да буллингтің өздігінен тоқтамайтынын, уақытында әрекет етпесе, күшейе түсетінін айтады. Жоғарыдағыдай қабылдау керегі тағы бар. Өйткені тренер ата-аналардың баласының мінез-құлқын, жүріс-тұрысын түзеу үшін спорт секцияларына қарай жүгіретінін алға тартты.«Ата-аналар баласын спорт үйірмелеріне бергенде баласының өзін қорғай алатын дәрежеге жететінін, интернетке арналған уақыты азаятынын айтады. Меніңше, алдымен баланы тыңдау керек. Жағдайды түсінген соң мектеппен, басқа да ата-аналармен, білікті мамандармен байланыс орнатқан жөн. Керек болса, заңгер көмегіне, психологтің консультациясына жүгініңіз. Есіңізде болсын, буллинг пен конфликтің арасында айырмашылық бар. Буллинг кезінде бір тараптың күші аз болса, конфликт кезінде екі жақтың күші тең. Біріншісінде кейіпкерлердің орны әуелден белгілі. Кейінгісінде жағдайға қарай ауысуы мүмкін. Мысалы, буллинг жасайтын оқушы үшін оған куәгер керек. Ол өзінің күшті екенін, қолында билік барын сезінгісі келеді», – дейді ол.Осыдан кейін тренер әңгімесін мысалмен жалғады. Оның айтуынша, мұғалім де, ата-ана да нейтрал тарапты ұстанып, балалардан сыр тартуды әдетке айналдырғаны жөн. Ары қарай бала ашылып, сізбен ашық сөйлесуге боларын түсінуі мүмкін. Одан бөлек, оқушылар арасында «тоқылдақ» атанбаудың амалын жасайтындар бар. Сондықтан маман мұғалімдерге сабақ барысында көрген-білгенді жасырмау қажетін, қандай жағдайда болмасын үлкендердің көмегі мәселені шешуге көмектесетінін түсіндіруге кеңес береді.
«Ұстаздарға буллинг жайында вебинар, тренингтер қажет-ақ. Бірақ қағазбастылық көп. Мұғалім мен оқушы, әріптестер арасында аралық жоғын байқайсың. Мысалы, қазіргі балалар да жеке кеңістік дегенді білмейді. «Ұстаздардың жалақысы аз деуші еді, ал қолыңыздағы телефон iPhone» деп айтқан оқушылар кездесті. Оған қоса, ата-аналардың «университетті қызыл дипломға бітіріп келген мұғалім сенбісің?» дейтінін қайтерсің. Одан қалса, мұғалімдер бөлмесіндегі жасың, тұрмыс құрмағаның жайлы әңгімелер де титықтатып жібереді. Кейде жастардың неге жеке мектептерге ауысып кететінін түсінгендей боламын», – дейді жас маман.
Кибербуллинг мәселесі «күйіп» тұр
Буллингтің кеңінен таралған түрі – кибербуллинг. Мұны біз әлеуметтік желіден күнделікті байқаймыз. Кәдуілгі жазбаның астына жазылған комментарийдің өзі адамды уайымға салады. Мәселен, көпшілік жақында қайтыс болған жазушы Аягүл Мантайды кибербуллингтің құрбаны болғанын жарыса жазып жүр. Сол үшін мамандар кибербуллингтің қарусыз-ақ соққы жасауға қауқары барын алға тартады. Әсерінен адам психологиялық және эмоциялық тұрғыдан тығырыққа тіреледі. Тренер Зарина Жұмағұлованың айтуынша, адам белгісіздік бетпердесін кигенде бәрін істеуге даяр тұрады. Яғни, кибербуллерге айналып шыға келеді. Мысалы, жазба астына түрлі комментарий қалдырады, адамды даттап жазады, кемшілігін тізеді. Жағдайға қарап отырып, әлеуметтік желідегі іс-әрекетке қатысты тосқауыл керегін байқайсыз. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров та кибербуллингке қатысты әлеуметтік платформалардың еліміздегі өкілеттілігі «виртуалды» түрде болғанын құптайтынын жеткізді. Қалай десеңіз, аталған платформалардың штаб-пәтерінде қазақ-орыс тілін еркін меңгерген жастар «әлеуметтік желінің ұлттық модераторы» рөлін атқарып, мемлекеттік өкілетті органмен әлеуметтік платформа арасында дәнекер рөлін атқарады. Әзірге бұл ұсыныстың жүзеге асу-аспауы екіталай. Жалпы, әлеуметтік желіге қатысты заңдар біраз елде бар. Мысалы, 2017 жылы Германияда «Әлеуметтік желі жөніндегі» заң қабылданып, 50 млн еуроға дейін айыппұл салу қарастырылған. Францияның ұлттық жиналысы да осыған ұқсас заң қабылдаған. Жаңа Зелландия мен АҚШ-тың бірқатар штатында кибербуллингке қылмыстық қатаң жауапкершілік ретінде қарайды. Ал біз Түркістан облысында болған оқиғаға қатысты Білім және ғылым министрлігінің неліктен мәлімдеме жасамағанын сұрастырдық. Олардың айтуынша, сот медициналық сараптамасынан кейін мәселенің жай-жапсары анықталады. Бұл ретте министрлік білім беру ұйымдарында антибуллинг саясатын қалыптастыру бойынша әдістемелік сүйемелдеу жұмысын жүргізіп жатқан көрінеді. «Бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде буллингтің алдын алу ережелерін әзірлеу құзыретін мойнына алмақ. Тренинг пен вебинарларға қатысты сұрағымызға, тамыз конференциясында семинар-тренинг өтетінін, буллинг мәселелері бойынша бейнематериалдар «Күнделік» порталында тұрғанын нұсқады. Мұғалімнің «Күнделікті» күнделікті ашқанымен, ішіндегі бейнематериалдарды қарап, сараптауға уақыты жоғы бесенеден белгілі емес пе? Олардың жеке шекара, буллерді анықтау, жәбірленушіге көмек жайында интернеттен оқып, психологтердің сабағын сатып алып жүргені тағы бар.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ