«Ғажайып» ғимараттар қолжетімсіз
«Ғажайып» ғимараттар қолжетімсіз

Солтүстік Қазақстан облысында мүгедектігі бар адамдарға кедер­гі­сіз орта жасалмаған. Тұрғын үйлер, қоғамдық және өндірістік ғи­марат­тар, әлеуметтік нысандарға кіру олар үшін қиямет-қайым. Жарым­жан адамдар үшін дүкен, дәріхана, сауда орталықтары, ки­нотечатрлар, базарлар, музейлер мен асханалар да қолжетімсіз. Бұл ту­ралы «Nur Otan» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жа­нындағы жұмыспен қамтуды және тұрғындардың әлеуметтік осал топ­тарын қолдау жөніндегі кеңестің отырысында айтылды.

Облыстық Жұмыспен қамтуды үй­лес­тіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасы басшысының орынбасары Марина Маркованың айтуынша, «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында бес жыл ішінде өңірде әлеуметтік және көліктік инфрақұрылымның 1 295 ны­саны бейімделуі тиіс. Әлеуметтік маңы­зы бар нысандардың тиісінше бейім­делуін мемлекеттік органдар мамандары мен партия филиалы өкілдерінен тұра­тын мониторинг топтары ұдайы ба­қы­лауда ұстайды. Жүргізілген мониторинг нәти­же­сін­де көптеген кемшілік анық­талып, оларды жою туралы ұсыныстар енгізілген. Өкінішке қарай, бірқатар кәсіпкер нысандардың қолжетімділігін пандус және шақырту түймешегін орнату ғана деп ұғынады. Сондағы орнатқан пандус­тарының өздері көбіне талапқа сай емес. Пандустың бойлық еңісі талап бойынша 5-8 пайыз болуы тиіс. Алайда кейбір жерде 40 пайызға дейін жетіп, нағыз ұшу жо­лағына айналған. Кейбірінде тұтқа­лары жоқ, бар болса да биіктігі мен ені талапқа сай емес. Шақырту түймешегін орнатпаған нысандар да баршылық. Ең қарапайым осындай талаптар орын­далмай отырғанда есіктердің шыны беттеріндегі ескерту белгілері, Брайль жүйе­сі бойынша бедерлі-нүктелі шрифт­пен жазылған маңдайшалар, ың­ғай­лы есік тұтқалары, дыбыстық хабарландыру, ақпараттық табло, тактильді бағытта­ғыш­тар, бейімделген дәретханалар, бар­лық санаттағы мүгедектерге қызмет көр­сету аймақтары туралы сөз қозғаудың өзі артық. Құрылыс нормалары мен ере­желеріне сәйкес есіктердің кеңдігі кем дегенде 90 сантиметр болуы, табал­дырық­тардың биіктігі 2,5 сантиметрден аспауы тиіс делінгенімен, кей жерде та­бал­дырықтар жарымжан адам үшін ас­қар таудан кем емес. Бір әттеген-айы, кейбір нысандар­дың қожайындары мониторинг тобы мүшелерінің ескертулеріне құлақ аспай­тын көрінеді. Олардың арасында ауыл әкімдері де бары қынжылтады. Мәселен, Жамбыл ауданына қарасты Кладбинка ауылдық округінің ғимаратында ескерту жасалғанына қарамастан, шақырту түймешегі, тұтқалар, мүгедектерге ар­нал­ған үстел жоқ, пандус орнату жөнін­дегі жұмыстар аяқталмаған. «Қазпошта» АҚ бөлімшелеріне де қатысты осындай жағдай қалыптасқан. Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бө­лімі басшысының орынбасары Юлия Бір­жанова да нысандарды бейімдеу жұ­мыс­тарының қарқыны аса мәз емес еке­нін айтып қалды. Бәзбіреулер көз­бояушылықпен айналысып, жарамсыз кө­тергіштер орнататын көрінеді. Ны­сан­ды тиісінше бейімдеуден бас тартқан кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылған жағдайлар да кездескен. Кей­де осындай шарадан соң ғана тиісті жұмыстар қолға алынады. Алайда кеңес мүшелері ауызды қу шөп­пен сүртуге болмайтынын да айтты. Бірді-екілі дүкен, дәмхана, аудандық соттар мен полиция ғимараттары, ауыл клуб­тары, теміржол вокзалдары, автос­танса, жекелеген мектептер мониторинг то­бының ескертулерінен соң ғимарат­тарын талапқа сәйкестендіріпті. Атап айтқанда, табалдырықтар төмендетіліп, есіктер кеңейтіліп, қабылдау бөлмелері бірінші қабатқа көшірілген, көрермендер залында қоларбамен жүретін адамдарға арналған орын бөлінген, санитарлық аймақ тұтқалармен жабдықталған, шекті кедергілер жойылған, еденге тактильді ескерту және бағыттаушы тақтайшалар салынған, дөңес қаріппен және Брайль қарпімен жазылған тақтайшалар орна­тыл­ған, кассада нашар еститіндерге ар­налған индукциялық панель жабдық­тал­ған. Кейбір нысан бойынша кемші­лік­терді жою үшін берілген мерзім кә­сіп­керлердің өтініші бойынша ұзарты­лып­ты. Көру қабілеті бойынша мүгедек адамдарға арналған дыбыстық хабарлау жүйесі бар бағдаршамдар орнатқан ау­дандар бар. Партия филиалы жергілікті атқару­шы органдармен бірлесіп, бұл ба­ғыт­тағы жұмысты одан әрі жалғас­тыр­мақ ниетте. Ол үшін ғимараттардың иелері­мен ұдайы түсіндіру жұмыстары жүр­гі­зіледі, әдістемелік көмек көрсетіледі. Кеңес мүшелері облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен өңірлік бөлімдеріне, сондай-ақ аудандық фи­лиалдар жанын­дағы осындай кеңес­терге Жол картасы­ның толық орын­далуын қамтамасыз ету, мақсатты ин­ди­каторларын орындауға қатысты тәуе­келдер туындай қалса, уақытылы ха­бар­дар етуді тапсырды.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы