26 жерінен пышақталған Түркістан облысының тумасын өзге емес туысы пышақтап өлтірген, – деп жазады zakon.kz.
Полицейлер келгенде оқиға орнына келгенде 27 жастағы күдікті ес-түссіз жатыпты. Тәртіп сақшылары жігіттің ақыл-есін тексеріп, тергеуге алып кеткен. Қылмыс Чхонджу қаласында болған. Кісі қолынан 22 жастағы отандасымыз қаза тапты. Оны басқа біреу емес, өзінің туысы пышақтап өлтірген. Оқиға куәгерлері жедел жәрдем шақыртқанымен, дәрігерлер денесі 26 жерден пышақталған жігітті аман алып қала алмады. «Пышақ жарақатын алған 22 жастағы С. есімді Қазақстан азаматы – Түркістан облысының тумасы. Оқиға орнында жан тапсырды. Ал 27 жастағы А. есімді өзінің жақыны Чхонджу қаласының полициясында тергеліп жатыр. Қазір қамауға алынған», – дейді блогер Самат Ахметов. Марқұмның корей жерінде жұмыс істеп, табыс тауып жүргеніне 1,5 жыл болған. Ал, қылмысқа барды деген күдікпен тұтқындалған отандасымыз Чхонджу қаласында 4 жылдан бері еңбек етіп келіпті. Қазір Кореяда қайтыс болған жігіттің әкесі бар. Ол ұлының мәйітін 21 қазанда Шымкентке жеткізіп, туған жерінде арулап жер қойнына тапсырмақ. Қайғыдан қан жұтқан туыстары да оқиғаның қалай болғанынан бейхабар. Бар білетіндері – жігіт, әне-міне елге оралады деп отырған.4 жылдан бері Кореядағы мигранттарға жәрдемдесіп жүрген блогер Самат Ахметов күдіктімен сөйлесуге полиция бөлімшесіне барыпты. Бірақ, оның 20 минутта екі ауыз сөз айтуға ғана шамасы келіпті. Онда да мардымды ештеңе айта алмапты. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары да 27 жастағы азаматтан оқиғаның қалай болғанын біле алмай жатыр.Марқұмның атасы Турабай Дадаев: «Ұшақпен әкеледі, бұйырса, 21 қазан сағат 10-да Алматыға әкеледі. Не болғанын ешкім білмейді ғой. Тілі жоқ айтатын, тілсіз жатыр. 14-іне билеті бар еді ол баланың. Екеуі сол жерде тұрған, сол үйде тамақ жеген. Сол үйден бірге жұмысқа барған. Ешқандай ақылға сыймайтын нәрсе ғой», – дейді.
Қылмысқа қатысты еліміздің Сыртқы істер министрлігі әлі ресми жауап берген жоқ. Анығы, отандастарымыз жат мемлекет аумағында заңсыз еңбек еткен. Құзырлы органдардың дерегінше, Кореяда 35 мыңнан астам Қазақстан азаматы бар. Оның 12 мыңға жуығы мигрант есебінде жалданып жұмыс істеп жүр. Сондай-ақ, Корея түрмесінде 25 қазақстандық жазасын өтеп жатыр.