Бұл мәселе біраздан бері маңызын жоғалтпай тұр. Қазір шетелден көлік әкелгісі келген адамға тосқауыл көп. Ал отандық өнеркәсіп сұранысқа сұранысты толтыра алмай отыр. Сапалы әрі тиімді бағада көлік іздеген жұрт шетелден түрлі жолын тауып, автомобиль тасымалдап әлек. Жуырда сондай схеманың бірі жабылды. Бірақ азаматтардың таңдау еркін шектеп отырған жоқпыз ба? Осы сұрақтың төңірегінде сөз қозғасақ.
Ескі көлікке де зар етпей ме?
Алдымен мәселелерді туындатып отырған себептің бірін айтайық. Қазақстан автобизнес қауымдастығының дерегіне сенсек, биыл алғашқы 9 айда отандастарымыз 86 566 жаңа жеңіл автомобиль мен коммерциялық техника сатып алған. Бірлестік салада құлдырау барын айтып отыр. Мысалы, тамыз айында ішкі нарық бірден 5,3 пайызға төмендеген. Қыркүйекте 3,3 пайыз өсім болған, бірақ нарық бәрібір қалпына келе алмай жатыр. Бір қызығы, Қытай Қазақстанмен арадағы шекараны жауып тастаған еді, автозауыттар қиындыққа тап болған. Автосалондарда кейбір маркадағы автокөліктер жоқ. Мұны білген автосалондар көліктердің бағасын шарықтатып жіберген. Клиенттерін автомобильге қосымша қызметтер мен жабдықтар алуға мәжбүрлеп, онсыз да қымбат көліктің тіптен құнын өсірді. Мәселен, Toyota Land Cruiser 300 премиум автомобилін сатып алу үшін бір ғана қосымша жабдыққа 5 миллион теңге төлеу қажет. Осыдан кейін азаматтар шетелден жаңа немесе ескілеу болсын, автокөлік әкелуге ұмтылары белгілі. Бірақ бұған да кедергі көп, көлік алғысы келген адам әбден сарсаңға түсіп жүр. Нарықтың заңы бойынша, егер ішкі өндіріс сұранысты қанағаттандыра алмаса, мұқтаждық міндетті түрде импорт есебінен өтелуі тиіс. Дегенмен еліміздің автобизнесінде импортқа кедергі қойылған. Шетелден көлік әкелу үшін азаматқа жалпы сомасы тағы бір көліктің құнына дейін жететін утилизациялық алымды, баж бен өзге салықтарды төлеу керек. Бұған жағдайы мен ресурсы жетпеген адам оны айналып өтудің түрлі жолын табады. Мысалы, аз алым-салық төлеу үшін көліктің құнын төмендетіп көрсетеді. Алыс-жақын шетелдердің бірінде автосалоннан су жаңа көлікті жергілікті тұрғын сатып алады да, артынан «әлдеқайда арзан бағамен» Қазақстан азаматына сатады. Сатып алу келісімшартындағы арзандау құнға лайық алым-салық есептеледі. Бірақ ақыры кеден мен салық салаларына қатар жауапты Мемлекеттік кірістер комитеті бұл схеманы әшкерелеп, тосқауыл қойып үлгерді. Уақыт өткен сайын шетелден жаңа көлік тасымалдаудың өзі қиын болып бара жатыр. Ал елде баға шарықтаған үстіне шарықтап барады. Мейлі, бірақ сол бағаға лайықты сапалы автокөлікті ұсынбайды. Содан азаматтарымыз реті келсе, ескілеу көлікті де тізгіндеуге ынтығып отыр. Алайда оған да тосқауыл болса ше?Көлік мінгеннің көңілі тоқ емес
Жаңа көлікті қойып, ескі көліктерге де қатысты даудың тарқамай тұрғанын білеміз. Соңғы 10 жылда үшінші рет шықты. Алғаш қырғыз нөмірлі көліктердің дауы (2011-2012 жылдар) болса, кейін Ресейден көлік тасығанда (2014-2015 жылдар) тағы бір дүрліктік. Енді Армения көліктері қосылды. Былтыр қаңтарда Армения мен Қырғыз Республикасы үшін Еуразиялық экономикалық одаққа кірудің өтпелі кезеңі аяқталды. Соған дейін қазақстандықтар үшін Армениядан арзан көлік сатып алуға мүмкіндік болды. Бірақ қазір жағдай өзгергенін көрдік. Осы тұста көпті мазалайтын бір сұрақ бар. Арменияда неге көлік арзан? Себебі бұл елдің 2014 жылы ЕАЭО құрамына кіруімен байланысты. Оған дейін Арменияға өзге елдерден әкелініп үлгерген көліктер одақтың тауары санала бастады. Ал бұл мерзімнен кейін әкелінген көліктерден одақ тауары саналуы үшін «кедендік тазарудан» өтіп, тиісті салықтарды төлеу талап етілді. Армения мен қырғыз еліне ЕЭО-ға бір уақытта кіргенін ескерсек, мұндай талап екі елге де ортақ екенін түсіну қиын емес. Ішкі істер министрлігінің «шектеудің Беларусь пен Ресейге еш қатысы жоқ» деп қайта-қайта мәлімдеуінің сыры осында жатыр. Бірақ ресейлік көліктер де «судан таза, сүттен ақ» емес. Оған сәл кейін тоқталармыз. Көпшілікке дұрыс және уақытылы түсіндіру жұмыстары жүргізілмегені болмаса, шындығында қазақстандықтарға Армения не қырғыз елінен арзан көлік тасуға еш жеңілдік бұрын да болмаған. Шыны сол, осы екі елде көлік арзан. Бірақ оларды Қазақстанға әкеп тіркеу үшін кедендік баж және өзге де төлемдерді жасау керек. Бұған 10 күн ғана уақыт беріледі. Талапты орындамағандарға 10 АЕК көлеміндегі айыппұл салынады. Оған қоса, көлік айыппұл тұрағына жөнелтіледі. ІІМ енді ғана жүргізушілерді көліктерін тіркеуге қоюға үндеу жасағаны болмаса, бұл талап бұрын да болды, қазір де бар. Былтыр ресми іссапармен осы мәселе үшін Арменияға Ішкі істер министрлігінің өкілдері аттанған болатын. Министрдің орынбасары Марат Қожаев сол кезде армениялық көліктерге қатысты проблеманың көп екенін айтқан болатын. «Әрбір көлік мәселесін жеке зерттейтін боламыз. Біз Арменияға Әкімшілік полиция комитетінің арнайы тобын жібердік. Олар армениялық әріптестермен бірге екі ел азаматтарының іс-әрекетінің заңдылығын анықтайды. Бұл істе қандай механизм қолданылғанын да білетін боламыз», – деген еді ол. Былтырғы ІІМ есебіне сенсек, 2020 жылға дейін-ақ Армения, Беларусь, Қырғыз Республикасы мен Ресейден 200 мыңға жуық көлік Қазақстанға тасылған. Әрине, бұл сан нақты мәлімет емес, оған қоса заңды түрде тіркелгені де, уақытша жұмыспен келген шетелдіктер тізгіндегендері де бар. Қалай болғанда да, шетел нөмірімен Қазақстан жолдарын заңсыз тоздырып жүрген көліктер аз емес. Тіпті, оған қоймай, Қазақстанда тіркелмегендіктен, жол ережесін де елемейтіндердің басым үлесі – осылар екен. Былтыр тіркелмеген көліктер 90 мыңнан астам мәрте жол ережесін бұзғаны, олар төлемейтін айыппұл 1,1 млрд теңгеден асқаны айтылды. Кейін анықталғандай, Армения «азаматы» бола салу қиын да, қымбат та шаруа емес екен. Соны пайдаланған адамдар Арменияға уақытша тіркеліп, көліктерді Қазақстанға оңай өткізіп отырған. Бақылау екі ел тарапынан да әлсіз болғаны енді белгілі болып жатыр. Бірақ басты мәселе – сол, қазақстандықтар үшін қазір тиімді бағадағы әрі сапалы автокөліктер бұйырар түрі жоқ. Ресейлік көліктерге еш шектеу жоқ. Алайда олардан да қауіп бар. Мысалы, қазір Ресейде ұрланып, қолды болған көліктер елімізде де кезіп жүр. Оның да түрлі алаяқтық схемасы бар. Бір көліктің бір емес, екі иесі шығып, ақыр аяғында автомобильдерге қатысты проблемалар ушыққан үстіне ушығып барады.Мадияр ТӨЛЕУ