Көлік импортының жасанды кедергісі
Көлік импортының жасанды кедергісі
207
оқылды

Бұл мәселе біраздан бері маңызын жоғалтпай тұр. Қазір шетелден көлік әкелгісі келген адамға тосқауыл көп. Ал отандық өнеркәсіп сұранысқа сұранысты толтыра алмай отыр. Сапалы әрі тиімді бағада көлік іздеген жұрт шетелден түрлі жолын тауып, авто­мобиль тасымалдап әлек. Жуырда сондай схеманың бірі жабылды. Бірақ азаматтардың таңдау еркін шектеп отырған жоқпыз ба? Осы сұрақтың төңірегінде  сөз қозғасақ.

Ескі көлікке де зар етпей ме?

Алдымен мәселелерді туын­датып отырған себептің бірін айт­айық. Қазақстан автобизнес қа­уымдастығының дерегіне сен­сек, биыл алғашқы 9 айда отан­дастарымыз 86 566 жаңа жеңіл автомобиль мен коммерциялық техника сатып алған. Бірлестік салада құлдырау барын айтып отыр. Мысалы, тамыз айында іш­кі нарық бірден 5,3 пайызға тө­мен­деген. Қыркүйекте 3,3 пайыз өсім болған, бірақ нарық бәрібір қалпына келе алмай жатыр. Бір қызығы, Қытай Қазақстанмен арадағы шекараны жауып тастаған еді, автозауыттар қиындыққа тап болған. Автосалондарда кейбір маркадағы автокөліктер жоқ. Мұ­ны білген автосалондар көлік­тер­дің бағасын шарықтатып жі­бер­ген. Клиенттерін автомо­бильге қосымша қызметтер мен жабдық­тар алуға мәжбүрлеп, онсыз да қымбат көліктің тіптен құнын өсірді. Мәселен, Toyota Land Cruiser 300 премиум автомобилін сатып алу үшін бір ғана қосымша жабдыққа 5 мил­лион теңге төлеу қажет. Осыдан кейін азаматтар шетелден жаңа немесе ескілеу болсын, автокөлік әкелуге ұмты­лары белгілі. Бірақ бұған да ке­дергі көп, көлік алғы­сы келген адам әбден сарсаңға түсіп жүр. Нарықтың заңы бойынша, егер ішкі өндіріс сұранысты қа­нағаттандыра алмаса, мұқтаждық міндетті түрде импорт есебінен өтелуі тиіс. Дегенмен еліміздің автобизнесінде импортқа кедергі қойылған. Шетелден көлік әкелу үшін азаматқа жалпы сомасы тағы бір көліктің құнына дейін жететін утилизациялық алымды, баж бен  өзге салықтарды төлеу керек. Бұ­ған жағдайы мен ресурсы жет­пеген адам оны айналып өтудің түрлі жолын табады. Мысалы, аз алым-салық төлеу үшін көліктің құнын төмендетіп көрсетеді. Алыс-жа­қын шетелдердің бірінде авто­са­лоннан су жаңа көлікті жергілікті тұрғын сатып алады да, артынан «әлдеқайда арзан баға­мен» Қазақ­стан азаматына са­тады. Сатып алу келісімшар­тын­дағы арзандау құнға лайық алым-салық есеп­теледі. Бірақ ақыры кеден мен салық салаларына қа­тар жауапты Мемлекеттік кірістер комитеті бұл схеманы әшкерелеп, тосқауыл қойып үлгерді. Уақыт өткен сайын шетелден жаңа көлік тасымал­даудың өзі қиын болып бара жа­тыр. Ал елде баға шарық­таған үстіне шарықтап барады. Мейлі, бірақ сол бағаға лайықты сапалы автокөлікті ұсынбайды. Содан азаматтарымыз реті келсе, ескілеу көлікті де тізгіндеуге ын­тығып отыр. Алайда оған да тос­қауыл болса ше?

Көлік мінгеннің көңілі тоқ емес

Жаңа көлікті қойып, ескі кө­ліктерге де қатысты даудың тарқа­май тұрғанын білеміз. Соңғы 10 жылда үшінші рет шықты. Алғаш қырғыз нөмірлі көліктердің дауы (2011-2012 жылдар) болса, кейін Ресейден көлік тасығанда (2014-2015 жылдар) тағы бір дүрліктік. Енді Армения көліктері қосылды. Былтыр қаңтарда Армения мен Қырғыз Республикасы үшін Еура­зиялық экономикалық одаққа кі­рудің өтпелі кезеңі аяқталды. Соған дейін қазақстандықтар үшін Армениядан арзан көлік сатып алуға мүмкіндік болды. Бі­рақ қазір жағдай өзгергенін көр­дік. Осы тұста көпті мазалайтын бір сұрақ бар. Арменияда неге көлік арзан? Себебі бұл елдің 2014 жылы ЕАЭО құрамына кіруімен байланысты. Оған дейін Армения­ға өзге елдерден әкелініп үлгерген көліктер одақтың тауары санала бастады. Ал бұл мерзімнен кейін әкелінген көліктерден одақ тауа­ры саналуы үшін «кедендік таза­рудан» өтіп, тиісті салықтарды төлеу талап етілді. Армения мен қырғыз еліне ЕЭО-ға бір уақытта кіргенін ескерсек, мұндай талап екі елге де ортақ екенін түсіну қиын емес. Ішкі істер министр­лігінің «шектеудің Беларусь пен Ресейге еш қатысы жоқ» деп қай­та-қайта мәлімдеуінің сыры осын­да жатыр. Бірақ ресейлік көліктер де «судан таза, сүттен ақ» емес. Оған сәл кейін тоқталармыз. Көпшілікке дұрыс және уақы­тылы түсіндіру жұмыстары жүр­гізілмегені болмаса, шындығында қазақстандықтарға Армения не қырғыз елінен арзан көлік тасуға еш жеңілдік бұрын да болмаған. Шыны сол, осы екі елде көлік арзан. Бірақ оларды Қазақстанға әкеп тіркеу үшін кедендік баж және өзге де төлемдерді жасау керек. Бұған 10 күн ғана уақыт бе­ріледі. Талапты орындамаған­дарға 10 АЕК көлеміндегі айыппұл салынады. Оған қоса, көлік айыппұл тұрағына жөнелтіледі. ІІМ енді ғана жүргізушілерді көліктерін тіркеуге қоюға үндеу жасағаны болмаса, бұл талап бұрын да болды, қазір де бар. Былтыр ресми іссапармен осы мәселе үшін Арменияға Ішкі істер министрлігінің өкілдері аттанған болатын. Министрдің орынба­са­ры Марат Қожаев сол кезде арме­ния­лық көліктерге қатысты проб­ле­маның көп екенін айтқан болатын. «Әрбір көлік мәселесін жеке зерттейтін боламыз. Біз Арме­ния­ға Әкімшілік полиция комитетінің арнайы тобын жібердік. Олар армениялық әріптестермен бірге екі ел азаматтарының іс-әре­ке­тінің заңдылығын анықтайды. Бұл істе қандай механизм қол­да­нылғанын да білетін боламыз», – деген еді ол. Былтырғы ІІМ есебіне сенсек, 2020 жылға дейін-ақ Армения, Беларусь, Қырғыз Республикасы мен Ресейден 200 мыңға жуық көлік Қазақстанға тасылған. Әри­не, бұл сан нақты мәлімет емес, оған қоса заңды түрде тіркелгені де, уақытша жұмыспен келген шетелдіктер тізгіндегендері де бар. Қалай болғанда да, шетел нөмірімен Қазақстан жолдарын заңсыз тоздырып жүрген көліктер аз емес. Тіпті, оған қоймай, Қа­зақ­станда тіркелмегендіктен, жол ережесін де елемейтіндердің ба­сым үлесі – осылар екен. Былтыр тіркелмеген көліктер 90 мыңнан астам мәрте жол ережесін бұзға­ны, олар төлемейтін айыппұл 1,1 млрд теңгеден асқаны айтылды. Кейін анықталғандай, Арме­ния «азаматы» бола салу қиын да, қымбат та шаруа емес екен. Соны пайдаланған адамдар Арменияға уақытша тіркеліп, көліктерді Қазақстанға оңай өткізіп отырған. Бақылау екі ел тарапынан да әлсіз болғаны енді белгілі болып жатыр. Бірақ басты мәселе – сол, қазақ­стандықтар үшін қазір тиімді бағадағы әрі сапалы автокөліктер бұйырар түрі жоқ. Ресейлік көлік­терге еш шектеу жоқ. Алайда олар­дан да қауіп бар. Мысалы, қазір Ресейде ұрланып, қолды болған көліктер елімізде де кезіп жүр. Оның да түрлі алаяқтық схе­масы бар. Бір көліктің бір емес, екі иесі шығып, ақыр аяғында автомобиль­дерге қатысты проб­лемалар ушық­қан үстіне ушығып барады.

Мадияр ТӨЛЕУ