«Қауіпсіз өмір» жобасы аясында 2021 жылдың қазан және қараша айларында Павлодардағы Қызыл Жарты Ай волонтерлері облыстың 10 ауданы мен 3 қаласында төтенше жағдайларды ликвидациялау және апат қаупін азайту бойынша іс-шараларды іске асырады.
Волонтерлер тұрғындармен ықтимал қауіп-қатерлерді бағалауды жүргізіп, аумақтардың қауіп-қатер карталарын жасайды. Төтенше жағдайлар кезінде тұрғындардың рөлі мен орнын анықтайды. Жоба «Шеврон» компаниясы және Орталық Азияның Еуразия қорымен әріптестікте «Qolda 3.0» жедел көмек бағдарламасы аясында жүзеге асады. Қазақстанның Қызыл Жарты Ай қоғамы гуманитарлық салада мемлекетке көмекші ұйым бола отырып, мемлекеттік қызметтерге халық арасында апат қаупін азайтуға жәрдемдеседі. Қызыл Жарты Ай волонтерлері төтенше жағдай кезінде зардап шеккен азаматтарға алғашқы көмек көрсетеді. Мұндай қызмет Павлодар облысы тұрғындарына ауадай қажет, өйткені бұл аймақ табиғи және техногенді сипаттағы түрлі төтенше жағдайларға душар. Су тасқыны, қарлы боран, қатты аяз және көктайғақ, орман және дала өрттері жиі қауіп тудырып жатады. Күзгі және қысқы уақытта көктайғақ көлік апаттарының көбеюіне, адамдардың жарақат алуына және өліміне жиі себеп болады.