Ер-азаматтарымыз ел қорғауға әзір ме?
Ер-азаматтарымыз ел қорғауға әзір ме?

Елімізде қыркүйек айынан бастап мерзімді әскери қызметке шақыру­дың күзгі науқаны басталды. Бұл шара жыл аяғына дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде 18-27 жас ара­лығындағы 17 мыңға жуық азамат Қарулы Күштердің, басқа да әскери құрылымдардың қатарын толық­тыруы тиіс. 

Әлемдегі геосаяси жағдайдың астан-кестеңі шығып жатқанда әртүрлі сын-қатер ошақтары жақын аймақтарда пайда бола бастаған қазіргі сәтте «қазақ әскері елі мен жерін қорғауға қаншалықты қау­қар­лы?» деген сұрақ туатыны заңды. Бүгін­гі әскерге шақырылған ұрпақ кешегі батыр бабаларымыздың даңқты дәстүрін жалғас­тыра ала ма? Global Firepower-дiң дeрeгiншe, Қазақ­станда әскeри қызмeткe 6 млн 498 мың aзa­мaт жaрaмды eкeн. Ал жыл сaйын шa­мa­м­eн 260 мың aдaм әскeри қызмeткe шa­­қыру жaсынa толaды. Қазір Қарулы Күш­­тердің құрамында 70 мыңға жуық сарбаз бар. Қорғаныс министрінің кеңесшісі, запас­тағы генерал-майор Әділбек Алдабер­геновтің айтуынша, мобилизациялық резерв деңгейін қамтамасыз ету үшін жыл сайын мерзімді әскери қызметке 35 мыңға тарта адам шақырылады. Бұл есепке Ұлтттық гвардия, ҰҚҚ Шекаралық қыз­меті және төтенше жағдайлар қызметі де кіреді.

Әскерден жалтарушылар көп

Бірақ соңғы кезде әскери борышын ерікті өтеушілердің қатары азайған. Жастардың дені жалтарып, түрлі сылтаулар мен бармаудың жолын табады. Өйткені әскери қызмет өтеу жасына толғандардың біршамасы әскерге баруды текке уақыт өткізу деп есептейді және бір анығы, жастардың 25 пайызы әскерге жарамсыз, әрі көбінің мойнында несие бар. – Биыл 2004 жылы туған балаларды әскери тіркеуге алдық. Статистикаға қарасақ, көбінің көру қабілеті күрт нашарлап кеткен. Компьютер мен телефонға түнімен қарайды. Сондықтан көру қабілет­тері біртіндеп азаяды. Жас жігіттердің денсаулығында түрлі аурулар да жиі кездеседі. Тіпті, жас балалардың денсаулығы нашарлап барады. Бел-омыртқа жарығы, остеохондроз, семіздік кеселдері көбейіп жатыр. Ондайларға біз емделіп келуге уақыт береміз. Сосын асқазан-ішек ауруын да атар едім. Ол дұрыс тамақтанбаудан деп санаймын. Әскерге барамыз деп құлшынып тұрған кейбір жігіттер денсаулығының нашарлығынан қалып қойып жатады. Ондай жағдайда әскерге жарамсыз деген билет береміз. Жігіттердің шамамен 20-25 пайызы әскерге жарамсыз, – деді Нұр-Сұлтан қаласы әскерге шақыру мед­комиссия­сының төрағасы Ермек Ержанов. Сондай-ақ жасөспірімдердің әскерге барудан қашқақтауына ол жақтағы әлімжеттіктің, қайғылы оқиғалардың тыйылмай тұрғаны да себеп. Жақында ғана Отардағы әскери бөлімнің бірінде жас сарбаз төрт қабатты казарманың терезесінен секіріп мерт болды. Қайтыс болған сарбаздың қалтасынан өзін өлімге итермелеуге себеп болған жайт туралы жазған жазбасы табылады. Бұл әскердегі бірінші суицидтік жағдай емес. Ресми мәлімет бойынша, соңғы он жылда Қазақстанда 228 әскери қызметкер өз-өзіне қол жұмсаған. Яғни, орта есеппен жылына 22 сарбаз суицид жасайды. Қазақстанның әскери бөлімшелерінде әр 6 күн сайын жарғыға қайшы келетін әрекет бойынша бір қылмыстық құқық бұзу тіркеледі. Кейінгі он жылда жарғылық емес өзара қарым-қатынасқа байланысты 604 адамға қарсы қылмыстық құқық бұзу әрекеті есепке алынған. Бұл тек назарға іліккені ғана. Қорғаныс саласының шенеуніктері әскери қызметкерлер арасында жарғыдан тыс қарым-қатынасты азайту үшін түрлі шараларды қолға алып жатыр. Әскерилер ата-анасымен телефон арқылы сөйлеседі, анонимді сауалнама жүргізіледі, сарбаздардың денесі де тексеріледі, мұнымен қоса, «прокурор сағаты», «ашық есік күні», «көшпелі соттар» ұйымдас­тырыла­ды. Осының арқасында кейінгі 20 жылда сарбаздар арасында өз-өзіне қол салмақ болғандар 18 есе, ал өзіне-өзі қол жұмсап мерт болғандар саны 5 есе азайған. ер-азаматтар – Қазіргі пандемия жағдайын байланысты шақырушыларға смс-хабарлар жіберіп жатырмыз. Борышынан қашқан­дарға қазір 8 миллионға дейін айыппұл салынатын болды. Бұл да әскерден қашатын жігіттердің көбінің аяғына тұсау салды. Әскерге бармай осыншама миллион төлегенше, барып, шыңдалып қайтқан­дары жақсы емес пе? – деді Нұр-Сұлтан қалалық әскери комиссариаттың өкілі полковник Ғани Артықов. Әскерге шақыртуды елемей, медицина­лық тексеруден өтуге келмеген жігіттерге 1 000 айлық есептік көрсеткіш айыппұл са­лынады. Кейін қайда барса да, осы қағаз алдынан шығып тұрады. Соның салдарынан тірлігің тынбай, шетелге де шыға алмайсың. Одан бөлек, денсаулығына қасақана қысым келтіріп, өтірік анықтама жасап алатындарға 3 000 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады. Ал кей жағдайда қылмыстық іс қозғалып, әскер­ден қашқан азамат 3 жылға абақтыға қамалуы мүмкін.

Кәсіби әскерлердің деңгейі жоғары

Қорғаныс министрлігінің дерегінше, Қарулы Күштер құрамының 70 пайызы келісімшарт негізінде және 30 пайызы мер­зімді қызметке шақырылғандардан құрал­ған. Азаматтардың келісімшартпен әскерге қабылдау ерікті сипатта жүргізіледі. Келісімшартпен әскерде қызмет ете­тін­дердің әлеуметтік жағдайы толықтай мем­лекеттің қарауына көшеді. Биылдан бастап олардың жалақылары кезең-кезеңмен өсе бастады. Бұрын әскердегі мерзімдік шақыру қызметі біткеннен кейін қызметке келі­сімшартпен қалғандардың айлығы 80-90 мың теңге болса, жыл басы­нан бастап 110-120 мыңға өсті. Енді оның мөлшері жыл сайын 70 пайызға дейін өсетін болды. Сондай-ақ әскери қызметкер зейнетке шыққанша үйінің ипотекасын мемлекет жауып отырады. Балабақшаға кезексіз тұрады, медициналық қызмет тегін көрсетіледі, киім­мен де тегін қам­­тыла­ды. Өйткені әскери сала азамат­тарының басқа мамандық ие­леріндей бос уақыты көп емес. Кей әскерлер отбасыларымен бірге қызмет бабымен үнемі кө­шіп-қонып жү­реді. Сондай-ақ әс­кер тек ер-азаматтардікі деп қарағанымыз да жөн бол­мас. Қарулы Күштер құрамының 12 пайызы – әйелдер. Ал Отан алдындағы борышын өтеуге баратындардың 80 пайызы – қазақтар. Қалған 20 пайызы – өзге ұлт өкілдері. Мерзімдік әскери қызметке шақырыла­тындар атқыштар, пулеметшілер, гранатометшілер мен арнайы білімді және күрделі техникамен немесе аса қауіпті жұмыспен байланысты емес міндеттерді атқарады. Оларды игеруге әдетте бір жылдай уақыт кетеді. Мәселен, десанттық-шабуылдаушы әскерлер құрамында мерзімдік қызметтегілер де, келісімшартпен қызмет ететіндер де бар. Десантшылардың бәрі парашютпен секіреді. Бірақ «мерзім­діктердің» секіру жиілігі аз және олар тек күндізгі уақыттарда ғана секіреді. Ал «келісімшарттағылар» түнде де, қолайсыз ауа райында да, таулы-қырлы, өзен-сулы жерлерге, әртүрлі техникадан, әртүрлі қашықтықта секіре береді, – деді Қорғаныс министрінің кеңесшісі, запастағы генерал-майор Әділбек Алдабергенов. Кеңесшінің айтуынша, келісімшартпен қызмет ететіндер өздерінің кәсіби тұрғыдан шеберлігін Тоқыраудағы (2001 жылғы), Арыстағы (2019 жылғы) және биылғы Жамбылдағы қару-жарақ қоймаларындағы жарылыстардың зардаптарын жою кезінде, Ауғанстандағы, Ирактағы, Ливандағы әскери міндеттерін орындау кезінде, халықаралық деңгейдегі көптеген оқу-жаттығу ойындарында дәлелдеген. Бір сөзбен айтқанда, аса қауіпті тапсырмаларға кәсіби тұрғыдан неғұрылым әзірленген кілісімшартпен қызмет етушілер барады. Осылардың арқасында Қазақстан Халық­аралық армияшылар ойындарында ұдайы үздіктер қатарында көрініп жүр. Сондай-ақ келісімшартпен қызмет ететін кәсібилер күрделі техниканы шебер меңгерген. Олар заманауи соғыс техникаларын жақсы басқарып, күтеді. Яғни, кәсібидің қолындағы мұндай техника істен сирек шығады. Сондықтан мұндай қызметкерлерді әскерге көбірек алу мемлекет үшін тек елдің қорғаныс қабілетін күшейту тұр­ғысынан ғана емес, экономика­лық тұрғыдан да тиімді. Ал енді, әскерге шақырылғанша қолына автомат ұстап көрмеген 18-20 жастағы бозбала мен 30 жастағы кәсіби әскериді салыстыруға болмайтыны онсыз да түсінікті емес пе?! Тіпті, моральдық-психологиялық дайын­дық тұрғысынан кәсіби әскерилердің деңгейі анағұрлым жоғары. – Әлбетте, келісімшартпен қызмет ете­тіндерге жұмсалатын шығын мерзімдік ша­қырумен келген сарбаздарға қарағанда әлдеқайда көп. Бірақ бір нәрсені ұмытпау керек, біздің әскер жалдамалы емес, кәсіби тұрғыда даярланған өз азаматтарымыз. Және бұл қаржы ел экономикасының ішінде айналып жүреді, – деді Әділбек Алдабергенов. Кәсіби әскерилер қызметтен кеткеннен кейін әскери-оқытылған резерв ретінде запасқа алынады. Оларды кәсіби шеберлігі мұқалмас үшін әредік жиынға шақыртып тұрады. Жалпы, азаматтардың мерзімді әскери міндетін өтеуі – Конституция талабы. Сондықтан Қарулы Күштерде әскери борышын өтеу міндеті жойыла қоюы екіталай. Ал келісімшарт әскерлерінің үлесі алдағы уақытта арта ма, жоқ па, ол да бел­гісіз. 2015 жылдары келісімшарт әскерінің үлесін 999 пайызға дейін жеткізу жайлы ұсыныстар айтылған. Кейін мұндай пікірлер саф тыйылды. Шамасы шенділер мерзімді әскери міндеттің маңызын түсінсе керек.

Дәулет АСАУ