Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Корольдігі консультативтік кеңесінің төрағасы Абдалла Әл аш-Шейхті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
Қазақстан Президенті Сауд Арабиясын ислам әлеміндегі сенімді серіктес әрі Қазақстанның Тәуелсіздігін таныған алғашқы араб мемлекеттерінің бірі екенін атап өтті.– Сауд басшылығымен әрдайым байланыстамыз. Тамызда Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл Саудпен телефон арқылы әңгімелескен кезде бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілді. Ал қыркүйек айында Инвестиция министрі Халид әл-Фалихпен кездестім. Бұл байланыстар екі ел арасындағы ынтымақтастыққа серпін береді деп есептеймін, – деді Мемлекет басшысы.Кездесуде екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастар талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев сауд компанияларының әлемдік нарықтағы мүмкіндіктері мен тәжірибесін ескере отырып, Қазақстандағы жобаларға белсенді қатысуға шақырды.